Мемлекеттік сыйлыққа лайық актер жоқ немесе Өкіметте лайықтыны анықтайтын есті адам жоқ...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сенбi, 20 ақпан 2016

 Кіру / Тіркелу

Мемлекеттік сыйлыққа лайық актер жоқ немесе Өкіметте лайықтыны анықтайтын есті адам жоқ...

  • Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Екі жылда бір рет берілетін Мемлекеттік сыйлықтың болар-болмас сыбысы шыққаннан-ақ руханият әлемі елеңдеп, құлағын қайшылап, қопаңдай бастайды. Екі жылда бір рет өзіміз күткен саладан ең құрығанда екі иегер иеленіп риза болғанымызбен, көңілі толмай күңкілдегендер мен атты адамды аударып түсірердей ашуланғандардың тұтас әскері түзіледі. Мемсыйлықты белгілеген комиссияны тап қазір шауып алардай шабынып, шаптығып жүреді олар. Жарайды, сыйлық пен сөлкебайлар үлестірілетін науқанның келер күні де алыс емес, өкпелей-өкпелей өкпесі тесілуге айналып, жанкештілер жауыр еткен әдебиеттің айналасындағы аламанды былай ысырып, бір қолдың саласындай бірігіп кеткен театр мен киноны сөз етейікші. 

Театрдың басты өнімі – спектакль, ал өнімді әзірлейтіндер актерлер болса, бұл мәртебелі сыйлық облыстық драма театрларға ат ізін салмайтыны былай тұрсын, әкемтеатр аталған М.Әуезов атындағы қарашаңыраққа қара көрсетпей кеткеніне он бес жылдың жүзі болыпты. Ең соңғы болып алған Сәбит Оразбаевтан кейін мерей тасытар мемсыйлық ешкімге маңайламай кеткен. Сахна сайыпқырандарының базбірі сұхбат беріп отырып: «ақ тер-көк теріміз шығып ойнағаннан кейін актер атанғанбыз» деп қалжыңдағаны бар. Ақ терін ағызып, қара терін шүмектетіп тұрып ойнап, талантымен танылғандардың, табындырғандардың араларында осы сыйлыққа лайықты біреуі табылмады дегенге сену қиын-ақ. Расымен, сахнадағы жанкешті еңбегі сыйлықпен жарасым табатындай актер жоқ па, әлде министрлікте еңбекті бағалайтын есті адам табылмай тұр ма? 

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық жалпы жұртшылық таныған, халыққа саналы тәрбие беруге жәрдемдесетін, неғұрлым талантты, жоғары идеялы, аса көрнекті әдеби туындыларды көтермелеу мақсатында 1966 жылдан бастап беріле бастады. Ал, 1971 жылдан бастап бұған өзгеріс енгізіліп, өнер мен архитектура салалары қосылған. Содан бері кино мен театр салалары бойынша бұл сыйлық саусақпен санарлық әртістерге ғана бұйырған. Бұл көшті кинодан 1968 жылы Шәкен Айманов, «Атамекен» фильміндегі қария бейнесі үшін Елубай Өмірзақовтар бастап, 1972 жылы «Қыз Жібек» фильмі қостап, «Ана туралы аңыз» фильміндегі басты образ үшін Әмина Өмірзақова жалғап, кейінірек «Көзімнің қарасы» фильмі үшін Сатыбалды Нарымбетов және тағы басқа бірді-екілі «киношникке» берілген. Ұлттық киноның атасы атанған Шәкен Аймановқа бүгінде жасы жетпіске жеткен, бірақ ол кезде қылшылдаған жігіт жасындағы режиссерлердің бірі: «сыйлық алайық десек, жол бермей, кес-кестей бересіз» деп қатты кейіпті. Ашулы інісінің сөзіне Айманов күлген де қойған. Бірақ шедевр жасаудың шебері, «жол бермей» жүрген Аймановтың көзі кетті, өкпені қысып, тынысты тарылтқан ауа кеңіді, әлгі таласып, таңы атпай жүргендер қайда жүр, неге алмайды деген заңды сұрақ туады. Өкінішке қарай, содан бері бүк түсіп, жатып қалған дертті адамша қазақ киносы да кейіпкерінің ішкі дүниесін ашып көрсететін бір толымды дүние тудыра алмайтын кеселге ұшырады. Әртүрлі соқпаққа бір түсіп, өз жолын таба алмай келе жатқан кинодан бас көтеріп шыққан я бір режиссер, я бір туынды табылмай тұр. Артқы буынның бәрі Айманов бола алмайтынына көзі жеткендей мемсыйлықты беретін комиссия мүшелері де фильмдерді сарапқа салудан бас тартып, кино өнерін ұзақ жылдарға жылы жауып қойған ба, бір адамның атын атамай діңкелетіп тұрғанына біраз жылдың жүзі болды. Кезекті фильмі көрерменімен қауышқан сайын басы арылмас дауға қалатын Ермек Тұрсыновтың есімі «екі жылда бір берілетінге» ең лайықты үміткер ретінде аталып еді. Тұрсыновты түсінетіндер «оның түсірген дүниелері фильмнен де жоғары деңгейде, әрқайсысы өз алдына жеке философиялық трактат, әттең бағалайтындардың ішінде мұны біліп жатқан біреу бар ма?» деп, қолында тұрса қазір-ақ табыстағылары келеді. Алайда ұлтына қатысты азаматтық позициясын әртүрлі ракурста, терең пайыммен көрсетуге талпынып жүрген Ермекке әзір ешкім ештеңе берейін деп тұрған жоқ. Ақсақал сыйлап, кезегін күтетін ескі әдеттің тамырына балта шабылып, соңғы уақытта мемсыйлықтың «жасара» бастағанын әдебиет әлемі байқатып үлгерді. Кинода да шетелді шулатып, таңдай қақтырып келген туынды табылып жатса, бермей қайда баратын еді? Өйткені Ш.Аймановтың өзі КСРО-ның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанғаннан кейін аттай алты жыл өткен соң ғана Қазақстанның Халық артисі атағы мен Мемлекеттік сыйлығын алған екен. Өз елің мойындау үшін алдымен сені өзге жұрт мойындау керек. Бұл қисынға салғанда, «тарих» тағы қайталанып, Ермек шетелдің дақпырты, даңқы күшті бір сыйлығын сүйреп келсе, мұндағылардың бермеске әдділері де қалмайтын шығар...

