Бәріміз сенген қой жылы еді...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Жұма, 19 ақпан 2016

 Кіру / Тіркелу

Бәріміз сенген қой жылы еді...

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Қой жылы қазақтың есінде «қымбатшылық басталған жыл» ретінде қалмақ. Жыл сайын жалақының өсуімен бірге азық-түліктің де жылыстап, бағасының жоғарылап бара жатқанына соңғы кезде халықтың тіпті еті де үйреніп кетіп еді. Астан артылғанын жырымдап жинап жүрген жұрттың бірі баспана қамын күйттесе, бірі көлік мінгісі келіп, әйтеуір там-тұмдап болсын тиын жинауға, тиын болғанда да төл теңгесінің басын құрап, бірдеңеге жаратамын ба деп жүргенде жаз да келді.

АҚШ ақшасы ақырындап 189 теңгеге жетсе де, дүйім жұртты дүрліктірмей тұрған. Тамыздың 19-ы күні табан астында доллар «долданып», 255 теңге боп шыға келді. Төл теңге қуатының сарқылуы 2014 те басталған еді ғой. Сол кезде ел неге дабыл қағылмады ? Ел экономикасын ұстап тұрған теңге соңғы «күшін сарып» етіп тұрғанын неге сол кезде блмедік? Өйткені біз сендік. Үмітсіз шайтан ғана. Ал, біз... Әсіресе ұлан ғайыр далада еркін кезіп, тағдырын табиғатқа тапсырып, тәуекелмен тіршілік етіп келген Хас Сақтың ұрпағы алдымен Аллаға сендік, ертеңімізге сендік. Ең ақыры «ешқандай қымбаттау болмайды» деген билік басындағыларға сендік. «Теңге құнсызданбайды» деп 2014 жылдан бері сендіріп келе жатқан атқамінерлер неге олай етті? Аңғал да сенгіш халықты «өзім таңертең білдім» деп алдаусыратқанда нені көкседі? Көнбістікке әрине. Теңгенің дәрмені түгесіліп бара жатқанын сол кезде-ақ елге естіртуге болар еді. 

Көршінің тауығы...

Ал, түстігімізде жатқан көршінің тауығы әлдеқашан-ақ «қыт-қыттап» қойып еді. 2014 жылдың күзінде Ресей рублі күрт құлдырай бастады. Сол кезде біздің халық сол жаққа ағылды. Осы жақтан доллар алып, Ресейге барып оны рубльге айырбастағанда қомақты сома шыға келетінін түсінген біздің жұрт Толстой елінен тауар мен көлік әкелуге барып, қайтар жолда кеденде кептеліп қалды ғой. Екі елдегі доллар бағамының айырмасынан кәдімгідей «кәмөнизм» басталып кеткендей сезінді. Миллиардтаған ақшаны сол жаққа тасыды. Әрине, орнына тауар алып келді. Сол жылы ұлттық банк кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Ресей рублі құнсызданғанымен теңге бәз-баяғыша қала беретінін айтып, 3 миллион теңгесін бәске де тікті. Бірақ бұл бәстің бір «бірағы» бар еді. Құдайбергенов төл ақшамыздың девальвацияға кем дегенде екі ай төтеп беретінін айтқан-ды. 2015 жылдың 15 ақпанында Елбасы да қаржы нарығында өзгеріс болмайтынын айтты. Бірақ, көзіқарақты жұрт бұл құбылыстың ақыры бір «ұрындырарын» сол кезде-ақ шамалаған.

Құдай аян берді ме, Құдайбергенов десе дегендей, теңге жаз ортасына дейін шыдап тұрды. Оның алдында, яғни сәуірде сайлау өтті, одан кейін Астана күні... Ал, Ресейдегі девальвациядан шығынға батқан біздің кәсіпкерлер Қазақстанда да доллардың бағасын «босатуды» ұсынып жатты. Көршіден болса да арзан тауар алып жатқанымыз жақсы емес пе? Біз соған қуандық. Бірақ ішкі нарықтағы ақшаның «ағып кетіп жатқанын» аңғармадық. Ақыры, тамыздың 19-ына Ұлттық Банк доллар бағамын еркін саудаға жіберуді ұйғарды. Осыған дейін «девальвация болмайды» деп халықты сендірген Келімбетов түк болмағандай «мен өзім мұны кеше түнде естідім» деееп отыр. Қайғылы әрі күлкілі. Күлкілі жерін, патша көңілді оқырман, ұғып отырған шығарсыз. Ал, көңілге қаяу салатыны – Ресейдің ұлттық валютасы құнсызданғанда біздегі доллар бағамын ұстап тұру үшін мемлекет 10 миллиард доллар сарп еткен. Енді міне, сол ақшаны желге ұшты деуге болады. Араға үш ай салып, Келімбетов кетті қызметтен. 

