Мешін жылы қандай елеулі оқиғалармен есте қалды?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Мешін жылы қандай елеулі оқиғалармен есте қалды?

  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Қарбалас пен әуре-сарсаңға толы болған 2016 жыл да тәмамдалуға таяу. Жаңа 2017 жыл жақындап келеді. Көшелерге әшекейлер ілініп, жер-жерде жаңа жылдық шыршалардың шамы жағылып, жұртшылық бүгінде «Тауық жылын қалай қарсы аламыздың» қамына кірісіп кеткен. Дәстүр бойынша әр жылдың соңында өтіп бара жатқан жылға есеп бере кету әуелден-ақ әдетіміз емес пе?! Сол жүрістен жаңылмай, ағымдағы жылдың несімен ерекшеленгеніне бірсыпыра шолу жасағанды құп көрдік. Әрине, өмір болған соң, бәрі тақтайдай тегіс болмайды, бәрі сіз ойлағандай жүзеге аса бермейді. Сондықтан бұл жылда төбеміз көкке екі елі жетпей, жас балаша шаттанып, қуанған да, біраз жайтқа налып, қайғырған да тұстарымыз болды. Ұтқан да, ұтылған да сәттеріміз жоқ емес. Бірақ тарихтың аты – тарих, оны өшіріп, сызып тастай алмайсыз, уақыт қойнауына сол күйі еніп кете барады.

Кезектен тыс сайлау өтті

Мешін жылы табалдырықтан аттаған беттегі ең басты саяси жаңалық ретінде Мәжіліс депутаттарының өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатып, жаңа сайлау тағайындау туралы ұсынысын ақыры іске асырып, 20 наурызда өткен Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауын айтар едік. «Күтпеген жерден» жарияланған «тосын» бастаманы еліміздегі еңбек ұжымдары мен саяси күштердің барлығы лезде қолдай кетті. Саяси доданың да қорытындысын күні бұрын долбарлап сезгенбіз. Түйсігіміз алдамапты, 6 саяси партияның арасынан «Нұр Отанның» бәсі басым болып, 82,20 пайыз дауыс алды. Сөйтіп, тағы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сөйтіп, тағы да 7 пайыздық межені бағындырған Коммунистік халық партиясы мен Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясын жанына серік етіп, төменгі палатадан қоныс тепті.

Жер реформасы және мораторий

Елбасының 5 реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 35-қадамында көзделген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруді ынталандыру үшін былтыр 2 қарашада Жер кодексіне түзетулер енгізілгені естеріңізде шығар. Аталмыш құжат биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енуі тиіс-тін. Алайда аталған заңдағы толықтырулардың ұстанымы ұғынықты болмауы, жаңа нормалардың мән-жайы қалың бұқараға жеткізіліп, егжей-тегжейлі түсіндірілмеуі жұртшылықтың күмәнін туғызды. Тіпті оның соңы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жер реформасына қарсылық білдірген митингілерге ұласты. Ақырында Үкімет деңгейінде жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, оның бірнеше отырыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде жер заңнамасының өзгерістеріне мораторий 5 жылға ұзартылды. Арғы жағына уақыт – төреші.

Дүр сілкінткен терактілер

Қазақ қоғамы жер дауымен әрі-сәрі күй кешіп жүргенде, Ақтөбеден тағы да теракті бұрқ етті. Бір топ адам екі қару дүкені мен әскери бөлімшеге шабуыл жасады. «Тағы да» деуіміздің мәнісі бар: Қазақстандағы жанкештінің араласуымен болған алғашқы жарылыс дәл осы Ақтөбе қаласында болған-ды. 2011 жылы. Кейін Астана, Атырау мен Таразда жалғасын тауып еді. 5 маусым күнгі Ақтөбе қаласындағы трагедия да талай бейбiт адамның өмірін жалмап, талайына жарақат салды. 9 адам қаза тауып, 38 адамның әртүрлі дене жарақаттарын алғанын мәлімдеді құзырлы орган өкілдері. Шілденің 18-інде Алматы қаласында орын алған лаңкестік оқиға да көпшілікті үрейлендіріп қойды. Бірнеше полиция қызметкері мен бейбіт тұрғын көз жұмды.

