«Мен Жердегі тапсырмаларымды орындадым»
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Осыдан 137 жыл бұрын Германияның Ульм қаласында кедей отбасында дүниеге келген. Ол «Дүниеде екі нәрсе шексіз: бірі – ғалам, екіншісі – адамның ақымақтығы» дейді. Физиканың жаңа дәуірін бастап берді, физика саласында ашқан жаңалығы үшін 42 жасында Нобель сыйлығын да алды. Иә, ол – америкалық «Тайм» журналы «Ғасыр адамы» деп баға берген Альберт Эйнштейннің дәл өзі.
Эйнштейн шынымен нашар оқыған ба?
Үлгерімі төмен талай қазақ баласы өз-өздерін: «Эйнштейн де жақсы оқымаған ғой»,- деп жұбатып жүр. Оқымағандардың оқығандардан озып кететінін айтып отыратын ұстаздарды көргеннің алды да, арты да біз емеспіз-ау. Бірақ әлемге мәшһүр Эйнштейннің нашар оқығанына сіз де сенесіз бе? Олай болса, бұл жөнінде аз-маз зерттеген журналист Дәурен Омаровтың мақаласына арқа сүйеп көрелік.
Ең алдымен Эйнштейннің 17 жасында Арау мектебінен (Швейцария) алған аттестатында оның тарих пен алгебра, тригонометрия мен геометрия, физика сынды пәндерден үздік оқығанын көруге болады. Тек 6 балдық бағалау бойынша, ол француз тілінен ғана үштік алған. Алайда осыған қарамастан ғалым 1923 жылы Иерусалимде француз тілінде дәріс оқыған. Демек, Эйнштейннің үлгерімі төңірегінде биографтар швейцариялық бағалау жүйесі мен неміс бағалау жүйесін шатастырып болжам жасаған болуы да бек мүмкін.
Ал Мюнхендегі Луитпольд гимназиясында ол латын тілі мен физика сынды сабақтарға ғана ден қойған. Гимназия хақында ол: «Мен ән сабағында саппен жүретіндерді жек көремін – оларға ми қателесіп берілген» – деп, мұғалімдердің еркін ойлаудан тыйып, діни дәлелдерді талап ететінін де тілге тиек еткен. Сондай-ақ ол естеліктерінде: «Мені өз профессорларым кемсітті, олар мені бас имегенім үшін жақсы көрмеді»,-деп жазады. Демек, мұғалімдермен жиі сөзге келіп қалатын Эйнштейнге нашар оқыған деп емес, тәртібі нашарлау болған деп баға бергеніміз жөн-ау. Өйткені ол туралы деректерде оның кішкентайынан кітапты көп қаузағаны, алты жасында скрипка ойнауды үйренгені көп айтылады. Тіпті 1934 жылы Принстонда Германиядан қоныс аударғандар үшін қайырымдылық концертін беріп, онда оның Моцарттың шығармаларын орындағанын қалай жоққа шығармақпыз?!
Екінші рет әпкесіне үйленген...
Эйнштейн бірінші әйелі Марич Милевамен 17 жасында Цюрихте Политехникумда оқып жүріп танысады. 7 жылдан кейін олар ата-аналарының қарсылығына қарамастан шаңырақ көтереді. Алайда өзінен 4 жас үлкен қалыңдығының көзіне шөп салған ғалым ажырасарында Нобель сыйлығына берілген сыйақыны өтемақы ретінде Маричке берсе керек.
38 жасында Эйнштейн екінші әйелі Эльзамен отау көтереді. Бала күнінен етене таныс Эльза Эйнштейннің анасы жағынан немере, әкесі жағынан шөбере әпкесі болып келетін. Эйнштейннен 3 жас үлкен оның алғашқы некесінен екі қызы болған. Туыстығы мен қыздарына қарамастан бақытты ғұмыр кешкен оларды АҚШ-қа көшкеннен кейін ауруы асқынған Эльзаның ажалы ажыратады.
Израиль президенттігіне ұсынылған
1952 жылы Израиль президенті көз жұмғаннан кейін Израильдің премьер-министрі Давид Бен-Гурион оған Президент тағын ұсынған. Алайда Эйнштейн бұл ұсынысты қабылдай алмайтынын айтып, ілтипатпен хат жолдапты. Бұл, бәлкім, теориялық физиканың негізін қалаушылардың бірі болған қоғам қайраткеріне көзі тірісінде көрсетілген ең үлкен құрмет шығар. Әлемнің алдыңғы шептегі 20 шақты жоғарғы оқу орнының құрметті профессоры атанған ол президент болмаса да, 300 ғылыми еңбек пен 150 публицистикалық кітап жазып қалдырды.
Атеист пе, жоқ әлде...?
Эйнштейнді атеист болған дейтіндер күні бүгінге дейін жоқ емес. Алайда соңғы жылдары оның дінді мойындағанын растайтын деректер көбейіп келеді.