Бұрынғы қойым түшкіруші еді...

Ұлттық валютаға деген халықтың сенімін азайтқаны үшін орнын босатқан Келімбетовтен кейін келген Данияр Ақышев та АҚШ ақшасын ауыздықтай алмады. Дәлірегі ауыздықтағысы келмеді. «Ұлттық Банк бұдан былай доллар бағамын бақыламайды» дегені сол еді, оның бағасы 350 теңгеге бір-ақ жетті. Бұған дейін ұлттық экономикамыздың іргесі берік екеніне сендіріп келген билік енді теңгенің төтеп бере алмағанын мойындауға мәжбүр болды. Теңге неге төтеп бере алмады? Өйткені, еліміздің экономикасы тек шикізат экспортына ғана емес, көрші елдің экономикасына да тәуелді. Ресейдегі девальвация болмағанда Қазақстанның экономикасы қазіргіден әлдеқайда жақсы болатынын Президент те тілге тиек етті.

Өзім білем...

Тамыз айындағы девальвациядан соң Үкімет бензин бағасын да еркіндікке жіберді. Бір қызығы – мұнайдың арзандауынан тек теңге ғана әлсірейді екен. Бензин ол заңдылыққа бағынбайтын болып шықты. Қара алттынның құны 2013 жылы барреліне 102 доларға дейін барғанда Аи-92 маркалы сұйық отын бағасы 128 теңге болды. Қазір мұнай бағасы 2,5 есе арзандап, 40 доллардан түсіп кетті. Ал бензин бағасы 125 теңге. 

Долар ырыққа бағынбай, бензин бағасы еркіндікке жіберілген тұста ауылшаруашылығы министрі де айды аспанға шығарды. 2016 жылдан бастап елде нан бағасы да нарық арқылы белгіленетін болады. Қарапайым тілмен айтқанда ас атасын қаншаға сатсам да өзім білем. Өйткені, бағаны қалыптастыратын - сұраныс. Ал, сұраныс бар жерде баға жоғары бола бермек. Осылайша үкімет экономиканың негізі секторларынан ақырындап шеттеп, ерікті өндірісшінің өзіне бере бастады. Енді өзім білем... 

Кей сарапшылар «Қазақстанда девальвацияны осыдан екі жыл бұрын жүргізу керек еді» деген пікір айтады. Екі жылдың ішінде, еркін бағаға халық үйренісіп алар еді. Қазір, табан астында топ ете қалған қымбатшылықтан абдырап қалған халық желдің қалай есерін аңдай алмай дал боп отыр. Әсересе, үкіметтің азық-түлік бағасына бақылауды алып тастау туралы ұсынысы 30 мың теңге жалақымен күн көріп отырған біраз шаңырақты, жұмсартып айтқанда, шокқа түсірді. Бірақ, елден ұялды білем, билік бұл райынан қайтты. Тек екі жылға өзгермейтін баға бекітіп бермек. Бірақ, негізгі секторлар еркіндікке бет алғанда, дүкен мен базардағы сатушы қыспаққа көнер ме екен? Бұл - бизнес. Жеке баста тұрған ештеме жоқ. Сұраныс барда сатып қалу керек. Ар жағын өзім білем. Азық-түлік нарығын қалыптастыруда жанармай құнының да ықпалы бар екені белгілі. Ал, оның бағасы болса анау. Валютасын әлсіреткен көршіден тәуір көріну үшін, өз ақшамызға ақша жұмсап абырой әперуге кеткен 10 миллиард долларға тағы бір мұнай өңдеу зауытын салып алғанда болар ма еді... Бірақ, билік өзі біледі.

