Жемісті жыл болды
- Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
Өткен жылды Сайрам ауданының диқандары жақсы нәтижемен аяқтаған. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі берген мәліметке сенсек, сайрамдықтар 2015 жылдың он бір айында 200 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін жинапты.
Оның 35 860 тоннасы дәнді-дақыл өнімі. Бұл орташа есеппен диқандар әр гектардан 22 центнерден дәнді-дақыл алды деген сөз. Одан өзге егін шаруашылығын кәсіп еткендер 108 мың тонна көкөніс (қияр, қызынақ, пияз, қырыққабат, сәбіз, болгар бұрышы), 47 мың тонна картоп, 2760 тонна жеміс-жидек, 3200 тонна жүзім, 1541 тонна бақша дақылдарын алған. Ал жиналған мал азығының көлемі 208 мың тоннадан асады. Ақпар ретінде айтар болсақ, 2015 жылы егіс алқабындағыларға жеңілдетілген бағамен 3144 тонна тыңайтқыш пен 1755 тонна жанар-жағармай берілген.
Қазығұрт ауданындағы шаруалар да жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Олар 41 мың гектар жерден 100 891 тонна астық жинады. Көбіне астық және мал шаруашылығымен айналысатын аудан «Алтын күз-2015» мерекесінде астық өндіру бағыты бойынша көш бастаған болатын. Мал шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлық нәтиже бар. Он бір айда қазығұрттық шаруалар 9 мыңдай ірі қараны бордақылаған. «Сыбаға» бағдарламасы 137,5 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 125,4 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы 120 пайызға, асыл тұқымды бұқа сатып алу тапсырмасы 293,3 пайызға орындалған.
Табиғаты көпті тамсандыратын Түлкібас ауданы ауыл шаруашылығын саласын дамытуға қолайлы аймақ. Мұнда да шаруалар жылды жақсы көрсеткішпен аяқтады. 2015 жыл әсіресе алма шаруашылығын кәсіп еткендер үшін аса жемісті болды. Польша мен Қазақстан арасында өнімді алма бақтарын құру мақсатында түзілген меморандум арқасында Түлкібас ауданындағы 500 гектарға алма ағашы отырғызылған. Нәтижесінде Түлкібастағы 2300 гектар алма бауы ұлғайып, көлемі 2800 гектарға жетті. Жиналған алма өнімі 2 мың тоннаға жуық. Айтпақшы, былтыр ауданда 4 кәсіпорын іске қосылған. Олар: түрлі нан өнімдерін шығаратын «Түлкібас нан», 6 түрлі сусын шығаратын «Кристал-су», алмадан сусын әзірлейтін «Арсен-ас» және «Бәйтерек-4» кәсіпорындары.
- жемістер
- Сайрам ауданы
- диқандар
- Қазығұрт ауданы
- ОҚО