Киноның ерекшелігі – ол үнемі назарда, халықтың да, комиссияның да ол туралы жақсы-жаман пікірі мен ақпараты болады. Ал, театрға ондай мүмкіндік берілмеген. Егер театр әртісі не режиссері Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатса, сыйлықты беру жөніндегі комиссия құрамындағы мүйізі қарағайдай 26-27 дөкей жиылып келіп, сахнадан сол үміткердің жұмысын зер салып, мұқият қарайды дегенге жас бала да сенбеген болар еді. Осындайда Герольд Бельгердің айтқаны еске түседі. Гер-ағаң қайбір жылдары Мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөніндегі комиссияның құрамына мүше болып белгіленеді. Не керек, аламанға атын қосып, үмітін үкілеп отырған ақын-жазушылардың сыйлыққа ұсынылған шығармаларын бір жыл бұрын жинап алып, қолына жуан қаламын алып, астын сызып, шетін түртіп дегендей, жастанып жатып оқиды. Оқып қана қоймайды, көкейге түйіп, қағазға түрткен ойлары қалың бір блокнот болады. Сөйтіп комиссияның алғашқы күнгі отырысына біреулерінің ит терісін басына қаптап, енді бірінің әбден лайық екенін айтуға дайындалып келеді. Екі иығын қомдап, әрең шыдап, сөз алмаққа оқталып отырғанда, жанына жайғасқан Қадыр досының көзі кереқарыс блокнотқа түсіп, ақырын ғана бүйірінен түртеді. «Мынауың не?», дейді талайды көрген тісқаққан ақын. «Шығармалар туралы түйінді ойым мен пікірім». Мырзалиев мырс етеді. «Әй, Гереке-ай, сенің ойыңды біреу сұрайды деп ойлайсың ба? Әркім өзі дауыс беретін адамын әлдеқашан анықтап, шешіп қойған. Қазір дауысқа салғанда қолдағаныңды не қарсылығыңды білдіріп қана дауыс бересің». «Қалай сонда, шығарманы оқымай жатып сыйлықты бере сала ма?» «Мыналар соны оқиды деп тұрсың ба? Әрине, оқымайды. Жерлесі, руласы, туысы, досы болса, болды, кермеге аты бірінші болып келді дей бер, жеңіс соныкі». Ұпай белгілеуде ұяттың туы жығылып, обалдың оңбай таяқ жейтінін өз көзімен көрген Гер-ағаңның қазақтардың тірлігіне бас шайқағаннан басқа амалы қалмайды... 

