Жатақханасы жоқ оқу орындарын жапсақ қайтеді?
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Оқу бітті, уайым азайды. Студент деген ұмытшақ халық қой. Өткен қыркүйектегі күйіп-піскені, күйгелектенгені естен шығып, жаңа оқу жылында құжатын құшақтап, жатақхананың жанында тағы жүреді. Жетіскенінен жүрмейді, бір орын бұйырар деген бұйымтайын құшақтап жүреді.
Бірақ оған қажет құжаттарды түгендеп бітсе ақша, ақша төлесе, ұзын-сонар кезек, не керек, екі-үш күн уақытты жатақханаға жұмсайды. Алыста болса, ат арылтып, алдын ала ай басында барып қайтасың, әлгі талаптарын түгелдеп бөлменің нөмірін әзер алып қайтасың. Алсаң көңілің тоқ болғаны, онда бір жыл бойы тұратын жерің, қағатын тегін есігің бар. Мұның бәрі бізге де таныс шапқылау. Ал, алмасаң ше? «Қыстың қамын жаз ойла» деген бар. Олай болса ойланайық.
Бұрындары Алматы мен Астанаға алып-ұшатын студенттер бүгінде Шымқалаға да бет бұра бастады. Өзі халқы жағынан көш бастап тұрған облысқа сырттан білім алуға келетіндер жыл санап артып келеді. «Жастар деген әдемі ғой, әдемі, Әдемілік бізге көптік етпейді»,-деп қабылдап жатырмыз, қабылдап жатырмыз. Қабылдамай қайтейік, бір ғана Шымкенттің өзінде жиырмадан аса жоғары оқу орны бар болса?! Бірақ осы сансыз оқу орнының жатақханаларын санауға саусақ жеткізе алмай жатсақ, жақсы ғой...
Бүгінгінің жатақханалары да адам таңдайды. Құдды үйленетін жігіттей. Алдымен мемлекеттік грант иемденген болуы керек. Жөн-ақ, 11 жыл жатпай-тұрмай оқыған болса, неге 4 жыл жағдайын жасамасқа?! Сосынғы кезектің тізгінін 1-курс студенттері мен «Алтын белгілер» алады. Енді ғана қалаға келгендерге неге жатақхананы көп көруіміз керек? Тағы жөн. Одан кейін тұл жетім, көпбалалы отбасыдан шыққан, мүгедек, яғни әлеуметтік жағдайы төмен студенттердің кезегі. Алсын! Тағдырынан теперіш көргендер тар қаладан тарыдай мейірім таппағанымен қоймай, жатын орыннан қағылуы керек пе? Ал оған қоғамдық жұмыста белсенді атанғандар мен қабылдау комиссиясында жұмыс істегендерді қосыңыз... Қосыңыз, қорықпай қоса беріңіз. Оның айналасындағылар мен тамыр-таныстарды да іштей қоса түсіңіз. Ішіңіз біліп отырған шығар, енді тізімнің қаншаға жетіп қалғанын?
Қысқасы, ақылы бөлімдегілерге жатақхананың ауылы алыс. Сондықтан сабылып пәтер іздейді, табылып жатса, жақсы. Жыл сайынғы оқу ақысы, күн сайынғы ішіп-жемі, қағаз-парағы, жүріп-тұруы бар студенттің қалтасы пәтердің ақысын көтере ме? Әсіресе, ақырғы курстар қалаға бой үйретіп болған, енді оң-солын таныған саналады. Сондықтан оларға түп-тұқиянымен жатақхана жоқ. Таныс-тамыры бары болмаса, дәметпейді де, үміттенбейді де. Байқағаныңыздай, оңай жерде жатақхана жоқ.
Әне-міне дегенше күз келеді. Қазір құжаттарын алып, оқу орнын таңдап жүргендер бастапқыда жатақханаға мән бермей, кейіннен бармағын тістемесе игі. Өйткені Оңтүстікте студенттер арасында сауалнама жүргізе қалсаңыз, жақсы деген баға өткен жылы ашылған су жаңа студенттер үйіне беріледі. Болды! Сонда басқа жатақхананың бәрінің жағдайы жақсы болмағаны ма? Жақсы болмағанын қоя беріңіз, біздің өңірде жатақханасы жоқ оқу орындары да шаш етектен. Барының өзінің ішінде «ауруын жасырғандары» жетерлік. Енді қамықпай көріңіз, енді күрсінбей, енді жазда да жан ауыртпай жайбарақат жүріп көріңіз...
Қазақстанда 75 904 орынға есептелген 237 жатақхана бар. Бірақ осы тіркескен сандар жыл санап көбейетін студенттердей өсіп келе ме? Жан басына шаққанда жатақхана таппай, шыбын жаны шырқырайтындар көп болып шықпай ма? Өткен жылғы мәліметке сенсек, елімізде жатақханалар бағасынан көш бастап тұрған – Сүлеймен Демирел университеті. Оған студенттер жылына 175 мың теңге төлейді. Осы керуенді КИМЭП, Т.Рысқұлов атындағы ҚЭУ, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жатақханалары жалғап кете барады. Ең арзан жатақхана Тараздағы М.Дулати атындағы мемлекеттік университетте екен, оған жылына бар-жоғы 4000 теңге төлесеңіз болды. Бірақ, тараздықтардың айтуынша, ол жатақханаларда студенттер тұруға қорқады. Қаланың бұзық балалары шеттен келгендерге күн бермейді екен.
Ал Оңтүстіктегі мемлекеттік педагогикалық институтта жатақхана бағасы былтыр жылына 50 мың болса, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ мен Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жылдық ақысы 22 мың көлемінде екен.
Қазір қаладағы жалдамалы пәтердің құны да көңілге жылылық ұялата қоймас. Ең төмен бағалы бір бөлмелі пәтер 30-40 мың теңгені төңіректейді. Осындай пәтерлерде студенттер қалтаға жеңіл түсу үшін топтасып тұрады. Бірақ бұл пәтерлер де жатақхананың ахуалымен деңгейлес болса керек. Көбіне жиһаз-жабдықсыз.
Жыл сайын күз келсе – осы дау. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Өзгеріп кетіп жатқан ештеңе жоқ. Жыл сайын жатақхана сұрап, жоғарғы оқу орнының алдында жәутеңдеген жастар, жыл сайын табанынан тозып пәтер іздеген студенттер. Жатақханаға барайын десе, көпшілігінің іші адам шошырлық. Ал пәтер іздейін десе, қалтасы көтермейді. Не керек, жоқтан бар жасау да қиын сияқты. Не үшін күні бұрын байбалам салып отырмыз? Ең болмаса, барымызды талғажау етіп үйренейік те. Құдай жазып, биыл жаз бойы ғимараттар жөндеуден өтсе, жаңа оқу жылында жатақханалар безген «бала-шағасын» қайта жиып алар деген үміттеміз.
Сөз соңында айтарымыз, жоғары оқу орындарын ашпас бұрын алдымен студенттер жататын жатақхана салынса екен. Әйтпесе бала-шаға әркімнің босағасын сығалап, тентіреп жүріп не білім алады?! Жалпы, жатақханасы жоқ оқу орындарының не керегі бар? Шындап келгенде, мемлекет жатын орны жоқ оқу ордаларын шетінен жауып тастаса да, артықтық етпес еді. Себебі оқу орнының сапасы, жайлылығы ең алдымен жатақханасының кеңдігімен, көптігімен өлшенуі тиіс деп ойлаймыз.
- жатақхана
- оқу жылы
- университет