Аймақтар Жаңа жылдық шығындарын азайтуда
- Жан КЕНЖЕ
Жыл сайын әр қала Жаңа жылға орай сәнденіп, ұзатылар қыздай ажарланып шыға келеді. Оған бюджеттен арнайы қаржы да бөлінеді. Бірақ бұл мерекеге аса мән бермей, арнайы қаражат қарастырмайтын аймақтар да бар.
Былтыр кей өңірлер бірнеше миллион бөлсе, кейбірі бюджеттен Жаңа жылдық шығынды алып тастаған болатын. Айта кетерлігі, облыс бюджетінен қаржы болмағанымен, барлық облыстарда орталық қаланы безендіру үшін ақша табылған. Дағдарысқа байланысты, кейбір қалаларда жаңа әшекейлерді сатып алуға шектеу қойылып, ескі әшекейлер қайта жөнделіп, көшелерге ілінген. Кейбір қалаларда көшелерді сәндеуді жеке кәсіпкерлер жүзеге асыруда.
Былтыр Жаңа жылды қарсы алуға көп қаржы жұмсап, сөзге қалған облыстың бірі — Павлодар болатын. Облыс бойынша мерекелік безендіру, шырша орнату және мүмкіндігі шектеулі, жағдайы төмен балаларға сыйлық жасау үшін 52 млн 425 мың теңге жұмсалған. Ал, Павлодар қаласын безендіру үшін 41 млн теңге бөлінді. Биыл павлодарлықтар шығындарын азайтып отыр. Қала әкімдігінің хабарлауынша, қаланы безен-діруге былтырғыдан 20 млн теңге кем жұмсалмақ. Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Асқар Ғазизовтың айтуынша, биылғы бөлінген 40 млн теңгеге көшелер, саябақтар мен мөлтек аудандар жарықтандырылады. «Былтырғы шыршаны қайта орнаттық» дейді ол.
Ал, шымкенттіктер осымен екінші жыл Жаңа жылға деген қаражатты жетім-жесірлер мен аз қамтылған отбасыларға үлестіріп берді. Былтыр Шымкент қаласына бөлінген 80 млн теңге жетім және аз қамтылған балалар үшін жұмсалса, биыл бөлінген 34 млн теңге жетім қалған 804 баланың әрқайсысына 42 мың теңгеден аударды. Ал, қаланы жеке кәсіпкерлер өз қаражатына безендіріп жатыр.
Кей аймақтар керісінше шығындануға мәжбүр болып отыр. Айталық, Қарағанды облысы өткен жылы бюджет қаражатын қатаң үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында Жаңа жыл мерекесін атап өтуге қаржы бөлген жоқ еді. Қаланы безендіруге де ақша қарастырылмады. Барлық жерде өткен жылғы әшекейлер пайдаланылған. Десе де, ағым-дағы жылы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі мәслихаттан 69 млн теңге қарастыруын өтінді. Өйткені, бұрынғы ойыншықтар мен конструкциялар ескіріп, жарамай қалған.
«Бізде бәрі көмір жағады. Ауада көмірден шыққан шаң қалықтап жүреді. Сондықтан әшекейлердің түсі өзгеріп, сұп-сұр болып кетіпті» дейді аталған бөлімнің басшысы Ш.Жүсіпова.
Көптеген аймақтар қанша қаражат бөлгенін жасырын ұстап отыр. Дегенмен, жыл өткен сайын облыстардың қаржыны желге ұшырмай, шығынды азайтқандары көңіл қуантады.
- Жаңа жыл
- мереке
- аймақтар
- қызық ақпарат