Шымкенттік полицейлер алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді
Шымкент қаласындағы полицейлер алаяқтық әрекетке қатысы бар деген күдікпен 30 жасар жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Алаяқтың құрбаны болғандардың бірі 31 жастағы азамат. Ол өз шағымында бір танысы жұмысқа орналастырып беремін деген уәдемен 170 мың теңге ақшасын алған. Сол күні осыған ұқсас арыздармен бірнеше азамат полицияға жүгінген.
Шымкент ҚІІБ Еңбекші ПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 1986 жылы туылған облыс орталығының тұрғынын күдікті ретінде құрықтады. Адамдардың сеніміне кірген алаяқ түрлі құжаттар дайындап беруге және тағы басқа да уәделер беріп, 300 мың теңгеден астам ақшаны алдап алған.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен «Алаяқтық» қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Егер де Сіз, алаяқтың құрығына түсіп қалсаңыз, полицейлер Шымкент қаласы, Елшібек батыр көшесі, №110 үйде орналасқан Шымкент ҚІІБ Еңбекші ПБ-не немесе «102» телефонына хабарласуыңызды сұранады.
Оңтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары танымайтын адаммен жұмысқа тұру, құжаттар рәсімдеу, басқа да маңызды мәселелерде сенбеуді және келіп түскен хабарламаларға мұқият болуды ескертеді.