ОҚО әкімінің орынбасары: "Шегірткеден зиян шеккен барлық шаруаға көмек беріледі"
Елімізде ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасында Оңтүстік Қазақстанда осы жылдың 5 айында жалпы ауыл шаруашылық өнім көлемі 99,9 млрд.теңгеге жетті. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 25,6 млрд.теңгеге артық. Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев осылай деді. Шенеуніктің айтуынша, бүгінде аймақта 80 мыңға жуық агроқұрылымдар жұмыс жасап жатыр. Күнгейде ауыл шаруашылығы дақылдары 776,4 мың га. жерге орналастырылса, жаппай астық ору науқаны келер аптадан бастап жүзеге асырылады.
«Биыл масақты дақылдар 195 мың га. жерге егілді. Оның ішінде күздік бидай 144,8 мың га, күздік арпа 2,4 мың га, жаздық бидай 12 мың га, жаздық арпа 35,8 мың га құрады. Егілген масақты дақылдардың әр гектарына 22 центнерден жалпы 430 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде»,-деді Сапарбек Тұяқбаев.
Өңірде астық ору науқанында 1060 комбайн мен 45 машина-тракторлық станциялар қызмет көрсетітін болады. Ал агротехникалық талаптардың сақталып, жаңа технологиялардың қолдануы мен мемлекет тарапынан дер кезінде берілген қолдаулардың арқасында биыл астықтың мол өнімін өсіруге мүмкіндік бар.
Брифинг барысында Сапарбек Тұяқбаев шегірткеге қарсы жүргізілген жұмыстар бойынша баяндады. Онда ол зиян шеккен шаруалардың тізімі жасалып жатқанын, сол тізімге енген әрбір шаруа назардан тыс қалмай, қандай да бір көмек алатынын атап өтті.
- ОҚО
- ЮКО
- шегіртке қаптап кетті
- саранча
- Сапарбек Туякбаев
- Сапарбек Тұяқбаев
- Корреспондент
- қызық ақпарат