Валентин күнімен құттықтаған шымкенттік полицей өзіне арналған эстафетаны көріп, қуанып кеткенін айтты
Шымкенттік жүргізушілер жергілікті полицейлердің қаланы терезелері күңгірттеген көліктерден тазарту мақсатында қолға алған шарасына шамаларының келгенінше қолдау көрсетіп жатыр. Тіпті ол үшін арнайы эстафетаны бастап кетті. Оны көпшілікке жария ету мақсатында видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жария етуде. Ең алғашқы видео «инстаграм» желісінде пайда болды.
Онда жас жігіт темекі тартып тұрып, «Дима, братан, это чисто посвящается тебе» деп көлік терезесіндегі жапсырманы жұлып алып тастайды. Ал видео астына «Новая эстафета! Снимайте сами тонировку и будьте законопослушными гражданинами» деп жазба қалдырған. Желі қолданушылары жас жігіттің бұл әрекетіне қатысты түрлі пікірлер жазды. Тіпті бірі «Данияр Мейірхан (лақап аты Дима) мырзаға арналады» дегендер де табылды. Мұнан соң осы секілді видеолар көптеп пайда болды. Бұл эстафетаны келемежге айналдырғандар да бар.
Шымкент қаласы бойынша жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан болса, өзіне арналған бұл әрекетін көріп, қуанып кеткенін жасырмады.
«Қала тұрғындарының қолдауын көріп қуанудамыз! Кез-келген өзгерістер екі жақтама болуы тиіс, біздің тарапымыздан және xалық тарапынан. Эстафета жасап, заңды қолдап жүрген жастарымызға шексіз алғысымды білдіремін»,-деді Данияр Мейірхан.
Ақпарат ретінде айта кетейік, Данияр Мейірханның басшылық қызметке тағайындалғанына тура бір апта болды. Жаңа жұмысына кіріскен ол 14 ақпан күні Валентин күнімен құттықтап, жұртты таң қалдырған болатын.
- Данияр Мейрхан
- Шымкент полиция
- эстафета
- қызық ақпарат