Отырарда ауыл әкімдері жанындағы Жастар кеңесі құрылады
Жастар күні мерекесіне орай Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында жиын өтті. Оған белсенді жастар мен аудан әкімі қатысты. Басқосуда мемлекеттік «Серпін», «Дипломмен ауылға» және де «Жастар практикасы» сынды бағдарламалардың жүзеге асу барысы туралы сөз болды. Жергілікті тұрғын Қ.Тұрмағанбетова мемлекет тарапынан қолдауға ие болған бағдарлама арқылы тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтып, қатарластарына аталған бағдарламаның ұтымды тұстарын түсіндіріп берді.
Қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарды басшылыққа қойып, мардымды жауаптар алды. Өз кезегінде аудан басшысы жастардың бос уақытын әлеуметтік желілерде өткізіп отырғанына алаңдаушылық білдіріп, олардың кітапханаларға жиі бас сұғуы үшін ынталандыратын сайыстарды жиі өткізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар енді Отырар ауданында алғаш рет әрбір ауыл округтеріндегі ауыл әкімдері жанындағы Жастар кеңесі құрылатын болды. Бұл өз кезегінде ауыл жастарының мұң-мұқтаждарын билікке дер кезінде жетіп, оң шешімін табуына үлкен септігін тигізетін болады.
Жиын соңында сөз алған әкім Ерлан Айтаханов мұндай басқосуларға тек белсенділер емес, сондай-ақ тәртібі қиын, мінезі тұйық жастарды да тарту керектігін жеткізді. Алдағы уақытта аудандағы Жастар орталығы осы жұмыспен белсенді түрде айналыспақ.