Мақташыларға оңай болмай тұр...
- Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Биыл қыс қабағын ертерек шытты. Былайғы уақытта қарашаның аяғына дейін жеңіл киініп, желпініп жүретін оңтүстіктің халқы қазан айының қақ ортасында екі рет қар жаудырып, бүрсең қақтырып қойған табиғат-анаға таң қалысты. Әсіресе, «әлі уақыт бар ғой» деп арқаны кеңге салып жүретін жайбасар жалқаулар үшін егіз қар, елеулі суық естен кетпейтіндей болды. Күздің келіп қалғанын мойындағысы келмей тұрған кербез шынарлар мен жасыл ағаштар кешегі қардан кейін біраз бұтағынан айырылды.
Құлаған ағаштар жолды жауып, жаяу жүргіншілерді біраз әбігерге салғаны болмаса қала халқы анау айтқандай қиындықты сезген жоқ. Күзгі қар, әсіресе, ауыл халқына ауыр тиіп тұр. Әлі егінін толық жинап алмағандардың қар аралас жаңбырдың астында қалған есіл еңбегін айтсайшы...
Ауыл шаруашылығы саласының мамандары таратқан мәліметке қарағанда, әлі егінге орақ салмағандар да бар. Қаншама бидай қар астында қалатын болды. Оңтүстіктің өзінде ала жаздай баптаған бақшасы мен шіліңгір шілдеде шабығын шапқан мақтасын жинап үлгере алмағандар бар. Өз үлесіне тиген он гектар жерге шитті мақта еккен Тұрар Есенгелдиев екінші терім тұрмақ, әлі бірінші терімін де толық бітпегенін айтады. «Қанша жылдан бері мақта егіп жүрміз ғой, бірінші терім өз шығынын жапса, екінші терімнен түскен пайда шаруалардың өздеріне қалады. Мысалы, мен он гектардың жартысын енді тергізіп болдым. Әр гектарына жиырма центнерден өнім алып отырмын. Ол дегеніміз, бес гектарға шаққанда он тонна мақта болады. Яғни, бүгінгі бағамен есептегенде 1,5 млн. теңге. Бұл біздің он гектарға үш ай бойы шығарған шығынымызды әрең жабады. Қарыздан құтылып, енді ес жия бастағанымызда қар жауып кетті. Енді мақтаның сорты төмендейді. Сортымен бірге бағасы да құлдырайды. Демек, біздің қалған бес гектар жеріміздегі мақта әр келісі ары кеткенде 120-130 теңгеге бағаланады. Күн суытқан сайын терімшілердің еңбегі де қымбатқа түседі. Айталық, бірінші терімді 20 теңгеден тергізсек, екінші терім бүгіннің өзінде 35 теңге болып тұр. Бұл дегеніміз өз құнының 30 пайызы емес пе?»
Шаруалар мақта теріміне комбайын саламыз деп алданып қалғанын айтады. Өзін Қайрат Шылмырзаев деп таныстырған диқан комбайнның кезегін күтемін деп көп уақытын жоғалтқанын жеткізді. «Біздің Жылысу ауылы орталықтан қашық жатыр. Ауылда комбайн жоқ. Көрші ауылдағылар ең алдымен өздеріне жақын жерді тереді. Одан босағандары бізге келеді. Бастапқыда мақтаның әр гектарын 25-30 мың теңгеден теріп бастаған комбайндар кейіннен 35-40 мыңға бір-ақ көтерді. Оның өзіне кезек күтесің. Жұрт 20 теңгеден тергізіп жатқанда, бәрібір сол шығын шығады ғой деп бес гектар жеріме комбайн салуды тәуір көрдім. Тәуекел деп қолмен бастағандар теріп алды, ал мен комбайнның ізінде әлі жүрмін. Амал жоқ, қымбат болса да тергіземін. Далада қалғаннан тәуір ғой»-дейді ол.
Диқандардың сөзінен ұққанымыз, негізгі күнкөрісі мақта болған Мақтааралда комбайн жетіспейді екен. Ала жаздай аптап астында жүріп жұмыс істеген мақташы қауым терімге келгенде тағы қиналады. Бұл тығырықтан шығу үшін техниканы көбейту керек екенін айтқан олар мүмкіндік болса бір-бір комбайн алуға кетәрі емес. «Жылда мақта егеміз. Оны жинап алудың азабын тартамыз. Қазір лизинг бойынша керекті техникаңды қарызға жеңілдетілген пайызбен алуға мүмкіндік бар. Бір-бір комбайн алмасақ болмайды екен, бұлай азаптанып қашанғы жүреміз», - деген диқандардың бірі тозығы жеткен ескі комбайнның өзі кемі 1-2 миллион теңге тұратынын айтты.
Бүгінгі таңда бір ғана Мақтааралдың өзінен 160 мың тоннаға жуық «ақ алтын» жиналған екен. Былтыр бұл мезгілде 200 мың тоннадан асып түскен. Есесіне алдыңғы жылдары 100 гектарға жуық жерге мақта егілсе, биыл бар болғаны 83 мың гектар жерге егіліп, 17 пайызға кеміген. Мақта бағасы көктемнің күніндей қырық құбалатындықтан, кейінгі кезде бұл аудан бақша өнімдері мен жеміс-жидекке көбірек көңіл бөліп келеді. Ресми мәліметтерге қарағанда, күнгейдегі аудан диқандары биыл 600 мың тоннадан астам қауын-қарбыз жинаған. Бұған дейін «ақ алтынымен» аты шыққан аудан соңғы он жылдан бері осылайша балдай тәтті қауын-қарбызымен де танымал болып қалды. Алыс-жақын шетелдерге аты шығатын себебі, жаңа жоғарыда көрсетілген 600 тонна өнімнің 450 тоннасы шет ел нарығына шығарылған. Осылайша Орта Азия мемлекеттері арасында Қазақстан қауын-қарбыз өсіруден көшбасшы мемлекет атанып отыр.
Ақ алтын өсіруден де алдына жан салмай келген мырзашөлдік диқандар тек теріміне ғана қиналып жүргенін айтады. Биылғы науқанға 226 терім машинасы мен 323 қол терім бригадасы жұмылдырылған. Бүгінгі таңға дейін межелі 200 тоннаның 70 пайызы, яғни 160 тоннасы жиналып алынған. Қыс қабағын шытпай, бірер апта қарасып тұрса, қар астында қалған «ақ алтын» да қамбаға жетіп үлгерер. Тек, қырсығынан сақтасын...
- мақта
- мақташылар
- қазақ ақпарат