Шымкентте 14 жастағы жасөспірім қыз жоғалып кетті (фото)
Оңтүстікқазақстандық полицейлер із-түссіз жоғалып кеткен 14 жастағы жеткіншек Лилия Ахметованы іздеп жатыр.
Жасөспірім қыз 15 маусымға қараған түні құрбысының үйіне барып келемін деп үйінен шығып кеткен. Содан бері ол хабарсыз жоғалып кетті. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
17 маусым күні жергілікті тұрғын полицейлерге қызының жоғалғанын айтып, көмек сұрап келген. Оған дейін өздері қыздарын іздеп көргісі келіпті. Бірақ, нәтиже болмаған. Айта кетерлігі, оқушы қыздың жоғалып кетуі алғаш рет емес. Бұған дейін де ол бірнеше рет үйінен кетіп қалған екен.
Туыстарының айтуынша, Лилия өзімен бірге ешқандай құжатын алып кетпеген.
Лилия Ахметованың бойы 155 см, қасы мен көзі қара түсті. Шашы иықтан сәл төмен түседі. Үйінен оның үстінде ақ-жасыл түсті жейде, көк түсті шорты, ақ түсті туфли киіп шыққан. Өзімен бірге кішкентай қара қол сөмкесі де болыпты.