Сұлулыққа құштар ол кезінде камин сағаттарын жинаумен айналысқан. Күндердің бір күнінде оның қолына XVII ғасырда жасалған жаны сірі сағат түседі. Ағаштан жасалған туындыға тәнті болған ол оны сөренің ең биігіне қойып қояды. Бірде үйіне қонаққа келген досының көзі сағатқа түсіп, оны кім жасағанын сұрайды. Сонда Альберт досына сағаттың өзінен-өзі пайда болғанын айтып қалжыңдаған екен. Оның мүмкін еместігін айтып шыр-пыр болған досына ол: «Сендер, материалистер, осы қызықсыңдар. Әрбір қарапайым нәрсенің иесі болуы керек дейсіңдер де, ал кез келген сағаттан да күрделі, керемет тәртіппен құрылған ғаламды өзінен-өзі пайда бола қалған деп тұжырымдайсыңдар» деген екен. Оның Құдайға сенбейтін досы осыдан кейін көп ұзамай дінді қабылдаса керек.
Тағы бір жазбадан Эйнштейн мен профессордың арасындағы диалогты оқыған едім. Бұл жазба біразыңызға да көзтаныс әңгіме болса керек. «Әлемдегі барлық нәрсені Құдай жаратқан ба?» деп студенттерге сұрақ қойған профессорға біраз студенттер бас изеп жауап беріпті. «Демек, зұлымдықты да Құдай жаратқан болып тұр ғой»,-деп Құдайдың жоқтығын дәлелдеуге кіріскен оқытушыға студент: «Профессор, осы суық дегеніміз бар нәрсе ме?» деп қарсы сұрақ қойыпты. «Бар»,-депті профессор. «Негізі, сэр, суық дегеніміз – жоқ нәрсе. Физика заңдылығына сүйенсек, біздің суық деп жүргеніміз жылудың жоқтығын білдіреді»,-деп жалғайды да, студент енді қараңғылықтың бар-жоғын сұрайды. Тағы да профессордың жауабын теріске шығарып, қараңғылықтың жарықтың жоқтығы екенін айтады. Осылай сұрақтарды жаудырып болғаннан кейін студент жігіт «Зұлымдық бар ма?» депті. «Бағана айттым ғой. Біз оны күнде көреміз. Адамдардың қатыгездігі, қылмыстың көптігі мен әлемдегі зорлық-зомбылықтың барлығы осы зұлымдықтың көрінісі»,-деп барып тоқтаған профессорға студент: «Сэр, зұлымдық жоқ. Зұлымдық дегеніміз – Құдайсыздықтан туатын құбылыс. Ол да – қараңғылық пен суық сияқты Құдайдың жоқтығын көрсету үшін адамдардың ойлап тапқан сөзі»,- деп жауап берген екен. Бұл студент бүгінде әлем білетін Эйнштейн еді. Осыдан кейін оның атеист болғанына деген сенім де сейіле түсетіндей...
Ешқашан шұлық кимеген
Әлемдегі ең танымал суреттердің бірі – Эйнштейннің тілін шығарып түскен туындысы. 1952 жылы бір фотограф одан ойланып отырғандай кейіп танытуын өтінеді. Алайда ғалымдарды ойға шомған образдардан құтқарғысы келді ме, ол фотографқа осылай тілін шығарып жауап берген екен. Және ол өзінің осы суретін ең сәтті кадр санаған. Эйнштейн туралы қызық деректер мұнымен тәмам болмақ емес. Атақтыларға қатысты қызықтар тізімінде ол ешқашан шұлық кимегенімен көш бастап тұр. Иә, Эйнштейн ешқашан шұлық кимеген. Тіпті ол салтанатты жиындарға осыны жасыру үшін ұзын етіктер киіп баратын болған деседі. Ал оның суреттерінен көбіне үлпілдек аяқ киім киіп жүргендігін де байқауға болады. Сондай-ақ оның АҚШ-қа көшкеннен кейін Чарли Чаплинмен дос болғанын білуші ме едіңіз?
Мәйітін өртеп, күлін желге ұшырған...
Эйнштейн 77-ге қараған шағында АҚШ-тың Нью –Джерси штатындағы Пристон қаласында көз жұмды. Өзінің ақтық хатында жаназасына көп адамның келуін құптамайтынын айтып, жерлейтін жері мен уақытын жарияламауды өтінген. Сондықтан оның сөзіне құрметпен қараған жақындары ешкімге жария етпеген. Жерлеуге оның ең жақын 12 досы ғана қатысқан. Ал мәйітін Юинг-Семетери крематорийінде өртеп, күлін желге ұшырып жіберген екен.
Адам баласының барлығы данышпан болып туатынын айтқан ғалым:
«Бәріміз – данышпанбыз. Бірақ егер балықты ағашқа өрмелей алу қабілетіне қарай сынайтын болсаңыз, онда ол өзін өмір бойы ақымақ сезініп өтеді» деген екен. Иә, Эйнштейнді де физика мен математикадан бөліп алып қарау қисынсыз шығар. Кездейсоқ ештеңенің жоқтығын, ақыл-парасаттың басты белгісі білімділік емес, елестету, қиялдау екенін өсиет етіп қалдырған ол, өзгеге айтқанындай, өз жүрегін тыңдады. Жұмыр жүректің дегенімен жүріп, қателіктен аз да болса іргесін алысырақ салғысы келді. Бірақ жұрт оны, өзі айтқандай, бәрібір сынады.
«Өмір – бұл қызмет ету» деді ол. Ақтық сапарға аттанарында да «Мен Жердегі тапсырмаларымды орындадым» деп хат қалдырды. Ал әлем мен бүгінгі қоғам «XX ғасырдың Ньютонын» XXI ғасырға да қажет деп біледі емес пе?!
- Альберт Эйнштейн
- қызық ақпарат