Көктем келе жатыр 

Мәжілісте өткен жиында Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Тұрсынбек Өмірзақов жылдар бойы айтылып келе жатқан экономиканы диверсификациялаудан нәтиже шамалы болғанын айтып қалды. Депутаттың сөзінше, жаңа бағдарлама қабылдаған кезде Үкімет бұрынғысын ұмытады. Үдемелі индустияландырудың екінші бес жылдығына көшкенімізбен алғашқы бес жылдықтың қалай ақталғаны белгісіз екенін биліктің бетіне басты. 

Үкімет қара алтын қымбаттап тұрған кездегі «оңай ақшаға» үйреніп қалған еді. Оның жұмысының сыналар сәті енді келді. Мың құбылып тұрған мұнай бағасы 2016 жылы қалай өзгерерін шырамытуға болады. Қазірдің өзінде 35-36 долларға арзандап кеткен мұнай бағасы бұл нарыққа санкциялардан босаған Иран шыққанда 20 долларға дейн төмендеп кетуі мүмкін. Экономистердің ең қауіптеніп отырған осы сценарий орын ала қалғанда (өздерінің ғой мұртын балта шаппасы анық) біздің Үкімет халықты тығырықтан қалай алып шығады екен? Ол кезде доллар бағасы 400 теңгеге барады, -дейді білетіндер.

Айтқандай, 2015 жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерінің арасында ЕАЭО мүше елдердің валютасы ең құнсызданып кеткендер қатарына еніпті. Қой жылының басында АҚШ доларына шаққанда Әзірбайжан ұлттық валютасы – 0,78 манат болса, жылдың соңында шамамен екі есе арзандап – 1,55 манатты құраған. Екінші орында Қазастанның теңгесі. Бір жылда 78,6 % құнсызданған. Беларусь рублі – 53,7%-ға, ал Ресей рублінің девальвациясы - 24%-ды құрапты. 

Алда жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы - көктем. Қытымыр қыспен қарсыласып тіршілік үшін күрескен қой жазғытұрым болдырып, босаңсып қалады. Арқасына сәл күн тисе бей-жай боп жата бергісі келеді. Сөйтіп, халі төмендеп, көтерем болады, не сырқатқа ұшырайды. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Мақсат
+1 Мақсат 08.01.2016 16:51
Қиын жыл болды негізі. Доллар қымбаттап, бәрі көтеріліп кетті. 2016 жылы теңге құны жоғары болса деген тілек бар. Әйтпесе бір-бірімізбен қырылып кетеміз.
Жауап беру
Айтқышбек
0 Айтқышбек 08.01.2016 17:17
"Сенген қойым сен болсаң" ның нақ өзі болды. қай тұрғыдан алсақ та
Жауап беру
Ешкім
0 Ешкім 11.01.2016 14:05
Қой жылы қарапайым халықтың момындық танытқаны болмаса, сенген қойымыз қасқыр болды ғой шынымен.
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

Шымкенттік жүргізушілер полицейлерді таң қалдырды

Шымкенттік полицейлер қаладағы көлік жүргізушілерінің жедел жәрдем қызметіне қаншалықты құрметпен қарап, жол беретінін анықтау мақсатында әлеуметтік эксперимент ролигін түсірді. Бір қызығы, нәтижесінд...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Шымкентте жергілікті полиция қызметінің басшысы Валентин күнімен құттықтады

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласының жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан виртуалды достарын әулие Валентин күнімен құттықтады. Жылы лебізін шенді қызметкер «фэйсбук» әлеуметт...

Korrespondent.kz Қоғам

Бердібек Сапарбаев қар тазаламаған қызметкерлеріне ұрсып тастады (видео)

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коммуналды шаруашылық саласының қызметкерлеріне ашуланғаны соншалық, эмоциясын жасыра алмады. Бұл туралы youtube.com хостингіне Асқар Ақтілеуі есімді азаматты...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Елбасы орысшаға қазақ тілінде жауап беретіндерді жұмыстан қуатынын айтты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орысша хатқа қазақ тілінде жауап беретіндер жұмыстан қуылатынын ескертті. Бұл туралы SN.KZ хабарлады. 

Korrespondent.kz Саясат

Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

84
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

84
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №3

79
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №2

86
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №1

79
Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter