Сіз кімсіз, С мырза?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Сіз кімсіз, С мырза?

Сіз кімсіз, С мырза?
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Бүгінде ұмыт бола бастаған, есімі еске алына бермейтін Сергей Терещенко соңғы кезде тым лепіріп жүр. Бал ара өсіріп, омарташылар одағын басқарып жүрген экс-премьер өзінің бар екенін елдің есіне салғысы келді ме, әлде шемен болған шерін ақтарғысы келді ме, әйтеуір соңғы кездері тәуелсіз Қазақстанның дамуына қалай үлес қосқанын айтқан сөздері анда-мұнда жарияланып жүр. Тіпті Қазақстанның алғашқы-премьер министрі шынын айтам деп сырын айтып қойып та жүрген сәттері бар. Кісінің аузына қақпақ болудан аулақпыз, әрине. Айта берсін. Тек бізде экс-премьерге бірнеше сұрақ бар.

Бірінші сұрақ: 100 миллион доллар қайда кетті?

1991 жылдың төртінші тоқсаны мен 1992 жылы халықты азық түлікпен қамтамасыз ету мақсатында 1991 жылдың 11 қазанында Үкімет қаулы шығарады. Онда ҚР сыртқы экономикалық қатынастарға жауапты министрлікке шетелден азық-түлік пен шикізат сатып алу, оның ақшасын төлеу үшін Министрлер кабинеті Казвнешэкономбанкке шет елден несие алу тапсырылған.

1992 жылдың 15 қаңтарында Казвнешэкономбанк (кейіннен – Әлембанк -ТуранӘлемБанк) ағылшынның «Бритиш газ» компаниясымен 100 миллион доллар несие жөнінде келісім жасасты.

Несие шарттары өте жұмсақ еді: 1,5 пайызбен, бес жыл мерзімге. Оны Қазақстан тарапы 1993 жылдың 1 маусымынан 1996 жылдың 1 желтоқсанына дейін, төрт жылда әр жарты жыл сайын, барлығы сегіз реттік жарна арқылы өтеуі тиіс болатын. Әр жарна мөлшері $12,8 млн және пайыздық үстеме мен қаржы операциясына қажетті төлемдер. Бұл «жақсылығы» үшін британдықтар қазақ жеріндегі мұнайды барлау мен өндіруде басымдыққа ие болуды көздеді. Несие берердегі «Бритиш газдың» негізгі шарты да осы болатын.

Мұндай ірі мөлшердегі қаржы қолына түскен Үкімет ең алдымен оның тиімді жұмсалуын ұйымдастырса керек-ті. Қарызға алынған ақшаны жұмсау мен қайтаруды реттейтін қаулы қабылданып, тендер немесе тиімді жобалардың байқауы өкізілуі... Мұның ешқайсысы жасалған жоқ. Бұл ақша Терещенко бастаған министрлер кабинеті үшін қарызға емес, садақаға берілген сияқты көрінді. Үш жылдан соң бірде-бір прокурор несиеге алынған ақшаның қалай жұмсалғанын біле алмай қалды. Кейбірі бойынша құжаттар жоғалып кеткен боп шықты. Ал, қарыз республикалық бюджет есебінен жабылып отырды. Кейіннен ҚР шетелдік капиталды пайдалану жөніндегі комитеті бұл несиенің қалай қолданылғанына ревизия жасағанда несие туралы келісімшарттың талаптары екіұшты екенін, қарыздың есебінен капитализацияланатын болашақ мұнай кен орындары үшін берілетін «аванс» немесе бастапқы жарна ретінде қаралғанын айтыпты.

Екінші сұрақ: Халық ақымақ па, Үкімет пе?

