Шымкентте 4 жасар бүлдіршін спирттік ішімдік салдарынан комаға түсті
Шымкентте төрт жасар бүлдіршін алкогольдік ішімдік салдарынан ауруханаға жеткізілді. Осыдан үш күн бұрын ол алкогольді комаға түскен. Бұған дәрігерлердің өздері де аң-таң. Ақ халаттылар бүлдіршіннің асқазанын шайып, жан сақтау бөліміне жатқызыпты. Бұл туралы ТВК арнасы хабарлады.
Бүгінде науқас баланың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен бүлдіршіннің ішкі органдары мен миы қатты зақымдалғанына дәрігерлер алаңдаулы. Ол үшін ұзақ мерзімді емдік курстары қажет. Ауруханаға түскен баланың ата-анасының сөзіне сенсек, олар үйде болмаған кезде бүлдіршінге үшінші сынып оқитын ұлдары қарап отырған. Балалар тоңазытқыштағы спирттік ішімдікті алып ішкен. Дәрігерлердің айтуынша, Шымкентте мұндай оқиға жиі болмаса да орын алып тұрады және барлығы да ата-ананың өз балаларына жүрдім-бардым қарау салдарынан болады екен.
- шымкент
- алкоголь
- дети
- қызық ақпарат