Жетімді жебеудің орнына несібесін жеп, зорлық көрсететіндер бар
- Жан КЕНЖЕ
Өмірдің сан-салалы ауыртпалығын, бейнеті мен қиындығын жиі көретін қорғансыз жанның бірі – жетім. Қамқоршылық органдары оларды ата-анадан ажыратып, балалар үйіне өткізу арқылы өз міндетім бітті деп санайды. Біздіңше, бұл органдар керісінше сол жеткіншектердің балалар үйіне түспеуі үшін барын салып, қызмет етуге тиіс сияқты.
Дегенмен, ақыр аяғы жетімханадан бір-ақ шыққан баланың алдында балалығын осында өткізу немесе патронатты тәрбиеге берілу сияқты екі жол тұрады. Бүгінде Қазақстанда жүздеген бала патронатты тәрбиеге берілген. Балаларды осындай жолмен алып кетуге ниет білдірген отбасы қорғаншылық және қамқорлық органымен тиісті келісімшарт жасайды. Олар балаға туыс емес, бөтен адам болуы тиіс. Педагогикалық білімі бар адамдарға басымдық беріледі, алайда, жалпы бұл кедергі емес. Егер ықтимал патронатты тәрбиеші некеде бар болса, онда келісімшарт жасау кезінде жұбайының келісімін алуы қажет. Бір ерекшелігі – ықтимал патронатты тәрбиешілер баланы тәрбиеге тек өз өңірінің шеңберінде ғана ала алады. Облыс шеңберінен тысқары мекен-жайға көшкен жағдайда келісімшарт бұзылады.
Патронат – ойыншық емес. Әр адам ата-ана мейірімін көрмеген, қамкөңіл балаға лайықты ата-ана бола алмайды. Адам өзінің шамасын, мінез-құлқын жақсы білмесе, бала асырап алудың қажеті жоқ. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер баланы сауап үшін немесе оған мейірім сыйлап, тәрбиелеп өсіру үшін асырап алады дей қою қиын. Көп жағдайда олардың көздегені – ақша болып жатады. Өйткені, патронаттық тәрбиешіге ай сайынғы жәрдемақыдан бөлек баланы асырауға (тамағына – мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер үшін 9 АЕК және мектеп жасындағы балалар үшін – 10 АЕК, баланың киіміне – 3 АЕК) ай сайын еңбекақы – бір балаға орта есеппен 60-80 мың теңге төленеді. Бұл әсіресе ауыл халқы үшін аз ақша емес. Сонымен қатар, патронатты тәрбие туралы келісімшарт жасалған күннен бастап еңбек кітапшасына тиісті жазба жазылады. Яғни, оның патронат болған уақыты жұмыс өтілі ретінде есептеледі. Ал баланы жұмсап, қосымша жұмыс күші ретінде пайдалануға болады. Бірақ, арамдық түбі – сор. Мұндайға үйренбеген кей бала қарсылық көрсетіп, үйде айғай-шу шығады. Сосын ашуланған ата-ана баланы керексіз зат құсатып, балалар үйіне қайтарады. Өйткені, патронаттық тәрбие туралы келісімшартты тараптардың бірі кез-келген уақытта бұза алады. Міне, осылайша баланы аларын алып алып, қайтарып жатқан жағдайлар аз емес. Жыл сайын елімізде жаңа отбасын тапқан 30 бала балалар үйіне қайта қайтарылады екен. Қайырымды болмасақ, қолымыздан келмесе, онда, ол адамның рөлін ойнау үшін тастандының тағдырын таңдамайықшы.
Дей тұрғанмен, мұның соңы трагедияға әкеліп соқтырып жататыны да бар. Жақында патронатқа алынған бір қыз өз-өзіне қол салды. Тергеу жұмыстары қыз бен оның патронатты ата-анасының арасында дау туып, ақыры дұрыс шешілмеген соң қыз өзін өлтіруге мәжбүр болғанын анықтады. Ал, Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында бір жасөспірім өзін патронатқа алған анасы мен оның кішкентай қызын балтамен шауып өлтірген. Соның әсері ме екен, соңғы үш жылда Орал өңірінде бірде-бір бала патронатқа берілмеген.
Ең жаманы – жетімекті басынып, зорлаушылар көбейіп барады. Оның үстіне бұл қылмыс түрін анықтау да, дәлелдеу де өте қиын. Дәл осы Батыс Қазақстанда бір баланы патронатты ата-анасы зорлап, тағы үш баланың арын балабақша тәрбиешілері төккен. Туған әкесіндей аялап, жылу сыйлаймын деп қамқорлығына алған азаматтан зәбір көрем деп ойламаған жетімек қыз ақыры ұзақ уақыт оның «көңілдесі» болуға мәжбүр болса, екінші бір жасөспірім қызды патронатқа алған әкесымағы зорлаған.
Одан бөлек, облыстық балалар үйінде тәрбиеленген бір бала ұзақ жылдар бойы өзінен жасы кіші қыздарды сексуалды сипатта азаптап, тіпті ер балаларға дейін жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп келген. Оны учаскелік инспектор кездейсоқ біліп қойыпты, әйтпесе, оны балалар үйі басшылығы да, қызметкерлері де білгенімен, мән бермей келген. Олар үшін бұл қалыпты дүние болғаны ма?
Қатыгез қылмыскер 17 жылға сотталғанымен, бұл айуандыққа жол берген балалар үйі басшылығы мен кадрлары өз орнында қалды. Оларды тіпті тәртіптік жауапкершілікке де тартқан жоқ.
Патронатқа берілмеген баланың тағдыры бұдан да күрделі. Олар 18 жасқа толған соң қайда барарын білмей, қызы – жезөкше, ұлы – қылмыскер атанады. Олардан туған бала қайта келіп сол жетімханаға табан тірейді. Соңы жоқ шырғалаң шеңбер.
- бала
- қамқорлық органдар
- патронаты
- қызық ақпарат