1994 жылы мемлекеттік «Береке» холдингі Голландиядан 8,8 миллион долларға балалар тағамын, құрғақ сүт пен маргарин сатып алды. Қазақстанға әкелінген тауар қымбат болған соң өтпей, қоймада жатып қалады. Жарамдылық мерзімі өтіп, қоқысқа тастаудан басқаға жарамай қалған тауарды холдинг басшылары ақшаға айналдырудың жолып тауып, балалар және медициналық мекемелерге таратып жібереді. Тегін емес, әрине. Не дегенмен, валютаға келген зат қой. Ал, осы операциядан келген 2,2 миллион доллар шығын тағы да бюджеттің есебінен жабылды. Бұл, қулықтан да сол кездегі Үкімет басшысы Терещенконың хабары болмады дейсіз бе?!

Ал, содан бір жыл бұрын, 1993 жылы Қазақстан Үкіметі Өзбекстаннан табиғи газ сатып алу туралы келісімге қол қояды. Сол кезде Еуропа нарығында көгілдір отынның мың текше метрі 70 доллар, ТМД нарығындағы баға 45-50 доллар болатын. Ал, Терещенконың Үкіметі ала тақиялы ағайыннан алатын табиғи газ үшін 84 доллар төлеуге келісті.

Терещенко Үкіметі тұсындағы жекешелендіру науқаны туралы әңгіме қозғалғанда әлі күнге өмірін өндірісте өткізгендердің өзегі өртеніп, «нерві» қозады. Өйткені, біраз тұрғынның үйіндегі сандықта жекешелендіру купондары әліге дейін сақтаулы. Сол кезде барлық қазақстандықтардың жасы мен жынысына қарамастан, ауылдағысына 120, қаладағысына 100 жекешелендіру купондары үлестірілді. Бір сөзбен айтқанда, сол купон иелеріне бірлесіп зауыт не шаруа қожалықтарын ортақ меншікке айналдыруға немесе арнайы инвестициялық қорларға салып, одан дивиденд алуға мүмкіндік беретін. 1993 жылдың соңына таман мұндай қағазды халықтың 90%-ы немесе 15,5 млн қазақстандық алды. Биліктің бұл бастамасы сол кездегі ахуалға ашынған қоғамды сабасына түсірді. Бұл Қазақстандағы жекешелендірудің алғашқы кезеңі ғана емес, халықты алдаусыратудың бірінші қадамы болатын. Оның аяғы немен біткені – баршаның есінде. Қолындағы купондарын сол қорларға салғандар құр алақан қалды. Баспана мен халыққа қызмет көрсету нысандарын жекешелендіруге мүмкіндік беретін тұрғын үй купондарының тағдыры да осы тақылеттес.

Үшінші сұрақ: Неге Президент Терещенконың отставкаға кетуін талап етті?

1991 жылдың 16 қазанында Ұзақбай Қарамановтың орнына отырған Сергей Терещенко басқарған Үкіметтің қызметіне шолу жасайтын болсақ, оның командасы күн санап құбылып, құлдырап жатқан экономика тұсында жұмыс атқаруына тура келгенін айта кеткеніміз әділ болады. Ресейдің Приморск өлкесіндегі Лесозаводск қаласында туған оның қызметте өрлеуі Қазақстанның оңтүстік аймағынан басталды. Түлкібас ауданындағы Куйбышев совхозының бас инженерінен облыс әкіміне дейін көтерілген ол премьер-министр креслосынан бір-ақ шықты. Ол Үкімет басына келгенде әлі де рубльдік аймақта қалуға үмітті болған Қазақстандағы жағдай қалыпты болды. Ел жалақысын алып жүрді, жолдар жөнделіп жатты. Жағдай 1993 жылдан кейін күрт өзгерді. Ресейдің қамқорлығынан күдер үзген Қазақстан өзінің ұлттық валютасын енгізуді ұйғарды. Халықтың төлем қабілеті күрт төмендеп, қайтарылмай қалған несие көбейді. С.Терещенко бастаған Үкімет шетелден жалпы мөлшері 5 миллиард доллардан астам несие алған. Ол несиенің шапағатын кімдер көргенін алдағы уақытта жазатын боламыз.

