Шымкенттің белсенділері жерге қатысты митинг өткізуге рұсқат бермеген әкімдікті сотқа бермекші
Шымкенттік белсенділерге 21 мамыр күні «Қазақстан жерін сатуға және шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге қарсы» митинг өткізуге рұқсат бермеді деп хабарлайды Азаттыққа белсенді Ибраһим Әлсерке.
Белсендінің сөзінше, бүгін Шымкент қаласының әкімдігінен 21 мамыр күні митинг өткізуге жазылған өтінішіне жауап хат келген.
- Хатта біз сұраған Абай саябағындағы Даңқ мемориалының алаңшасында "Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай шара өткізу жоспарланғандықтан рұқсат бере алмайтыны" жазылған, - дейді белсенді. Ол сонымен бірге хатта митинг өткізудің тәртібі де ескертілгенін де айтады.
- Хатта белсенділермен қала әкімінің кездескені, жер заңына мораторий енгізілгені, қоғамдық комиссия құрылғаны қоса хабарланған. Егер митинг өткізген жағдайда заң бойынша жауапқа тартылатыны ескертілген, - дейді Ибраһим Әлсерке.
Ибраһим Әлсерке ендігі кезекте әкімдіктің үстінен сотқа шағым түсіретіндерін, митинг өткізу туралы өтініштерінде сұралған жер берілмеген жағдайда Ордабасы алаңына жиналатындарын әкімдікке алдын-ала ескерткендіктен 21 мамыр күні митингке шығатындарын мәлімдеді.
Белсенділер 3 мамырда 21 мамыр күні «Қазақстан жерін сатуға және шет мемлекеттердің азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға жалға беруге болмайтындығы туралы халықтың наразылығын жеткізу мақсатында» митинг өткізуге қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың атына өтініш тапсырған еді.
Айта кетейік, биліктің митингке рұқсат бермейтіні туралы ақпаратты бүгін белсенді Данияр Байтілеу де өзінің "фэйсбуктағы" парақшасында жазған болатын. "Біз күткендей митинг өткізуге рұқсат жоқ. Айтары, сол күні сол жерде "Мәңгілік елдің салауатты ұрпақтары" атпен іс-шара өтпекші екен. Ау, айналайындар, жеріңді жекеге сатсаң, Қытайға жалға берсең ширек ғасырға, қандай мәңгілік елдің ұрпақтарын қалдырмақсыңдар?" деп жазды Байтілеу.
- шымкент
- Ғабидолла Әбдірахымова
- Габидолла Абдрахимов
- Акима города Шымкент
- белсенділер
- жер дауы
- митинг
- корресопдент
- қызық ақпарат