«Жаужүрек мың бала» фильмінің монтажері «Еуразия» бірінші арнасы таратқан "сенсациялық" видео қолдан жасалған деп кесіп айтты
«Жаужүрек мың бала» фильмінің монтажын жасағандардың бірі Марат Телеуов «Еуразия» бірінші арнасының жердің сатылуына қатысты наразылық танытқандардың ақшаға сатылды деп айыптаған бейнематериалын қолдан жасалған деп санайды. Бұл туралы маман «фэйсбуктағы» парақшасында мәлімдеді.
«Мен «Жаужүрек мың бала» кинокартинасының монтажын жасағандардың бірімін. Монтаж жасау - менің мамандығым және мен оны оңай айыра аламын. «Еуразия» арнасы қолдан жасалған видеоны таратты. Міне, дәлел. Видеосараптаманы қараңыздар» деп жазған Телеуов телеарна таратқан видеоға жасалған сараптама көрінісін көпшілікпен бөлісті.
Бұл жарияланым әлеуметтік желі қолданушларының қызу талқысына түсті. Үш жүзден астам қолданушы видеоны өз парақшаларында бөлісіп, пікір білдірушілердің ойы екіге бөлінді. Бірі ондай ақпарды таратқан тілшілердің кінәсіз екенін айтса, келесісі Қазақстандағы БАҚ-та мұндай журналистердің жұмыс жасайтынына өкініш білдірген.
Ақпарат ретінде айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын арна тілшілері қазақстандықтарды жерге қатысты наразылық митингіге әлдекімдердің ақша таратуынан соң шықты деп айыптап, тіпті таратылған ақша құнын да жайып салған болатын. Бұл өз кезегінде ел тұрғындарының ашуын келтіріп, тіпті отандық заңгер телеарнаның үстінен сотқа шағымданды.
- Марат Телеуов
- Жаужүрек мың бала
- Жаужурек мын бала
- монтаж
- телеканал Евразия
- Еуразия арнасы
- жер дауы
- митинг
- Корреспондент
- қызық ақпарат