Екеудің қақтығысы ғаламдық қақтығысқа айналмасын...
- Мырзахан Байболов
Дүниежүзілік соғыстарды өткен ғасырда екі дүркін бастан кешірген адамзат қазіргі таңда және бір жаһандық қақтығыстың табалдырығында тұрғандай сезілуде. Құдай сақтасын деік. Бұл жолғы өзгешелік – ақпарат соғысы өрістеп, мылтықсыз майдан алғы шепке шықты. Түркия мен Ресей арасында орын алған соңғы жағдайдың жаңғырығы сөзімізді дәлелдей түседі.
Түркия шекарасында атып түсірілген Ресейге тиесілі СУ-24 типті әскери ұшақтың дауы мен дақпырты әлем назарын аударып, қарама-қайшы ақпараттар текетіресі басталып кетті. Түркия билігі оқ ату себебін өз әуе кеңістіктерінің Ресей тарапынан дүркін-дүркін рұқсатсыз бұзылуымен түсіндірді. Тарқата түссек, Түркия мен Сирия арасында 911 шақырымдық шекара бар. Көрші мемлекетте 2011 жылдан бері жүріп жатқан соғысқа байланысты қауіпсіздіктерін ойластырған түріктер, арнайы «Келісім ережесін» жасаған. Ережені ескертусіз бұзғандарға тиісті шара көріледі. Әскери ұшақтың Ресейге тиесілі екендігін білмегендіктерін, пилот та он реттік ескертуге құлақ аспағаннан кейін аталмыш ережеге сай әрекет еткендерін алға тартуда. Әлбетте, бұған қарсы Ресей де өз аргументтерін ұсынып, ақпарат айдынындағы әлеуеттерін кеңінен қолдануда.
Бейімбет атамыздың: «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» - дегеніндей, пәленің басы ДАИШ-тің (ИШИМ) пайда болуында жатыр. Мұнымен сабақтас, Сириядағы Башар Асад билігіне қатысты көзқарас пен ұстанымдардың да қайшылығы үлкен текетірестерге жол ашуда. Ұшақтары құлатылған соң, Ресей билігі ДАИШ-ке қарсы күрестегі одақтастары тарапынан желкеден пышақталғандарын алға тартты. Сондықтан да ресми Анкара алғаш қадам жасап, телефон келіссөзіне ықылас танытса да Мәскеу жауап қатпады. Одан кейін екі елдің лидері дүйсенбі күні Парижде кездесіп, түйінді тарқатады деп күтілді. Дегенмен, күткен кездесу жүзеге аспады. Бұл арқылы қату қабақтарының жіби қоймағандарын аңдатқан Ресей тарапы тіптен Түркия билігіне «ДАИШ-тен жең ұшынан жалғасып, мұнай алады» -деген ауыр айып тақты. Қаншалықты рас екенін уақыт көрсете жатар, дегенмен мұны жала жабу ретінде бағалап отырған Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мәселеге қатысты нақты пікір білдірді. Айып тағушылар болжамдарын дәлелдеп бере алған жағдайда қызметінен кететіндігін мәлімдеді. Есесіне, дәлелдей алмайтын болса қарсы тараптың да орын босату мәселесіне дайын болуы қажеттігін салмақтай сөйледі.
Сөз басында адамзаттың алаңдаулы күй кешіп отырғанын атап өттік. Бұл ретте медианың мазмұнды қызметінің мәні зор. Халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету талабы күн сайын артып келеді. Себебі, қарапайым жұрт ақиқатты білгісі келеді, бейбітшіліктің қисыны кетпеуін тілейді. Қазақ еліне бауырлас түрік халқы да, көршілес Ресей елі де жат емес. Мүмкін болса екі алып мемлекеттің тату достықта болғанына не жетсін. Алайда, геосаяси ойындар мен қақтығыстар бұған әл-әзір мүмкіндік бермейтін сыңайлы. Қалай болғанда да екі тараптың мәмілеге келуін тілейік.
- игил
- турция
- ұшақ