Ақмола облысында дәретхана ішінде пара алған шенеунікке қатысты сот шешімі шықты. Білім сапасын бақылаудың орнына техникалық колледжге заңсыз лицензия беріп, 1 миллион теңге пайда тапқан департаменттің бас маманы жауапқа тартылды. Бұл туралы КТК хабарлады.
Атбасар қаласындағы агротехникалық колледжде сала мамандарын даярлау лицензиясына қосымша құжат қажет болған. Түйткілді тез әрі оңай жолмен шешіп беру үшін Ақмола облысы бойынша білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің бас маманы Жомарт Ишхатов 1 миллион теңге талап еткен. Зейнет жасына енді жеткен колледж директоры Галина Литвинова зейнетақы қорынан осыншама соманы алып, департаментке жеткізген. Электрондық қолы қойылған ноутбугімен бірге ақша салынған сөмкені тіпті департамент дәретханасында қалдырған. Істі оңтайлы шешкен бас маманның қылмысы кешікпей әшкереленді. Енді ол қайтып мемлекеттік қызметте істемейтін болды. Көкшетау қалалық соты Ишхатовты 3 жылға бас бостандығынан айыру және жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім кесті. Сондай-ақ, оның заңсыз жолмен сатып алынған мүлкі де тәркіленетін болады.