Жаңа жылға сыйлық дайындап үлгерейік!
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Жаңа жылда кімнен қандай сыйлық күтесіздер? Жақындарыңызға қандай сыйлық тарту еткен жөн? Әрине, кез келген адам ең жақсы сыйлыққа лайықты. Әсіресе, ұқыптылықпен, шеберлікпен таңдалған сыйлық сыйластықты арттырып қана қоймай, адамның өміріндегі ең үлкен естелікке айналуы бек мүмкін.
Олай болса, биыл ең алдымен аналарға, әйел затына не сыйлауға болатынынан бастайық. Сыйлауға болатын дүние көп болғанымен, әр адамның талғамына сай, оның көңілінен шығып, жылдар бойы есінде қалатын сыйды таңдау – қиынның-қиыны. Сонымен әйел заты қандай сыйлыққа құмар? Ең алдымен бір сәт ойланып алыңыз. Анаңыз немесе әйеліңіз жаныңызда жүрсе, оның қажетсінген заттарын сөз арасында айтып қалмауы мүмкін емес қой. Мысалы, әтірінің таусылғаны немесе бір шаңсорғыш алуы керегі жөнінде. Демек ол үшін өзі қажетсінген дүниеден артық сыйлық жоқ.
Ал кейбір жандар сыйлықты өзі таңдағысы келеді. Мысалы, сіз оның жиі баратын әшекей немесе киім дүкендерін білетін болсаңыз, бірге барып, ұнаған дүниесін сатып әперуіңізге болады. Сондай-ақ, өмірде сатылмайтын дүниенің ең қымбат сыйлық екенін біз айтпасақ та білесіз. Сондықтан ең бірінші, сыйлық сатып алмас бұрын оған бөлетін алтын уақытыңыз бен айтатын жақсы сөздеріңізді сайлап алғаныңыз да құба-құп. Мұндай мерекеде тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүниеге әкелген, баққан-қаққан анаңызға қалай алғыс айтсаңыз да, өмірдің ыстығы мен суығын бірге бөлісіп келе жатқан жарыңызға қандай жақсы сөзіңізді арнасаңыз да артықтық етпейді емес пе?!
Сыйлықтың аты – сыйлық. Оның бағасынан да маңыздысы – кімнің кімге сыйлық жасағанында. Биыл тауық жылында қызғылт түстер сәнге айналады. Сондықтан қызыл көйлек пен қызыл сөмке сыйласаңыз да, әйел заты үшін бұл қажетсіз дүние бола қоймас. Сонымен қатар қомағайлау келетін тауық жылында асхананың ханшайымдары үшін миксер мен шырын сыққыштар, көкөніс турағыштар – таптырмайтын сый. Бір сөзбен айтқанда, асхананың бір бұрышынан орын бұйыратын кез келген «құрал-саймандар» келіншегіңіздің көңілінен шығары сөзсіз. Енді соншалықты көп қаржыңыз болмаған күннің өзінде қызыл орамалды сыйға тартуыңызға болады.
Ал отбасының қорғанына айналған әкелер мен аға-інілерге былғарыдан жасалған белбеулер мен әмияндар, жеңілгектер сыйға тартуыңызға болады. Жастардың көңілінен шығатын дүниені дөп басып айту қиын. Әйтсе де құлаққап пен ұялы телефонға қажетті құрал-жабдықтар – жастарға таптырмайтын сый.
Бұл – кез келген адамға ұсынуға болатын сыйлықтар тізімі. Әйтсе де әрбір адамның қызығушылығын ескерсек, оған ұнайтын сыйлықты ойланбай табуға болады. Мысалы, спортты жаны сүйетін адамға спорттық құралдарды, ал кітап оқуға құштар құрбыңызға әдеби шығармалар жинағын сыйлаңыз. Ал ата-әжелер үшін қан қысымын өлшейтін құралдар мен шәлі орамалдар кішігірім сый болары анық. Ең бастысы, жаңа жылда сый жасап, алғыс арқалау ешбірімізге артықтық етпейді.
- Жаңа жыл
- сыйлық
- қызық ақпарат