Шымкентте пәтерін жалға бергендер полицейлермен төбелесіп қалды
Шымкентте пәтерін жалға беріп, нәпақасын тауып отырған тұрғындар полицейлермен жаға жыртысып қалды, деп хабарлайды Отырар арнасы.
Жергілікті тәртіп сақшылары кезекті рет рейдке шықты. Қаланың қақ ортасында заңсыз кәсібін дөңгелеткендер көп қабатты үй тұрғындарының тыныштығын бұзған. Осы жолғы рейд барысында пәтерін заңсыз жалға беретін азаматты құзырлы орган өкілдері жауапқа тарта бергені сол еді, оның ұлы дөрекелік танытып, жұдырықтаса жөнелді.
Тәртіпке бағынбаған жігітке бір полицейдің шамасы жетпеді. Жағаласудың соңында бір топ қызметкерлер жігітті қоршауға алды. Соның өзінде ол қарсылық танытып, кінәсін мойындағысы келмеді.
Құзырлы орган өкілдері рейд жұмыстарын қаладағы Жангелдин және Айбергенов көшелерінде жүргізді. Өйткені мұнда жалдамалы пәтер иелері жолға шығып, саудаларын қыздырып тұрады. Күнделікті айқай шу мен жеңіл жүрісті қыздардың қылығына тосқауыл қоя алмаған тұрғындар тыныштығын бұзғандарды жазалауды сұранып, талай есікті қаққандарын айтады.
Шымкентте пәтерін сағаттап, тәуліктеп жалға беретіндер көп. Алайда нақты саны әлі күнге дейін анықталмаған.
- шымкент
- жалдамалы пәтер
- Шымкент жезөкшелері
- Шымкент жалдамалы пәтер
- Корреспондент
- қызық ақпарат