Жылды жемісті қорытындылады
- Айдын СӘТЖАН
Мақтарал ауданында іргесі сонау өткен ғасырдың орта шенінде құрылған жергілікті ақын-жазушылардың қоғамдық бірлестігі көптеген игі істердің ұйытқысы болып келеді. Қаншама таланттардың тұсауын кескен бірлестік бір кездері жас ақын-жазушылардың топтама жинағын да шығарды.
Ақын Мейірбек Әлібекұлының бастамасымен өмірге келген бірлестік ол қайтыс болғаннан кейін сол кісінің атымен аталатын болды. Яғни, 2007 жылы қайта құрылып, оған ақын-сазгер Мұхтар Құралов жетекшілік етсе, белгілі журналист Боранбай Құдияров оның орынбасары ретінде белсене атсалысып келеді. Бұл бірлестікті үлгі етіп жатқандағы айтпағымыз – өзге аудандарда да осындай ұйымдар құрылса, егер бар болса жұмысын жандандырып, жас таланттардың танылуына ықпал етсе екен деген ізгі ниет еді.
25 желтоқсан күні бірлестіктің ұйымдастыруымен жылды қорытындылайтын басқосу өтті. Негізгі мазмұнына келетін болсақ – бірлестік жетекшісі Мұхтар Құралов өзінің сиясы кеппеген жаңа кітабы – «Сағыныш саздарының» тұсаукесері арқылы өнерсүйер қауымға әсері мол рухани кездесу ұйымдастырып берді. Әрі өнердің өрістеуіне, әдебиеттің өркен жаюына өзіндік үлес қосқандарды марапаттау арқылы ынталандыра түсті. Сондай-ақ, ақын-жазушы Әлібек Мейірбекұлы мен журналист Жұмагүл Асабаева атындағы сыйлық тағайындай отырып, өмірден өткен олардың да әруағын ұлықтай білді. Атап айтсақ, белгілі ақын, жазушы Махамбет Сапармұратов, Оразқожа Бекахметов, Бақтыгүл Ауданова «Әлібек Мейірбекұлы медалімен» марапатталса, ақын Ағман Сабырханұлы мен журналист Болат Көмеков «Жұмагүл Асабаева медаліне» ие болды. Сондай-ақ, әдебиетке сіңірген еңбегі үшін көптеген өнер адамдарына бірлестіктің Алғыс хаты мен арнайы громатасы тапсырылды.
- Мақтарал ауданы
- жеміс
- Мейірбек Әлібекұлы
- ақын