ОҚО-ның қаршадай спортшысы қазақ туын Парижде желбіретті (видео)
Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап жүрген палуан Отгонцецег Галбадрах "Grand Slam" халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Парижде жалауы көтерілген дода барысында 90-нан астам елдің 562 дзюдо шеберлері сынға түскен болатын. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жерлесіміз Отгонцецег 48 келелілер арасында белдесіп, алтыннан алқа тақты. Жарыстың жүлде қоры 154 мың АҚШ долларын құрады. Бастысы әлемдік дәрежедегі сынақтарда палуандар Олимпиада жолдамасына қажетті ұпай санын арттырады.
Отгонцецег бұл жарыста әлемнің үздік палуандарын да тізе бүктірді. Бес белдесу өткізіп, дүниежүзін өзіне қаратқан саңлақтардан да ептілеу екенін анық аңғартты. Алғашқы белдесуінде Тунис палуанынан басым болса, екінші қарсыласы жапондық спортшы болды. Кондо 2014 жылы Әлем чемпионы атанған дзюдошы. Ол бүкіләлемдік рейтингте 3-інші орында тұр. Татами төрінде сынға түскен кубалық Альварес оңай емес. Ол да Рио Олимпиадасына үміткер палуанның бірі. Төртінші белдесуі белгиялық спортшымен өтті. Ол 2015 жылғы Еуропа чемпионы, көптеген "Grand Slam", "Гран при" жарыстарының жеңімпазы мен жүлдегері. Ал Отгонның ақтық сындағы қарсыласы әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Қарсыластарының да ең мықтысы осы Урантцецег болды. Бойжеткен Əлем чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ, Азия чемпионы. Осы жарысқа дейін Галбадрах әлемдік рейтингте 23 орында еді, енді 15-16 орынға жоғарылады. Парижде жалауы көтерілген дода кіші Әлем чемпионаты болып саналады.
Медиа
- спорт
- ОҚО
- ЮКО
- палуан