Театр саласының басында да тап осындай жағдай. Әдеби шығармаға оқымай-ақ бәйге үлестіріп жатқандар актер мен сахна туындыларының анық бағасын беруді қажеттілік санаудан қалғанына жиырма жылға жуықтады. Келмей тұрып, спектакльді көрмей тұрып олар бір-ақ себеп айтуы мүмкін: спектакль жақсы, бірақ Мемлекеттік сыйлыққа тарта алмайды! Комиссия мүшелеріне спектакль қарағаннан гөрі режиссерінің фамилиясына қараған әлдеқайда «түсініктірек». Спектакльдің жақсы-жаман екенін режиссер мен драматургтың фамилиясы айтады. Фамилия дегеннен шығады, осыдан оншақты жыл бұрын суретшілерге белгіленген екі бірдей Мемлекеттік сыйлық иесін таппаған күйі табысталмапты. «Бұл суретші деген халық қызық екен өзі. Көрер көзге бірін-бірі мақтағанда сұмдық енді. «Ал, енді мықтың қайсы еді, берейік» дегенде, ауыздарын қу шөппен сүртіп «ешкім жоқ» дейді. «Туындысы бәлен деген картинаның көшірмесі», «тақырыбы ескі, жаңашылдық жоқ», «бұрынғы жұмысын ұсыныпты, ескіріп кеткен» деген сияқты мың сан сылтау айтып, ақыры бергізбеді. Анау Телжанов деген суретші осыны айтып, зарлап-зарлап қойды. Құлақтарына іліп жатқан бір қамқоршысы жоқ бұл саланың» деп қамыққаны бар еді сол комиссияға мүше болған бір ағамыздың. Қаржысы қомақты, атағы одан да асып, жер жарған бұл мәртебелі сыйлықты иеленетіндердің өз сүйеушісі мен қолтығының астына алатын қолдаушысы роль ойнайтын саясат тұрғанда, сыйлық беру форматы өзгеріссіз қала береді. 

Сыйлық дейміз-ау... Осы сыйлық әу баста «Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық» деп аталған еді. Қазір тек Мемлекеттік сыйлық деп қана аталып жүр. Қырғыз елінде Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттік сыйлығы, Ресейде М.Шолохов атындағы Мемлекеттік сыйлығы, Татарстанның Ғабдолла Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлығы, Украинаның Тарас Шевченко атындағы Мемлекеттік сыйлығы, Осетиннің Коста Хетагуров атындағы, Түркімен Республикасының Мақтұмқұлы атындағы Мемлекеттік сыйлығы табысталып келеді. Тәуелсіздік туып, Абайдың атын асқақтататын кезде абыройы биік сыйлықтың иесін итеріп тастап, шолтаңдатып отырған түріміз мынау. Мәртебелі аты мемлекеттің айбары болуға лайық ұлының атын бір мысқалға болса да ұмыттыру үшін жасалып отырған жымысқы әрекет кімдердің тарапынан жасалып отыр? Кейбір көлденең көк аттылар мен желөкпелердің басына жиіркенішті жолмен алдамшы бақ болып қонып жатқан соң ұлттың ұлысының аты қорланбағаны бір есептен дұрыс та шығар дегің келеді. Бірақ ұлы Абайдың атына бәрібір бір сыйлық керек және ол ең жоғары, ең мәртебелі сыйлық болу керек. Бұл сыйлық ғылым мен техника саласындағы үздіктерге Шоқан Уәлиханов пен әл-Фараби атындағы сыйлық деп беріліп жатыр, ал Абайдың асқақ атын әдебиет пен өнердің бірегейлері биіктеткені дұрыс. «Бірегейдің» аты да, туындысы да Абай атына шын лайық болса, әрине...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Айжан
0 Айжан 07.01.2016 11:51
Мемлекеттік сыйлықты беретіндер пәленшелердің фигурасына, түріне, көзіне, күлкісіне қарап беретін болғалы қашан...
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

Шымкенттік жүргізушілер полицейлерді таң қалдырды

Шымкенттік полицейлер қаладағы көлік жүргізушілерінің жедел жәрдем қызметіне қаншалықты құрметпен қарап, жол беретінін анықтау мақсатында әлеуметтік эксперимент ролигін түсірді. Бір қызығы, нәтижесінд...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Отандық азық-түлік сатып алған Назарбаевтың төлеуге ақшасы жетпей қала жаздады (видео)

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қалтасына 5 мың теңгеден артық ақша салып жүрмейтін болып шықты.

Korrespondent.kz Саясат

Бердібек Сапарбаев қар тазаламаған қызметкерлеріне ұрсып тастады (видео)

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коммуналды шаруашылық саласының қызметкерлеріне ашуланғаны соншалық, эмоциясын жасыра алмады. Бұл туралы youtube.com хостингіне Асқар Ақтілеуі есімді азаматты...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Елбасы орысшаға қазақ тілінде жауап беретіндерді жұмыстан қуатынын айтты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орысша хатқа қазақ тілінде жауап беретіндер жұмыстан қуылатынын ескертті. Бұл туралы SN.KZ хабарлады. 

Korrespondent.kz Саясат

Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

88
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

88
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №3

79
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №2

86
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №1

79
Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter