«Нұр Отан» мен мүфтият бірігуі мүмкін бе?
«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігін, яғни мүфтиятты біріктіріп, жаңа ұйым құруды Астана қаласының тұрғыны Азамат Көшенов ұсынды. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, деп жазады SKIFNEWS.KZ.
Бұған дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Ақтауға барып, жергілікті тұрғындармен діни тақырыпта әңгімелескенінен хабардармыз. Ақтөбедегі лаңкестік оқиғалардан кейін әулиелі Маңғыстау жерінде болып, салафизм мен дәстүрлі исламның аражігін ажыратып берген Құл-Мұхамед өзінің саясаттан ғана емес, діннен де жап-жақсы хабары бар екенін көрсетті.
«Нұр Отан партиясы мен муфтиятты біріктіріп, Иран моделін алып, Құл-Мұхаммедті рухани басшы сайлайық. Мемлекет қаржысын үнемдейміз, діни ахуалды реттейміз...» делінген А.Көшеновтың жазбасында.
Әлеуметтік желідегі көрінегеннің жазбасынан жаңалық іздеп отыр деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, аталған екі ұйымның қоғамға зияны тимесе де, дәл қазір келтіріп жатқан пайдасы расымен де көп емес.
Мәселен, ел тәуелсіздігін алған уақыттан бері ҚМДБ құрылып, Қазақстандағы мешіттер саны еселеп артты. Атап айтсақ, тоқсаныншы жылдардың басында еліміздегі мешіт саны 100-ге де жетпесе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 2,5 мыңнан асып отыр. Демек, елдегі ислам дінін ұстанушылардың да қатары еселеп артты. Бірақ, мешіт пен молда санының артқаны халықтың иманын күшейтті ме? Әй, қайдам?! Күшейтсе, қазіргі айналамызда орын алып жатқан түрлі жауздықты кім жасап жатыр? Ұрлық-қарлықты айтпағанда, адам өлтіру, зорлау, тонау, өлімге итермелеу, адам ұрлау, жезөкшелікке жегу секілді ауыр қылмыстарды тек атеистер ғана жасайды ма? Айналдырған 5 жыл ішінде қаншама лаңкестік оқиғалар орын алды. Елбасының өзі бұл терактілердің артында салафилердің тұрғанын айтқан болатын. Сонда мүфтият осы діни жағдайды реттемегенде немен айналысады, оның міндеті не? Тек садақа жинау ғана болатын болса, онда мүфтияттың расымен де керегі жоқ. Өйткені, садақаны жаңадан әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексіне бір тармақ етіп енгізе салуға болады.
Ал, «Нұр Отан» партиясының әуел бастағы миссиясы жемқорлықсыз қоғам қалыптастыру болатын. Алайда, елімізде парамен ұсталып жатқан жемқорлардың көбі дәл осы «Нұр Отан» партиясының мүшелері.
Бәлкім, екі ұйым біріксе, пара алуға иманы жібермейтін шенеуніктер көбейіп, елдегі қылмыс саны да азаяр. Ендеше, біздің реформа жүргізуге құмар үкіметтің құлағына алтын сырға дейміз.
Айтпақшы, желі қолданушысы Азамат Көшенов өз жазбасында партия мен мүфтиятты біріктірілсе, көп пайдасы тиеді деген сенімде екенін жасырмаған. Алайда автор жазбасын күмәнмен түйіндеді.
"Бірақ олай бола қоймас, бұл кісі мықты сөйлегенмен Президент "ко мне Мухтар" десе, шауып келіп айтқанын істеп кететін азаматтардың бірі ғой" деп ойын жеткізді астаналық тұрғын.
Алайда бұл пікір шымкенттік желі қолданушысының көңілінен шықпады. "Жігіттер бос сөйлеуді қояйық та. Өзіміз сияқты жас буынға қазір бұдан да маңызды істерді қолға алатын заман. Ал біз... Содан кейін елдің қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызмет етіп жүрген жанның бірі осы Құл-Мұхаммед емес пе. Сондықтан жұмыс істейтін азаматтарымыздың еңбегін ескерейік. Өз пікірім ғана" деп жазды шымкенттік азамат. Күнгейлік тұрғынға жазба авторы "Мерген бауырым, Қандай маңызды істі айтып отырсыз? Құл- Мұхаммед ағамыздың құлағы қай жерге тиіп қай жерге тимей жүргенін білмейді екенмін. Бірақ бұл кісінің қызметіне келетін болсақ, бұл кісі тегін жұмыс істеп жүрген жоқ қой. Ал тегін немесе өз қаржысын аямай еліне көмек етіп жүрген азаматтарымыздың қызметін ескеру дұрыс. Өз пікіріңізді білдіргеніңіз үшін рахмет!" деп ойын жазды.
- Мухтар КулМухаммед
- Мұхтар ҚұлМұхамед
- нұр отан
- мүфтият
- Азамат Көшенов
- Азамат Кошенов
- астаналық тұғрын
- Корреспондент
- қызық ақпарат