Жаңа жылды ең бірінші қай ел қарсы алады?
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Әне-міне дегенше есіктен Жаңа жыл аттағалы тұр. Мәреге жеткен мешін жылы талайдың меселін қайтармай, бағын еселеп берді. Ал есік қаққалы тұрған тауық жылы несімен есімізде қалуы мүмкін? Жаңа жылды ең бірінші болып қай ел қарсы алады? Өзге елдердің жаңа жылы несімен ерекше? Бүгін осындай қызықты ақпараттармен бөлісуді жөн көрдік.
Жаңа жылдың ең бірінші қай елден бастап енетінін дөп басып айту қиын. Әйтсе де, Гринвич мериданы бойынша ең бірінші жаңа жылды Ұлыбритания халқы, яғни ағылшындар қарсы алады деуге болады. Алайда кей деректерде жаңа жыл ең бірінші Фиджи аралының табалдырығынан аттайтын көрінеді. Өйткені арал бастапқы меридианнан 180 градус шығыста, яғни күннің ауысу шекарасында орналасқан. Сондықтан олар ең бірінші, яғни Астанадан 6 сағат бұрын жаңа жылды қарсы алады. Ал ең соңғы болып бастапқы меридианнан 180 градус батыста, Тынық мұхитында орналасқан Самоа мен Феникс аралы қарсы алады. Оларға жаңа жыл бізден 17-18 сағаттан кейін жетеді екен.
Ал әлем жұртшылығы тойлайтын жаңа жылды барлық ел бірдей қарсы ала ма? Әрине, жоқ. Әрбір елдің өзіне тән ерекшеліктері, әр елдің жаңа жылды тойлаудағы сақтайтын салттары мен сенімдері бар. Мысалы, Болгарияда сағат 12-де барлық үйде жарық сөнеді. Бұл бір-бірін жақсы көретін адамдардың сезімдерін білдіруіне берілетін мүмкіндік екен. Ал венгриялықтар жаңа жылды тауық етінсіз тосып алады. Өйткені олардың түсінігінде, құс атаулы – «бақыт құсының» туысы. Италиялықтар болса, ескі жылдағы ренжіскендерімен татуласып, қарыздарын қайтарады. Сондай-ақ үйіндегі ескі-құсқы жиһаздары мен ыдыс-аяқтарын жаңалайтын көрінеді. Францияда жаңа жылда жарлыларды тегін тойдырып, сыйлықтар ұсынады. Үндістандықтарда жаңа жыл Дивали, яғни жарық пен оттар мерекесі деп аталады. Тап осы күні аталмыш елдің ауыл-қалалары құдды бір оттың ішінде тұрғандай жарқырап нұрланып тұрады. Сондай-ақ ол жақтан дәл осы күні жарығы жанбаған үйді кездестіру мүмкін емес. Ал еврейлер жаңа жылды қазан мен қараша айларында тойлайды. Олар осы күні алма мен нанға бал жағып жеп, алдағы жылының балдай тәтті болуын тілейді. Өткен жылы жасаған қателіктері мен күнәлары үшін Құдайға жалбарынып, кешірім сұрайды. Өздеріңіз білетіндей, Ұлыбритания ашық хаттарды шығарған ел болғандықтан, олар көбіне жаңа жылда ақжарма тілегі бар хаттарды жақындарына ұсынғанды жақсы көреді екен. Вьетнамдықтар болса жаңа жылды қаңтар мен ақпанда қарсы алады. Оларда жыл сайын атаулы күн ауысып отыратын көрінеді. Сондай-ақ олардың түсінуінше, тап осы күні үйге алғаш болып кірген адам бақыт немесе бақытсыздық әкеледі.
Алайда бұл дегеніңіз жаңа жыл барлық елде тойланады деген сөз емес. Мысалы, Израильде жылдың басы жұмыс күніне сәйкес келеді. Сондықтан израилдықтардың 2-3 миллионы ғана болмаса, жаппай бәрі жаңа жыл тойламайды екен. Қазақстандықтар үшін де жаңа жыл, яғни жыл басы Наурыз мерекесі болып саналады. Алайда жергілікті халық жаңа жылды 31 желтоқсанның түнінде қарсы алуды жылдағы үрдіске айналдырып үлгерген.
- Жаңа жыл
- мереке
- қызық ақпарат