Жаңа министрліктер құрылды

«Экстремизм мен терроризм тудырған қауіп-қатерді сейілтуде пәрменді шешімдер қабылдап, осы бағыттағы қым-қуыт шаруаны реттеуге ықпал етеді» деген мақсаттан туындаса керек, биыл қыркүйекте жаңа ведомство құрылды. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі деп аталады. Әзірге әлеумет аталмыш органның пайда болуына «Елімізде діни ахуалды реттеуге, оның тұрақтылығын нығайтуға жасалған нақты қадам» деп баға беріп отыр. Бәлкім, терактілердің алдын алу үшін атқарылған лайықты амал-шаралардың бірі болар.

Ал қазан айының басында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дүниеге келді. Аталмыш мекеменің тұңғыш басшысы болу бақыты ОҚО-ны бір жылдан сәл аса басқарған Бейбіт Атамқұловтың пешенесіне жазылыпты.

Шулы сот процестері

2016 жыл ең шулы дейтін сот процестерінен кенде болған жоқ. Жылдың басы Шымкенттегі «сыра королі» Тоқтар Төлешовті тұтқындаудан басталып еді. Жылдың соңына таман ақыры үкім кесілді. Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық əскери соты Қазақстанның конституциялық құрылымына күштеп өзгеріс енгізбекші болғаны үшін айыпталған Т.Төлешовті мүлкін тәркілей отырып, 21 жылға соттады. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеп жатыр. Сондай-ақ оның сыбайластарына да үкім шығарылды. ҚР Бас прокурорының бірінші экс-орынбасары Ілияс Бақтыбаев – 7 жылға, ОҚО ІІД бұрынғы басшысы Хибратолла Досқалиев – 5 жылға, №55652 әскери бөлімінің бұрынғы командирі Қайрат Пернебаев – 3 жылға, №35748 әскери бөлімінің командирі Бекзат Жумин 4 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Бәрінің мүлкі тәркіленді. Бәрі де қатаң тәртіптегі колонияға айдалды. Олар «Т.Төлешовпен бірге билікті басып алуды насихаттады және шақырды немесе конституциялық құрылымды зорлықпен өзгерткісі келді, экстремистік топ құрды, оны басқарды немесе оның қызметіне қатысты» деп айыпталды. Жалпы, Т.Төлешов ісі бойынша 25 адам сотқа тартылды.

Кетіп бара жатқан жылдың тағы бір шулы ісі Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысты. Халықаралық шараны өткізуге жауапты ұлттық компания басшысы Талғат Ермегияев сыбайластарымен бірге 10 миллиард теңгені жымқырды деп айтыпталып, 2015 жылдың 12 маусымынан бері үйқамақта отырған-тын. Бір жылға созылған процесте онымен бірге 22 адам сот алдында жауап берді. Қылмыстық іс 540 томға жетті. Әйткенмен Т.Ермегияевтің өзі кінәні мойындаудан бас тартты. Барлығын таразылай келе, Астана соты оны 14 жылға абақтыға жапты. Одан өзге 10 адамға үкім шығарды.

Ал Ақтөбедегі терактіге қатысты іс бойынша жеті адамға (Жаңабай Қуанышбаев, Бақыт Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов, Арсен Таңатаров, Асхат Рахметов, Ануар Садихов, Асхат Иманғалиев) өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Тағы екеуі: Азамат Абдрахманов – 20 жылға, Айдос Жұбанов 22 жылға сотталды. Жалпы, жабық тәртіпте өткен сотта 29 адам жауап берген екен.

Алматыдағы лаңкестіктің басты фигуранты Руслан Күлекбаев өлім жазасына кесілді. Сонымен қатар «Заңсыз қару-жарақ сақтады» және «Күлекбаевпен бірге кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасады» деген айып тағылған бес күдікті – Роберт Лю, Жасұлан Сапарбеков, Дәурен Әсембекұлы мен Ербол Құсайынов, Нұрсұлтан Әбдімомын да темір торға ұзақ мерзімге тоғытылды.

Жер реформасына қарсы өткен Атыраудағы митингіге қатысқаннан кейін қылмыстық баптар бойынша айыпталған Макс Боқаев пен Талғат Аянға да жуырда үкім шықты. Екеуі де бес жылға бас бостандықтарынан айрылды.

