Мәжіліс спикері ардагерлер ұйымын басқаратын болды
Атырау облысының бүрынғы басшысы, бүгінде мәжілісмен Бақтықожа Ізмұхамбетов «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы болды. Оның кандидатурасын «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төралқасының кезекті отырысына қатысқан төралқа мүшелері бір ауыздан қолдады.
Бірлестіктің бұған дейінгі төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың өз еркімен орнын босатты.
Төралқа отырысының қорытындысы бойынша Б. Ізмұхамбетовті Орталық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушының лауазымына тағайындау және оның кандидатурасын кезекті пленумда қарауға шығару туралы қаулы қабылданды.
Бақтықожа Ізмұхамбетов 1948 жылы дүниеге келген.
Техника ғылымдарының докторы.
1971-1991 жылдары «Ембі мұнай» бірлестігінің Прорва бұрғылау конторында, «Қазмұнайгазбарлау» басқармасында, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтында, шетелдік іссапарда Кеңес мұнай барлау экспедициясында жұмыс істеді.
Түрлі лауазымды қызметтерді атқарған ол 2007-2012 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысын, ал 2012-2016 жылдары Атырау облысын басқарды. Ағымдағы жылдың наурызында өткен сайлауда "Нұр Отан" партиясы атынан төменгі палата депутаты болды. Мәжілістің алғашқы отырысынан соң ол төменгі палатаның төрағасы болып сайланды.
- Бақтықожа Ізмұхамбетов
- ардагерлер ұйымы
- мәжіліс спикері
- Корреспондент
- қызық ақпарат