«Түрік пен Үндінің сериалдары неврозға шалдықтырады» деп жүргенде, қазақтың сериалдары жындыханаға түсіріп жүрмесін...
- Мақпал ТӨРЕБЕК
Келесі жылдан бастап шетелдік сериалдар қазақстандық телеарналарда көрсетілмеуі мүмкін. Алайда, көгілдір экраннан түріктің, кәрістің, үндінің сериалдарын алып тастаған күнде талғажау етер тың туындыларымыз бар ма? Сериалдардың арқасында өз аудиториясын арттыратын телеарналар, отандық кинолармен көрермен жинай алмай ұятқа қалмай ма? Ойлана түссең, тізбектеле беретін сан сауал.
«Қазақстан» телеарнасында қазіргі таңда дүйсенбі-жұма аралығында төрт туынды көрерменге жол тартады. Оның бірі – дүйім ел білетін үндінің «Келін» сериалы болса, енді бірі – Малайзия елі түсірген «Сурайя» телехикаясы. Жоғарыда сериалдардың сағыздай созыла түсетіндері барын да айтқан едік. Соның бірі - «Келін». Аталмыш сериал көрсетілгелі 1600 бөлімнен асып барады. Ал қазақ телехикаяларынан «Айман-Шолпан» мен жуырда ғана жарыққа шыққан «Жаңа қоныс» фильмі бар. Бір сөзбен айтқанда, әлі де болса ұлттық арна отандық өнімді қолдап, шетелдік фильмдердің де ұнжырғасын түсірмей, таразының басын тең ұстап келеді. Өйткені сенбі мен жексенбі күндері де режиссер Нұр Махамбеттің «Шырғалаңымен» қатар корей комедиясы беріледі. Ал «Хабар» телеарнасы қазір режиссер Жандос Айбасовтың «Зауалын», сонымен қатар «Қыз жолы», «Пәленшеевтер» сынды қазақша телехикаяларды ұсынуда. Асықпаңыз, мына тізімге «қарап шетелдік фильмдер жоқ» деп ойласаңыз, оңбай қателесесіз, мұнда да түріктің «Осколки», яғни «Сынықтар», Ресейдің «Сонда да сүйем» атты телехикаялары көрерменге аптаның бес күнінде тұрақты түрде жол тартады. Ал «Астана» арнасын қоссаңыз, телехикаяға қарық боласыз. Тіпті түске дейін төрт бірдей шетелдік сериалдарды қатарынан тамашалаймын десеңіз, мархабат... Мұнда түріктің «Ұрланған тағдыр», «Қыз ақысы», «Фериха» сынды үш телехикаясымен қоса үндінің «Жетім жүрегі» Құдайдың құтты күні беріледі. Сонан соң жуырда талайдың талқысына түскен «Айжан» телехикаясы да бар.
Статистикаға сүйенсек, елімізде 25-75 жас аралығындағы әйел затының дені сериалға көруге үйір екен. Ал еліміздегі халықтың 85 пайызы күнделікті аз дегенде бір сағатын телехикая тамашалауға арнайды-мыс. Осы орайда, «Анандидей» айтып, я көріп тауыса алмайтын тым ұзақ сериалдардың невроз ауруына шалдықтыратынын мамандар дәлелдегенін де айта кеткеніміз жөн шығар. Әйтеуір, «Ұрланған тағдыр» деп ұлардай шулап, «Қыз ақысы» деп аптығып жүргендер киноға ақысын жіберіп, сериалдарға өз денсаулығын «ұрлатып» алмаса болғаны да... Әйтпесе, мойын бұрып, артына қарауға, яки қолынан түсіп кеткен затын көтеруге тұтастай бір бөлімін арнай салатын «Келін» мен «Жетім жүректен» бұлардың қай-қайсысының да өлсе өлігі артық болып тұрған жоқ па?
Ал қазақ киносына қайта оралсақ, бүгінгі телеарналардан бой көрсете бастаған фильмдерге қарап шүкіршілік еткеніміз жөн-ақ. Өйткені сапасын қайдам, саны жағынан қазақ киносының қатары артып келеді. Ал олардың төбе көрсетіп, көш бастап тұрмағаны шетелдік сериалдардың тасасында қалып қойғанынан емес пе екен? Бір сөзбен айтқанда, қазақ киносы неге әлі шетелдік сериалдардың ізін басып, көкжәшіктен оны ысырып тастай алмай тұр? Мұның жауабын бірде Перизат Қонақбаева жетіге жіктеп, көлдей мақала да жазған да болатын. Сол жеті кедергіні қайта еске түсіре кетуді де сөкеттік санамайтын шығарсыздар... Олай болса, оның айтуынша, ең алдымен қазақ киносының сценарийі нашар. Мұны режиссерлеріміз де жоққа шығармайды. Екіншіден, кескіні келісті кей әртістеріміздің, өкінішке қарай, актерлік шеберліктен жұрдайлығы, жасандылығы да сериалдардың сиқын құртып жүргенге ұқсайды. Одан соң қазіргі қазақ фильмдерінде жағымды кейіпкерлердің аздығы мен режиссерлеріміздің көбінің қазақтың салт-дәстүрді көрсетуге тәуекелі жетпейтіні де – киноиндустрияның өркендемеуіндегі өрескел қателіктердің бір бөлігі. Сондай-ақ осы төртеуіне фильмнің бизнес көзі болмай тұрғанын, кино барысында қойылатын музыкалардың дұрыс таңдалмайтынын, киноны түсіру барысында біздің драматург, кинотанушы, өнертанушы ғалымдардың онда жұмысы болмайтынын да осы санатқа қосыңыз. Мынадай жеті тізімге телміріп отырып, бұл сөздердің жаны барын деніміз мойындайтын шығармыз. Десек те, жоғарыда айтқанымыздай, қазақ фильмдерінің күн өткен сайын қатары толысып келе жатқаны көңіл қуантады. Ал оның әзірге шетелдік кинолармен қаншалықты иық тірестіре алатынын, сериалсүйер көзіқарақты көрермен айта жатар. Әйтеуір, «түрік пен кәрістің, үндінің сериалдары неврозға шалдықтырады» деп жүргенде қазақтың сериалдары жындыханаға түсіріп жүрмесе игі...
- түрік сериалдары
- үнді сериалдары
- қазақ сериалдары
- телехиқая
- қызық ақпарат