Айтпақшы, белгілі продюсер Баян Есентаеваның күйеуі Бақытбек Есентаевыңыз да «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша 9 жылға өз еркіндігімен қош айтысты.

Елең еткізген кадрлық ауыс-түйістер

Үкіметті екі дүркін тізгіндеген Кәрім Мәсімов биыл қыркүйекте премьерлік креслоны босатты. Қыркүйек айының қандай құдыреті барын кім біледі, әйтеуір, алғашқы тағайындалғанында да 2012 жылдың аталмыш айында қызметімен қош айтысып еді. Бірақ «тесік моншақтың жерде қалмайтыны» іспетті лауазымсыз қалған жоқ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығы бұйырды.

Ал Иманғали Тасмағамбетовтің сонау 2000 жылдардың басында өзі жетекшілік еткен министрлер кабинетіне вице-премьер болып оралуының сырына әлі күнге талай жұрт бойлай алмай жүр.

Бұған дейін бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің вице-спикері, премьер-министрдің орынбасары болған Дариға Назарбаеваға тағы да жаңа қызмет бұйырды. Сенат депутаты атанды. Жай депутат емес, жоғарғы палатадағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы болып бір ауыздан сайланғаны тағы бар. Бүгінде Д.Назарбаеваның жаңа лауазымына қатысты әлеуметтік орта мен саяси сарапшылар тарапынан түрлі болжамдар айтылуда.

Сондай-ақ биліктің небір бишігін ұстап жүрсе де, әкім болып көрмеген Әсет Исекешев пен Жансейіт Түймебаевқа биыл осы лауазым нәсіп болды. Бірі – Астана қаласының, екіншісі Оңтүстік Қазақстан облысының тізгін-шылбырын ұстады.

Назарбаев бейнеленген банкнот

Ұлттық экономикамыз девальвацияны өткеріп жатқан шақта былтыр айналымға 20 мың теңгелік купюра енгізіліп еді. Бұдан өз кезегінде инфляция өсімі мен теңгені таргеттеу жүйесіне бірден көшуге тура келгендігін аңғарғанбыз. Ал биыл теңгенің туған күнінде – 15 қарашада Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» тақырыбындағы конференция аясында Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа 10000 теңгелік банкнотты таныстырды. Ұлттық банктің қолма-қол ақша басқармасының бастығы Тоғжан Әбішеваның айтуынша, жаңа купюраның таралымы шектеулі. «Таралымы – 100 мың дана. Ол ақшамен есеп айырысуға әбден болады. Бірақ ондай купюраға ие болған адам одан айырылмауға тырысатын сияқты», - деді басқарма бастығы. Сіздерді қайдам, әзірге өз басымыз ол ақшаны қолмен ұстап, көзбен көргеніміз жоқ.

Ақорда: Нұрсұлтан Назарбаев сырқаттанып қалды

Еліміз тәуелсіздік алғалы «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ауырып қалыпты» деген ресми мәліметті құлағыңыз шалып па еді? Биыл алғаш рет Ақорданың баспасөз қызметі Елбасының салқын тиіп сырқаттанып қалуына байланысты ем қабылдап жатқанын хабарлады. Білуімізше, мемлекет басшысы Армения президенті Серж Саргсянның шақыруымен Арменияға сапарлап, 14 қазанда Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысады деп жоспарланған екен.

Астана атауын өзгерту

Биыл тағы да Парламент депутаттары республика тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Астана қаласы атауын мемлекет басшысы құрметіне өзгертуді ұсынды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев бұған қарсылығын білдірді. «Астана – бұл бренд. Елорда атауын өзгертудің қажеті жоқ», – деді Назарбаев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында.

«ЭКСПО-2017» нысаны құлады

«Тумай жатып туа шөкті» демекші, 16 қарашада халықаралық көрменің С1 және С2 павильондарының арасындағы декоративтік конструкция құлады. «Все к лучшему» деп өзімізді-өзіміз жұбаттық. Тура көрме қызып жатқанда опырылса, не істер едік? Масқараның көкесі сонда болмай ма?! Қайта оған дейін біраз кем-кетікті пысықтап аламыз да.

