Балалар үйінде болған ОҚО әкімінің көңіл-күйі түсіп кетті
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов кезекті сапарын Шымкенттегі балалар үйіне арнап, көңіл күйі болмай қайтты. Оның себебі де жоқ емес.
«№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болған аймақ басшысы ондағы мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайымен танысқан болатын.
Мән-жайды көзімен көрген облыс әкімі мекемеде балалардың ғимарат ішіндегі еркін қозғалуына мүмкіндік беретін пандустың жоқтығын сынға алды. Сонымен қатар, онда ағымдағы жөндеу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегеніне, балалар үшін қажетті жағдайдың жасалмағанына куә болды. Бұл ретте аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның жұмысына көңілі толмай, аталған олқылықтарды тез арада жоюды тапсырды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі басқарма басшысына орталыққа келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, мекемені еуропалық стандарттарға сәйкестендірілген заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіп, жұмыс жүйесін жаңартуды жүктеді.
Айта кетейік, бүгінде аталған мекемеде жасы 3-тен 18-ге дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар 252 мүгедек бала арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз етілуде. Оларға 300-ге жуық маман емдік шараларын жасап, тәулік бойы қызмет көрсетеді.
- қызық ақпарат
- Корреспондент
- ОҚО әкімі
- Аким ЮКО
- Бейбут Атамкулов
- Бейбіт Атамқұлов
- іссапар