Экс-мәжілісмен жұмыссыз қалмады
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың өкімімен аймақ басшысының орынбасары болып экс-мәжілісмен Ұласбек Сәдібеков тағайындалды.
Ұласбек Сәдібекұлы 1967 жылы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын орта мектепті бітіргеннен кейін 1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Алғабас ауылында «Алғабас» мал бордақылау бірлестігінде жұмысшы болып бастады. 1986-1987 жылдары Кеңес әскерінің қатарында қызмет етті. 1992-1993 жылдары Ақмола қаласының Жастар істері бойынша қалалық комитетінің төрағасы, 1993-1994 жылдары Алғабас ауданының ішкі саясат бөлімінің маманы, бас маманы болды. Кейін Алғабас ауданы жастар ісі, туризм және спорт бөлімінің бастығы, «Жетіген» ЖШС-нің директоры, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты әлеуметтік-мәдени кешен бөлімінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат департаментінің директоры болып жұмыс істеген. 2006-2007 ж.ж Бәйдібек ауданының әкімі, 2007-2009 ж.ж Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі, 2009-2012 ж.ж «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған. 2012 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек және Сарыағаш аудандарының Құрметті азаматы. Үйленген, бес баласы бар.