Баян Есентаева сенбі күні ауруханадан шығарылуы мүмкін
Жуырда күйеуінен зәбір көріп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан танымал продюсер әрі тележүргізуші Баян Есентаеваның жағдайы жақсара бастады. Дәрігерлердің айтуынша, науқасты ешкім мазаламас үшін оны жансақтау бөлімінен палатаға ауыстыру кейінге қалдырылған, деп хабарлады SKIFNEWS.KZ.
"Қиындықтар артта қалды деп ойлаймын. Жағдайы жақсарып келеді. Орнынан тұрып, жүріп жүр. Шамамен сенбі күні ауруханадан шығарсақ па деп жоспарлап отырмыз", - дейді Талғар аудандық ауруханасы директорының емдеу жұмыстары бойынша орынбасары Ербол Сәрсенбаев.
Оның айтуынша, Баян Есентаеваның бүгінгі жағдайы көңіл көншітерлік.
"Ол мықты әйел. Дәл мұндай жарақатты рухы мықты адам ғана жеңе алады. Ол тіпті, мүлдем дәрігерге шағым айтқан жоқ" дейді Е.Сәрсенбаев.
Көз дәрігерлерді де Есентаеваның жанарына төніп тұрған қауіптің жоқ екенін айтуда.
Ал, Алматы олыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары танымал продюсерді ауруханадан шыққаннан кейін де ем қабылдауын жалғастыратынын мәлімдеді.
Естеріңізге салайық, Баян Есентаеваны 10 маусым күні өзінің күйеуі Бақытбек Есентаев соққыға жығып, ішіне бірнеше рет пышақ тығып алған болатын. Отбасылық дау-жанжалдың басты себебі қызғаныш болған көрінеді. Мұнан кейін жәбірленуші ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Продюсердің күйеуі Бақытбек Есентаев екі ай уақытша қамауға алынды. Мамандардың айтуынша, Есентаев 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Отандық БАҚ таратқан ақпарға сенсек, Есентаева бұған дейін де күйеуімен жанжалдасып, тіпті ажыраспақ болған екен.
- Баян Есентаева
- Бақытбек Есентаев
- шоу бизнес
- танымал продюсер Есентаева
- Баян Мақсатқызы
- Корреспондент
- қызық ақпарат