Нұржановтың інісі үмітті ақтады ма?
- Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Осыдан бес, он жыл бұрын оңтүстік халқы Омарбек Нұржановты жақсы білетін. Соңғы кездері саясат сахнасынан көрінбей кеткені болмаса кешегі күнге дейін Омекеңнің аты әр-әр жерден айтылып қалатын. Мақтарал, Сарыағаш сияқты іргелі аудандарды басқарған азаматтың ізі әлі күнге дейін сайрап жатыр. Жастайынан мемлекеттік қызметке араласып, зейнет жасына шыққанға дейін абыройлы қызметтің құлағын ұстаған кәнігі саясаткер соңғы жылдары Мақтарал аудандық мәслихатының хатшысы ретінде де біраз танылғаны бар.
Міне осы Омекең өзі қызметтен кеткенімен оның ізін ізбасар інілері жалғастырып келеді. Осыдан үш жыл бұрын Шардараның тізгіні Қамытбек Айтөреевке тигенде көпшілік оны Омарбек Нұржановтың інісі ретінде таныды. Иә, фамилиялары әр қалай болғанымен екеуі бір әке-шешеден екені рас. Әлі күнге дейін Айтөреевтың аты-жөнін есіне түсіре алмағандар «Е, баяғы Нұржановтың інісін айтасыңдар ма?» деп есіне түсіріп жатады. Осылайша Шардараның әкімі Қамытбек Айтөреевті көпшілік Омарбек Нұржановтың інісі ретінде біледі. Мәселе кім-кімнің інісі екендігінде емес, десек те «іні ағаны ұятқа қалдырмай, елдің үмітін ақтады ма?» деген сауалға келгенде тосыла беретініміз тағы бар. Айтайын дегеніміз, міне, осы еді.
Дәл қазір барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар «електен» өтіп жатыр. Жыл он екі ай жұмыс істегендер осы бір тұста атқарған еңбектеріне қарай марапатталып жатқаны белгілі. Бірақ, қой жылы Қамытбек әкімге қолайсыз болды ма, әйтеуір жылдың соңын Тәртіптік кеңеске жауап берумен аяқтады. Өзінен бастап, қарамағындағы қызметкерлеріне дейін Тәртіптік кеңес мүшелерінің алдында «терлеген» олар біраз заңсыздықтарға барған көрінеді. Әсіресе, жер бөлуге байланысты былықтың салмағы басымдау болса керек, кеңес мүшелері міне осы тақырыпқа көбірек шүйлікті. Шардаралық шенеуніктер өз уәждерін алға тартып, ақталумен болды. Тәртіптік кеңес мүшелері Шардараның әкімінің шаруасын басшысына, яғни облыс әкімінің құзырына қалдырды. Кейінгі кезде тәуелсіз газеттердің тұрақты тақырыбына айналып, сыннан көз ашпай қалған Қамекеңді Б.Атамқұлов та басынан сипай қоймас.
Сарапшылар мен саясаткерлер осы бір «өткелдің» үстінде тұрып, оң-солына көз жібертетіні бар. Журналистер де жан-жағына зер салып, өткен-кеткенді өздерінше екшеген болып жатады. Мерзімді басылымдарды парақтай бастасаңыз әр өңірдің әкіміне байланысты елдің берген жақсылы-жаманды бағасы жарияланып жатыр. Осы орайда біздің бүгінгі тақырыпты көтеріп жатқанымыз да бекер емес. Өйткені Омекеңнің інісі, яғни Шардараның әкімі Қамытбек Айтөреевтың аудан тізгінін қолға алғанына бақандай үш жыл болса да ел әуезе етіп айта жүретіндей ілкімді ісін естімегенімізді несін жасырайық. Қайта ол кісінің «адресіне», ол кісі басшылық етіп отырған ауданға қатысты беймаза әңгіме көбейіп кеткен сияқты ма, қалай өзі? Шымкенттен шығатын «Ашық ақиқат» деген газеттің айтқандары рас болса, Шардарада пәленбай миллионға салынған қант зауыты да, күріш зауыты да, тіпті май сығатын цех та лентасы қиылғаны болмаса жергілікті халықтың әжетіне жарап үлгермей жатып жабылып қалған. Қант зауыты жұмыс істеу үшін оған шикізат, яғни қант қызылшасы керек. Шардараның жеріне қызылша қаншалықты жақсы өсетінін тереңірек зерттемей жатып зәулім зауыт салу кімге керек? Ол аз десеңіз, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттен берілетін субсидия төңірегінде де әңгіме көп. Бәлкім, қант қызылшасын еккіштерді де мемлекеттің беретін субсидиясы көбірек қызықтырды ма екен? Кейінгі кездері гектарлап жүзім егіп жатқанына қарағанда бұл өніміңізге берілетін жәрдем де жаман болмағаны да. Бірақ, біз тек егіп, субсидияға берілетін ақшаны ғана есептеп қоймай, оның ертеңгі күні көгеріп, өнім беруіне де жауапты екенімізді естен шығармайық.
Сол сияқты, Айтөреевтың кадр саясатына да сын айтатындар аз емес. «Замана» газеті Шардарадағы құрылыс бөлімінің бастығының «былығы» жайлы аз жазған жоқ. А.Иманов атындағы мектеп директоры да заңсыз босатылғанын бір жылдан кейін сот арқылы өзінің ақтығын дәлелдеп, жұмысына қайта келді. Айтөреев тағайындаған «ЖҚХ-ның» жап-жас бастығы да «беліне байлаған шоқпарды көтере алмай» ақырында жұмыстан кетті. Соңғы мәліметтерге қарағанда заңдылықты қадағалаушы орган Шардараның шенеуніктеріне қатты шүйліккен көрінеді. Тіпті, жер телімін алу үшін тізімде тұрғандарға берілген жердің «заңдылығы» прокуратура тарапынан тексеріліп, біраз «былықпайлардың» беті ашылғанға ұқсайды. Міне осындай қадау-қадау мәселелер қойсын ба, бүгінде «іс» Тәртіптік кеңеске кеткен көрінеді. Жаңа жылдың қарсаңында жеткен жетістіктерін айтып, ел алдында абыройлы болып отырудың орнына қайта-қайта Шымкентке шапқылап, көке-жәке жағалап жүруді ешкімнің басына бермесін деп тілейік. Облыс тізгінін жаңадан қолға алған Б.Атамқұлов мырза да құлағының тыныш болғанын қалайды. Ол үшін айналасындағы кадрлардың іскер, ертеңгі күні ұятқа қалдырмайтындай болғанына не жетсін. Бірақ, біз сөз етіп отырған Омекеңнің бойынан ондай іскерлік табылса да, оның інісі Қамытбек Айтөреевтен ел онша байқай алмай жатқан сыңайлы.
Шардара орталықтан шалғай жатқаны болмаса даму потенциялы жоғары екенін айту керек. Жайылым жері кең, егістік алқабы да аз емес, ағын суға да қарық болып отырған өңірдің халқы да еңбекқор екенін екінің бірі біледі. Бірақ, осыншама мүмкіндіктері бола тура Шардараның шаруасы неге шатқаяқтап қала береді? Облыс бойынша даму көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Демек, елді жұмылдыра алатын, артынан ерте белітін білікті басшы керек. Жақсы әкім жұмысын, өзінің іскерлігін көрсету үшін көп уақыт керек емес. Айналдырған бір-екі жылда елдің сеніміне кіріп, құрметтісіне айналу үшін осы уақыттың өзі жетеді.
Міне, осылайша Қой жылы да өзінің берерін беріп, көрерін көріп, тарих атты түңғиықтың төріне қарай ақырын аяңдады. Басшылары іскер, елжанды елдің бұл жылдан алып қалған үлесі аз емес. Келіп жеткен Мешін жылының да «пейілі» тарылмасын деп тілейік. Көш жүре түзеледі дегендей, өткен жылда олқы кеткен тұстарымыз болса есесін Алла биыл толтырсын...
- Омарбек Нұржанов
- Қамытбек Айтөреев
Пікірлер


