Міндетті медсақтандыру сәтсіздікке ұшырауы мүмкін
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Міндетті медсақтандыру сәтсіздікке ұшырауы мүмкін

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Өткен жылы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы қабылданды. Аталған құжат 2017 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жайын қарастырады. Бұл жүйенің артықшылығы неде?

Заңға сәйкес, азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің екі пакеті белгіленіп отыр. Оның біріншісі, базалық пакет немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек. Ол тегін, оның ақысын мемлекет республикалық бюджеттен төлейді. Бұл қызметтер пакетін Қазақстанның барлық азаматтары пайдалана алады. Оның құрамына жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметтері, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер кіреді.

Ал енді екіншісі – жаңа құрылып жатқан Медициналық сақтандыру қорынан ұсынылатын сақтандыру пакеті. Оның құрамына амбулаторлық-емханалық көмек, емханалық көмек, стационардың орнын басатын көмек, оңалту үшін емдеу және медициналық реабилитация, паллатив көмек және медбике күтімі, жоғары технологиялы көмек кіреді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекеттің, жұмыспен қамтушының және жұмыс берушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың міндетті сақтандыру төлемдерінен құрылатын болады.

«Бұл ретте жұмыс берушілер өз жұмысшылары үшін еңбекақы қорынан бес пайыз, жұмысшылар 2 пайыз, өзін-өзін еңбекпен қамтамасыз етушілер көрсетілген табысынан 7 пайыз жарна төлейтін болады. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты жарналар 2017 жылдан бастап біртіндеп өседі және корпоративтік жеке салықтарды есептеу кезінде шегерілетін болады», - дейді Т.Дүйсенова.

Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді. Яғни, медициналық қызмет жас пен кәріге, бай мен кедейге бірдей көлемде, тең дәрежеде көрсетіледі. Міне, негізгі мақсат та сол – азаматтар мен жұмыс берушілердің денсаулыққа деген ортақ жауапкершілігін арттыру. Қазіргі уақытта бұл жауапкершілік тек мемлекетке жүктелген. Әрбір адам өз денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстануы, ал жұмыс беруші әрбір жетекші өз қызметкерінің денсаулығын сақтауға мүдделі болуы керек. Өйткені, қызметкер кез келген кәсіпорын үшін табыс көзі екені белгілі.

Міндетті медициналық сақтандыру түрі бойынша азаматтардың қорға аударатын жарнасының мөлшері мемлекет көлемінде бекітіледі. Ол әр елде әрқилы мөлшерде белгіленген. Мысалы, бізде – жоғарыда айтып өткенімдей 5-7 пайыз. Ал, Франция тұрғындары жалақысының – 16, итальяндар – 13, нидерландылықтар – 9 және жапондар 7 %-ын тұрақты түрде аударып отырады.

С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің бұрынғы ректоры, медицина ғылымдарының докторы Айқан Ақанов дәрігер ретінде бұл жүйенің тиімді тұстары көп екенін айтқан-ды.

«Жаңа жүйеде үш қатысушы болады. Олар: мемлекет, емделуші және жұмыс беруші. Бұл жүйе тұрғындардың қажеттілігіне де жауап береді. Сондай-ақ, жұмысшылардың денсаулығын қорғау саласында жұмыс берушінің саясатын да айқындап береді. Бүгінгі денсаулық сақтау моделін пайдаланып жатқан мемлекеттердің барлығы ұтылып жатыр. Тұрғындар сапасыз қызметтер алады, дәрігерлер мен медбикелер жұмыстың сапасын арттыруға аса ынталы емес. Сондықтан, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жүйесін өзгерту қажет-ақ» деген еді ол.

Міндетті медсақтандырудың тарихы сонау 19-ғасырдан басталады. Германияда Отто фон Бисмарк тұсында жұмысшы тапқа міндетті әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асыратын құқықтық нормативтік актілерді жасау қолға алынады.

Германияда 1871 жылы өндіріс-те жазатайым жағдайдан сақтандыратын әлеуметтік сақ-тандыру енгізіледі, ал 1880 жылы медициналық көмекті қаржыландыру қолға алынған. Сөйтіп 1883 жылы ауруға шалдыққан кезде жәрдемақы берілетін болды. 1883 жылы канцлер Отто Фон Бисмарктың бастамасымен Германияда міндетті медициналық сақтандыру туралы заң шықты. Бұл заң бойынша белгілі бір өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер ауырған жағдайда сақтануға міндетті болған. Міндетті медициналық сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау жүйесін кейін «Бисмарктың денсаулық жүйесі» деп атап кеткен.

Әрине, әлемдік тәжірибеде міндетті медициналық сақтандыру жақсы нәтиже берген. Мәселен Францияда халықтың – 80, Германияда – 90, Бельгияда – 98 % міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Бірақ осы әлемде өз орнын тауып, әдемі сіңіп кеткен дүниелердің Қазақстанға келгенде қырсыға қалатыны бар емес пе?! Жемқорлық жайлаған қоғамда халықтың көңілі көп нәрсеге сене бермейді. Осы жүйе келе салысымен медицина саласындағы қызмет көрсету мәдениеті көтеріліп, денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер өзінен өзі шешіле кетеді деген әдемі сөздерге сену қиын. Өйткені, біз бұл «жаңалықтың» дәмін бұрын да татқанбыз. Еліміз 90-жылдары міндетті медициналық сақтандыру жүйесін қолға алып, ақыр аяғы құрдымға кетті. Яғни, бұл бізге жаңалық емес, өтіп кеткен бір кезең. Осыған орай сала мамандары М.Давлетова мен М.Тұрсымбаевалар былай дейді:

«Ол процесс сəтсіз аяқталды, сондықтан алдағы уақытта аталмыш жүйе тағы сəтсіздікке ұшырауы мүмкін. Осы орайда медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған жағдайда бұл жүйені талай уақыттан бері қолданып келе жатқан басқа елдердің озық тəжірибесіне сүйене отырып енгізген дұрыс. Ендігі кезде, медициналық сақтандыруға бөлінетін, жиналған қаржының қатаң бақылауда болуы міндетті. Медкөмек науқастардың сұранысына орай қолжетімді болып, азаматтар кез келген жерден міндетті медициналық сақтандырудың аясында медициналық көмекті ала алатындай болғаны жөн. Қандай сақтандыру жүйесін енгізсе де, бірінші орында қарапайым халықтың жағдайы ескерілуі керек».

Үміт бар. Алайда, бұл жүйе сол үміттің үдесінен шыға ала ма? Әлде тағы біреу қордағы ақшаны қалтасына басып, шетел асар ма екен? Онсыз да жалақысының 10 пайызын мемлекетке, 10 пайызын зейнетақы қорына аударып отырған халық тағы 2 пайызын сақтандыру қорына салса, мардымсыз жалақысынан не қалар екен?! Оның үстіне уақыт өте келе 2 пайызымыз әрі қарай өсетіні тағы белгілі.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter