«Аяз ата, қандайсың?! Тоқсандағы шалдайсың...»
- Мақпал ТӨРЕБЕК
«Аяз ата, қандайсың?! Тоқсандағы шалдайсың. Өтірік сақал жалғап ап, Балаларды алдайсың». Осы бір тақпақты жаңа жылдық шыршаға ініме жаттауға беріпті. Балабақшаға биыл барған бала ғой, мән-мағынасын түсініп жүрген ол жоқ. Тақпағына қарамай Аяз атаға сенеді, сыйлық күтеді. Бірақ бүгінгі балалар ол сияқты Аяз атаға сене ме? Жаңа жыл таяғанда Аяз атаға бұрынғыдай хат жазатын балалардың да қатары сирегені бесенеден белгілі. Оған жоғарыдағыдай тақпақтардың көбейгендігі, бүгінгінің балаларының Аяз атаның шапан-сақалының астынан таныс жүзді іздейтіні бір дәлел. Әйтсе де жаңа жылды Аяз атасыз елестету мүмкін емес. Әлі де оның ат арылтып алыстан келетініне иланатын балалар баршылық.
Аяз ата демекші, ертегі кейіпкеріне ұқсайтын осы бір образдың да өзіндік шығу тарихы бар емес пе?! Сонымен Аз ата дегеніміз кәдімгі Санта Клаус па? Тарихшылардың мәлімдеуінше, олай емес. Санта Клаус V ғасырда Грекияда өмір сүрген Николайдың прототипі ретінде ойдан шығарылса керек. Николай адам сенгісіз сиқырлар жасаған екен. Көзі тірісінде тым жомарттық танытып, балаларға қамқорлық көрсеткен ақ сақалды шалдың Санта –Клаус, Микалаус сынды бірнеше аты да болған.
Ал Аяз ата дегеніміз – кәдімгі қыстың, аяз бен ызғардың билеушісі. Оны тағы да Трескун немесе Карачун деп атаған. Бұрындары ауыл жастары жиналып ызғарын ала келетін Аяз атаны бетпердемен күтіп, оған тәтті тағамдар дайындап қойған екен. Өйткені ол қатыгез адамдарды боратып келіп, қатырып мұзға айналдырып жібереді деген түсінік болған. Ал бүгінгі ұрпақ Аяз атадан сыйлық күтеді. Ал қызыл ала шапаны бар ақсақалдың мекен-тұрағы туралы аңыздар аз емес. Біріміз оны Солтүстік полюстен, енді біріміз Лапландиядан келеді деп есептейміз. Ғалымдар болса, оның Устю қаласынан шыққанын анықтапты.
Ал Ақшақар ше? Мектепте «Аяз атаның немересі» деп таныстырып жататын Ақшақар кім? Ел ішіндегі аңыздарға сенсек, ертеде орманға жақын орналасқан ауылдар ең сұлу қыздарын орман ағаштарына байлап, орман елестеріне құрбандық ретінде ұсынған. Орман халқының түсінігінде, үсіп қалған қызды қорек еткен орман елестері сол жылы ауылды боран мен дауылдан, қатты ызғардан құтқарады деп сенген. Бірде осылай талға байланған қызды Аяз ата өзіне жар етіп алыпты-мыс. Ал енді кей деректерде Аяз ата оны қар мен мұздан жасап алған деседі.
- Жаңа жыл
- Аяз ата
- қызық ақпарат