1991 жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік алған Қазақстанның сыртқы берешегі жоқ еді. 1994 жылдың қазан айында елдің сыртқы қарызы 2 миллиард доллардан асқан. Терещенко үкіметті басқарған үш жылдың ішінде елдегі инфляция деңгейі екі жарым мың пайыздан асып кетті. Теңге 11 есеге құнсызданды. Азық-түлік бағасын қуып жете алмай жалақы жатты жылап. Қордаланып қалған қарыздан арылту үшін кәсіпорындардың өзара есеп айырысуын жүргізуі сол кездегі министрлер кабинетінің ең сорақы қателігі болды. Мемлекеттен несие алған кәсіпорындар оны қайтармау үшін алған ақшаны жасырып тастады. Салдарынан жаңа ғана айналымға енгізілген ұлттық валюта құны құлдырап, бір айда екі есеге құнсызданып кетті.

Ал, Терещенко үкіметі Ресей алдындағы шын мәніндегі жоқ 1,3 миллиард доллар қарызды мойындағанының кесірінен Қазақстан солтүстік көршіміздің Байқоңырды пайдаланғаны үшін төлеуі тиіс берешегінен бас тартуына тура келді.

1994 жылдың күзінде Президент Сергей Терещенко мен оның министрлерінің отставкаға кетуін талап етті.

Төртінші сұрақ: Қайдан келген дүние?

Өзін «орташа шаруа» ретінде көрсетіп жүрген бұрынғы Үкімет басшысы Сергей Терещенко соңғы үш жылда Forbes рейтингісінде Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені тізімінен түспей келеді. Ол – негізінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірумен және сатумен айналысатын «Интеграция» халықаралық қоры» ЖШС-нің бенефициары әрі басшысы. Бір қызығы, осы компанияның еншілес мекемесі, Батыс Қазақстан облысындағы Болғанмола мұнай кенішінің операторы болған «Интеграция-Oil» ЖШС-нің бірінші директоры SCAT әуе компаниясының президенті Владимир Денисов болған. Бұрынғы үкімет басшысы «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары одағының төрағасы. «SDT Group», «Шах қазақ-ресей бірлескен кәсіпорны, «Honey Bee», «Эл-Тур-Шымкент», «Европолис Инвест», «Trans Caspian Resource», «Отандастар Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылтайшысы. Сондай-ақ, Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығына және ҚР аумағында азаматтық және қызметтік қарулар сатумен айналысатын кәсіпорындар қауымдастығына жетекшілік етеді. Ақмола, Алматы, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында егістік алқаптары бар.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Архимедті Архимед қылған кім?

Ол Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалғанда 40 жасқа да толмаған-тын. Аты-жөні де республикаға анау айтқандай мәшһүр емес, ары барса, бір өңірдің жұртшылығы ғана біледі. Сірә, содан да болар, Мемл...

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК Саясат

Ипотека арқылы үй алудың машақаты аз емес

Жуырда ғана LSM.kz сайты жүргізген зерттеу нәтижесіне көз салсақ, әр банктың ипотека беру шарттары әртүрлі. Мысалы, «Сбербанк Қазақстан» басқарма директоры Мақсат Нұриденұлының айтуынша, бұл банктен А...

Жан КЕНЖЕ Қоғам

Қай облыс несімен мақтанады?

Қазақстанның әр өңірінің өз ерекшелігі бар. Соған орай өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы да әрқилы дамыған. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндіктер берді. Елімізде қазба ба...

Жан КЕНЖЕ Экономика

Он жетімді бауырына басқан батыр әке

Отбасы да Отан сияқты... Өзегіңнен тепсе де, қазығын тапқан аттай қайта айналып соға бересің. Алайда адам біткен ананың сүтімен бойына жақсылы-жаманды қасиет жиып, әкенің тәрбиесімен ақ-қараны ажырата...

Мақпал ТӨРЕБЕК Сіздің елдің азаматы кім?

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter