162 миллионға 4 қабатты үй салды
- Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Біз өткен нөмірлеріміздің бірінде Арыс қаласы әкімдігінің ғимараты 150 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтіп жатқаны жайлы мақала жазып, бұндай қыруар қаржыға бір мекемені «ремонттап» қана қоймай жаңадан зәулім үй салуға болатынын шамалаған едік. Ішкі есебіміз алдамапты, арада ай өтпей жатып Арыс қаласына көршілес жатқан аудан - Шардарада осы 162 млн, 182 мың теңгеге 24 пәтерлі 4 қабатты үй салынып, пайдалануға берлігенін білдік.
Шардара жақтан келген, сиясы әлі кеппеген мына ақпаратқа назар аударыңыз: «Елбасымыздың тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан бағдарламалардың бiрi – «Қолжетiмдi тұрғын үй» бағдарламасы. Аталған бағдарламаның негiзгi мақсаты – елiмiздiң тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету. Бағдарлама аясындағы баянды жұмыстар бiздiң ауданымызда да өзiнiң жақсы жалғасын тауып келедi. Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында 24 пәтерлi көпқабатты үйдiң пайдалануға берiлуi сөзiмiздiң айқын дәлелi бола алады.
Қала орталығынан (Орталық аурухананың маңы) орын алған үйдiң құрылысына облыстық және аудандық бюджеттен 162 млн 182 мың теңге қаражат жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын Д.Жантөреев жетекшiлiк ететiн “Шар-Орда” ЖШС атқарды. 15 желтоқсан күнi болып өткен салтанатты ашылу рәсiмiнде сөз алған аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Әлiпов тұрғындардың қуанышына ортақ екендiгiн бiлдiре отырып, пәтер иелерiне кiлттердi салтанатты түрде табыс еттi. Баспаналы болғандардың қатарында 9 бірдей бюджеттiк сала қызметкері бар. Халықтың әлсiз топтарынан жасақталған 9 отбасы осындай қуанышқа кенелдi. Сонымен бiрге 2 жетiм бала баспаналы болды», - дейді аудандық “Өскен өңiр” газетінде берілген ақпаратта. Сейіт Ертай өзінің жұмыс орнын «ремонттату» үшін жұмсаған қыруар қаржыға оның әріптесі Шардараның әкімі Қамытбек Айтөреев 24 отбасыны баспаналы етіп отыр. Екеуінің арасы жер мен көктей! Біздің бағамдауымызша көрші орналасқан екі аймақта да құрылыс материалдарының бағасы бірдей. Яғни, шардаралықтар жасаған жұмысты арыстықтар да атқаруына болатын еді, бірақ...
Сонда Шардара 4 қабатты, 24 пәтерлі үй салған ақшаға Арыс неге «арзымайтын» тірлік жасап отыр? Екеуінің іс-әрекетінде жер мен көктей айырмашылық болатындай Арыс пен Шардараның қашықтығы қанша шақырым?
- Арыс қаласы
- 4 қабатты үй
- Шардара ауданы
- «Қолжетiмдi тұрғын үй» бағдарламасы