Түркістанға миллионға жуық турист келді
- Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан 200 шақырымдай қашықта жатқан Түркістанға 2015 жылы миллионға жуық турист келіп, киелі мекенге зиярат еткен. Жергілікті басшылық бұл көрсеткішті «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолының салынуымен байланыстырады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айтпақшы, одан бөлек былтыр туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында жеке инвестор есебінен төрт жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталған да болатын. Қысқасы, өткен жыл Түркістан үшін табысқа толы болды деуге болады. Әсіресе рухани кездесулер мен елдігімізді айшықтайтын мәдени шаралар көптеп өткізілді.
Кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында да киелі мекенде айтарлықтай шаруалар атқарылды. Мәселен, 2015 жылы Түркістанда төрт кәсіпорын өз жұмысын бастап қана қоймай, сүт өнімдерін өңдейтін зауыт іске қосылып, қарқынды жұмыс жүргізуде. Былтыр Түркістан қалалық әкімдігі облыстағы қала, аудандардың ішінде үшінші болып «Кәсіпкерлікті қолдау бойынша үздік әкімдік» номинациясын иеленді.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да киелі мекен айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізді. Жыл сайын өткізілетін «Алтын күз» мерекесінде түркістандық шаруалар былтыр тамшылатып суару әдісін енгізу, мақта өсіру және сүт өндіру, көкөніс өсіру секілді бес аталым бойынша озат аудан, қалалардың қатарына енген. Әлеуметтік салаға тоқталар болақ, қой жылында Түркістанда екі білім ұясы мен төрт балабақша пайдалануға беріліпті. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен он ойын алаңшасы салынған.
- Түркістан
- туризм