3 алтын, 5 күміс, 9 қола

Биыл Рио-де-Жанейрода 31-ші Жазғы Олимпиада өтті. Саңлақтарымыз елге көтеріңкі көңіл-күймен оралды. Тұтастай алғанда, 17 медаль қоржынымызға түсті. Саны жөнінен – рекордтық көрсеткіш. 3 алтын, 5 күміс, 9 қола. Боксшыларымыз бен ауыр атлеттеріміз жарады. Аламан алдындағы жорамалдарымызда арық сөйлеп едік, семіз шықтық.

Түйін.

Әдетте дана халқымыз кібісе жылдың оңай тимейтінін айтады. Жалпылай алғанда, бұл жыл Қазақстанға ауырлау соққаны жасырын емес. Былтырғы девальвацияның толқыны инфляция болып ұрды. Қымбатшылық нарықта үстемдік құрып тұр. Алмағайып заман ешкімді де аяйын деп тұрған жоқ. «Быть или не быть» дейтін гамлеттік сұрақ – әлі де күшінде... Сондықтан «бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» деп өз-өзімізді алдарқата бермей, 2017 жылға мықтап әзірленбек керек.

Сіз не дейсіз?

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

– Тәуелсіздіктің ширек ғасыры егемен мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы оңай болмайтынын, тар жол, тайғақ кешулерге толы екенін көрсетті. Құдайға шүкір, қандай қиындықтарға қарамастан, Қазақстан ілгері адымдап келеді. Саяси-экономикалық салаларда толағай табыстарға жетті. Әлемдік қауымдастыққа кірдік. Сондықтан мен үшін ағымдағы жылдың басты оқиғасы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлағанымыз болды. Тәуелсіздік – ең негізгі құндылық. Меніңше, тәуелсіздікке, тәуелсіз мемлекетке, оның дамуына күдікпен қарау – өте-мөте қате, жалпы елімізге, қазақ халқына кесапат әкелетін пікір.

Өз басым тәуелсіздіктің жаршысы 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы кеңес қабылдаған «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заң емес, 1990 жылдың 25 қазанындағы Мемлекеттік егемендік туралы декларация деп білемін. Ол – өте күрделі тарихи құжат. Бізге шын мәнінде азаттық рухын сыйлады. Өйткені тәуелсіздік туралы заңдағы идеялардың барлығы декларацияда айтылған. Меніңше, осы мәселе кейінірек тарихшылар мен саясаттанушылардың талқысына түсіп, дау тудыратын үлкен тақырыпқа айналады. Пәлен дейік, түген дейік, біз тәуелсіздігімізді 1990 жылы жариялап жібердік. Посткеңестік кеңістіктегі өзге мемлекеттерден бұрын. Біздің тәуелсіздік туралы заңның қабылданған күні Желтоқсан көтерілісімен қабат келеді, осы тұста қайшылық бар. Сондықтан осы қайшылықты шешудің жолы – 1990 жылдың 25 қазанындағы декларацияның маңызын төмендетпеу. Бұған, әрине, саяси шешім керек.

Иә, әлі күнге шешімін таппаған мәселелер баршылық. Әсіресе, бай мен кедейдің арасындағы алшақтық қауіп төндіреді. Билік кедейлердің санын азайтуға күш салғаны жөн. Дінге һәм тілге қатысты алаауыздық бар. Осы үш түйткілдің түйінін тарқатсақ, тәуелсіздігіміз баянды болмақ.

Одан бөлек, жер реформасында ағаттықтарға жол беріп алдық. Қазақстанның жерін шетелдіктерге жалға беруге рұқсат ету қазақ халқының мақсат-мұраттарына мүлдем қайшы. Сол себепті де әр аймақтардағы жұртшылық Жер кодексіне енгізілген түзетулерге қарсылық танытты. Бұл – Қазақстан халқының шын мәнінде тәуелсіз ел болғанының, өзінің тағдырын өзі шешуге құлшынып отырғанының, қазақ халқының саяси санасының өскенінің, саяси мәдениетіміздің қалыптасып жатқанының айқын көрінісі. Билік халықтың айтқанына еріксіз көніп, жерді шетелдіктерге жалға беруді 5 жылға тоқтатты. Бұл халықтың дербес сөз айтып, билікті өз дегеніне көндіре алатындығының нақты көрінісі болды. Биліктің пәрмені жүзеге аспады, бұқара өзінің қалауын біршама орындатты. Әрине, 5 жылдан кейін аталмыш мәселе тағы да көтеріледі, алайда қандай дәрежеде көтеріледі, билік өз ұстанымында қала ма әлде халықтың ұстанымына көше ме, ол – екінші мәселе. Президенттің өзі айтты ғой «Халыққа ұнамаған реформа бізге керегі жоқ» деп. Демек, билік халықпен санасып отыр. Сондықтан, менің ойымша, әлеуметтің жер реформасына қарсы болуы – 2016 жылдағы ең маңызды саяси оқиға.

Үшіншіден, биыл Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толды. Мұны әдепкіде билік жап-жақсы атап өте бастап еді. Әйткенмен кейінгі кезде газет-журналдарда ол туралы мақалалар жариялауды тоқтатты. 30 жылдық датаға байланысты ұлттық, тарихи сананы көтеруге ықпал ететіндей дұрыс қолғабыс жасамады. Оны атап өту тек оқу орындарының ұжымы ауқымымен шектелді. Мемлекеттік деңгейде өткізілмеді. Шындығында, бұл қазақ халқын егемен ел болуға бір табан жақындатқан көтеріліс-тін.

Төртіншіден, мемлекетшілдігіміздің дамуына, халыққа қызмет етудің үлгі-өнегесі болатын шара Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы болды. Ол – қазақ халқының шын мәніндегі көсемі. Кезінде В.И.Ленинді «күн көсем» деп қалай дәріптесек, Ә.Бөкейханов та – сол дәрежеде әспеттеуге тұрарлық тұлға. Оның еңбектері барлық саланы қамтыды. Ол – тәуелсіздік идеясының жаршысы. Сол себепті айтулы датаға орай ол кісі жөнінде беделді басылымдарда көлемді-көлемді ондаған мақала жарық көрді. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның арқасында Ә.Бөкейхановтің кім болғандығын, алаш идеясының өміршеңдігін, оның іске аса бастағанын жас ұрпақ етене біле бастады.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

– Биыл Қазақстанның егемендік алғанына 25 жыл толды. Бірталай мүмкіндіктер туған жыл еді. Алайда сол тарихи, саяси мүмкіндіктерді, өкінішке қарай, тәуелсіз мемлекет, ұлт ретінде пайдалана алмадық. Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы іспетті дүниелерді түсінудің, жаңаша көзқарас қалыптастырудың нәтижесінде өзіміздің мемлекеттілігімізді, ұлтжандылығымызды күшейтуде көп мүмкіндік бар-тын. Бірақ билік сол баяғы сарынмен, ескі инерциямен жүріп отырды. Сондықтан экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, 2016 жыл бұған дейінгі жылдардың жалғасы болды. Мысалы, адам құқықтарын шектеу, экономикадағы дағдарыс, әлеуметтік наразылықты елемеу, халықаралық ұйымдардың сынына ұшырау, сыртқы саясатта Ресейдің жетегінде жүру секілді мәселелер биыл да жалғасын тауып қоймай, одан әрі ушыға, күрделене түсті.

Менің ойымда із қалдырып, қынжылыс, өкініш туғызған ең маңызды оқиға – жер дауы. Жер реформасына қатысты түрлі қалаларда, облыс орталықтарында шерулер, жиындар өтті. Халықтың атынан айтылған сөзге билік тиісті дәрежеде құлақ аспады. Керісінше, «жерімізді сақтап қаламыз» деген ұлтжанды азаматтарды қыспаққа алды, бірталайын түрмеге отырғызды. Өзінің халқына осындай көзқарас танытатын биліктің жоғары сенімге ие болып, тұрақтылықты сезінуі және дұрыс жолмен жүріп бара жатқандығы туралы айту қиын.

Мешін жылының түгесілуіне 1 апта ғана қалды. Меніңше, халқымен тікелей байланысқа шығуға сескенген, қордаланған көптеген проблемаларды шеше алмаған, дағдарысты жылдардың бірі болды. Бұл мәселелердің ұзақ мерзім бойына шешілмеуі тек қана бүгінгідей не экономикалық, не әлеуметтік емес, түбі саяси дағдарысқа да әкелетіні анық. Және осы тұрғыдағы алаңдаушылықтың бұлты 2016 жылы қоюлана түсті.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter