Керридің келуіне қандай құпия жатыр?
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Қазанның 28 мен қарашаның 3-і аралығында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Орталық Азия елдерін аралап шықты. Бұл Джон Керридің осы қызметке тағайындалғалы бұл аймаққа жасап отырған алғашқы сапары. Сарапшылар о бастан-ақ бұл шараның имидждік екеніне, оның барысында қандай да ірі саяси не экономикалық келісімдер мен мәліметтер болмайтынын болжаған.
Орталық Азия елдерін аралауды АҚШ мемлекеттік хатшысы Қырғызстаннан бастады. Джон Керридің ұшағы Бішкектегі «Манас» әуежайына қонды. Дәл осы айлақта кезінде Құрама Штаттарының әскери базасы орналасқан болатын. Ауғанстандағы әскери операцияларға жұмылдырылған НАТО мен АҚШ-тың ұшақтары бұл базадан 2014 жылдың шілде айында шығарылды. Солтүстік Американдықтармен 1993 жылы жасалған келісімнен бірінші болып былтыр Қырғыз үкіметі бас тартып еді. Айыр қалпақты ағайынның бұл қадамында Ресей билігінің «ізі» де бар. Бішкек пен Вашингтон «Манас» жайлы келісімге келгенде Кремльдің бұлқан талған ашуланғаны бар. Ақаевты аластатып, «билікке келе сала базаны болдырмаймын» деген Бәкиевтың халі баршаға белгілі. Міне, сол әуежайға жыл өтпей жатып тағы да американдықтың аяғы тиді. Бішкектегі кездесу кезінде қос ел өзара әріптестік туралы «жол картасын» жасасуға бәтуаласыпты.
Осыдан кейін мұхит асып келген мейман Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстанда кезек-кезек қонақ болды. Барлық кездесуде де айтылған ортақ мәселе – Орталық Азиядағы қауіпсіздік. Әсіресе «Ислам Мемлекеті» содырларының Ауғанстанда өз қатарын көбейтіп жатқаны әңгімеге арқау болды. АҚШ Ауғанстандағы өз әскерінің санын азайтуымен мұндағы жағдай қайта ушыға бастағандай. Оның салқыны Орталық Азияға да тимей қоймас. Бұл орайда, Орталық Азияның бес елі және АҚШ Самарқанда әріптестік пен ынтымақтастық декларациясын жасасты. Бұл құжат өзара сауда-саттықта, трансшекаралық қауіптер, есірткі мен қару-жарақ саудасының алдын алуда және алты ел арасында қауіпсіздік мәселелеріндегі ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Мұнымен о баста Ауғанстандағы ахуалды бақылауына алып, соңына дейін тұрақтандыруға қол жеткізе алмай отырған АҚШ оның салдарына да жауапты екенін көрсеткісі келгендей. Бұл алпауыт елдің әсіресе Тәжікстанға, оның шекарасын қорғауда көмектесуге әзір екенінен байқалды. Ал, аймақтағы трансшекаралық өзен суын қолдануда елдердің бір бітімге келуіне ишарат жасауы, АҚШ-тың осы мәселеде ара ағайын болуға да бар екенін білдіріп тұр. Ортақ өзеннің суына талас алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығысқа дейін жеткізуі мүмкін екенін Өзбекстан басшысы айтқан еді.
АҚШ-тың алдымен Орталық Азиядағы ықпалына тоқталайық. Осыдан он жылдай бұрын әлем алпауытының бұл аймақта бар екені кәдімгідей сезіліп тұрды. Алдымен Өзбекстан, кейін Қырғызстанға әскери базасын орнату арқылы АҚШ осы аймақтағы посткеңестік елдерді бақылауында ұстауға тырысты. Алайда, Таяу Шығыстағы саясатқа сүңгіп кеткен штаттар Орталық Азияны бақылауды босаңсытып алды. Қала берді бұл елдерге әлі де қимастығын көрсетіп келе жатқан Кремльмен достасуға тырысқан болар, АҚШ Орталық Азиядан ақырындап кете бастағанын көрдік. Бірақ, соңғы кездегі Ресейдің сыртқы саясаты көптеген елдерді алаңдатып отыр. Қырымды тартып алған соң тіпті Кремльге қырын қарай бастады. Ал, қызыл алаң қожайындары оған пысқырған да жоқ. Керісінше, Мәскеу бұрынғы посткеңестік елдердегі ықпалын күшейтуге кіріскен.
Сол елдерде президент сайлауы өтердің алдында басшылары міндетті түрде Ресеймен бір кездесіп алатыны бар. Сол-ақ екен, бұрын басқа баламен ойнағысы кеп жүргендер, бірден Кремль жақа қарайлайды да қалады. Осыдан кейін сайлау да тыныш өтеді, басшысы да орнында қалады. Бұл үрдіс соңғы кезде қатты байқала бастаған-ды. Керридың бұл сапары ең алдымен аймақтағы саяси ықпал саласындағы тепе-теңдікті теңестіруге бағытталған сияқты. Қыркүйекте өткен Орталық Азия елдері және АҚШ-тың қатысуымен бас қосқан С5+1 саммитінде-ақ Джон Керри АҚШ-тың бұл аумақты ерекше көретінін тұспалдап жеткізген. Оның ишарасын Орталық Азия елдерінің басшылары да бірден ұқты. Өйткені, бірін сайлаумен, енді бірін ЕАЭО арқылы «ауласына» кіргізіп алып, экономикасын бірте-бірте өзіне тәуелді етуі соңғы жылы қатты сезілгендей.
- ДЖОН КЕРРИ