Балаларын репетитор жалдап оқытып жүрген депутат Тілеухан мектеп оқулықтарын Қожанасырдың хатына теңеді
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан мектеп оқулықтарын Қожанасырдың хатына теңеп, еліміздің бас педагогынан оқыту жүйесін түбегейлі өзгертуді талап етті, деп хабарлады КТК арнасы. Себебі қазіргі кітаптардың мазмұнын балалары түгілі, мәжіліс депутатының өзі түсіне алмай қиналып жүр екен.
- Біздің үйде жағдай қиын. Өйткені менің 3 балам мектепте оқиды. Мен мектепті медальмен бітіргенмін. Политехникалық институтты бітірген адам ретінде кітапты түсіне алмаймын. Оқулық Қожанасырдың хаты сияқты. Біз көз алдымызда ұрпақты мүгедек қылып жатырмыз. Кез-келген оқулықты ашсаңыз, қате өріп жүр. Оқулық ешқандай сын көтермейді,- деді депутат.
Мәжілісмен балаларын қыруар қаржыға репетитор жалдап оқытып жүр екен. Ал мұндай артық шығынға ақшасы жоқтар не істейді деп сұрады Білім министрінен. Депутаттың айтуынша, кітап басып шығару ісіне кәсіпкерлерді мүлдем жолатпау керек. Өйткені, бизнесмендер ақша табуды ғана көздеп, оқулықтың сапасына салғырт қарайды. Яғни, мектептегі кітаптарды ғалымдар жазып, оның ішкі мазмұнына Білім және ғылым министрлігі тікелей жауап беруі керек. Одан өзге Тілеухан мұғалімдердің де деңгейі өте төмен болғандықтан мектептерде білім беруге емес, түрлі концерт, киім тігіп кию, қыздардың шашын сәндеу сынды пайдасыз дүниелермен уақыт өткізіп жатқанын айтып салды.
- Бекболат Тілеухан
- Бекболат Тилеухан
- мәжілісмен
- Мәжіліс депутаты
- мектеп оқулықтары
- ҚР Білім және ғылым министрі
- Корреспондент
- қызық ақпарат