Архимедті Архимед қылған кім?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Архимедті Архимед қылған кім?

  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Ол Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалғанда 40 жасқа да толмаған-тын. Аты-жөні де республикаға анау айтқандай мәшһүр емес, ары барса, бір өңірдің жұртшылығы ғана біледі. Сірә, содан да болар, Мемлекет басшысы оған тұтас өңірдің тізгінін сеніп тапсырғанда, талайлар «рас па, өтірік пе» дегендей шүбәлана қарады. Әйткенмен құйрық-жалын ұстатпай, сырғып жатқан уақыт, содан бері 5 жылыңыз көзді ашып-жұмғандай өте шығыпты. 5 жылдың ішінде ол тағы бір аймаққа «қожайын» болып үлгерді. Әңгіме Архимед Мұхамбетов хақында.

Өзіне артылған үмітті ақтай алмай, жарты жолда мертіккен талай жас әкімді көрдік. Бірақ Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов ондайлардың қатарынан емес сияқты. Сайқал саясаттың небір дүлей дауылдарына бір кісідей төтеп беріп, қасқая ілгері адымдап келеді. Мұның сыры неде? Іскерлігінде ме, әлде жолы болғыштығында ма? Жалпы, еліміздің саяси сахнасының жұмбақ кейіпкері саналатын А.Мұхамбетов кім? Тамыры қайдан нәр алып жатыр? Осы тақылеттес сауалдарға біршама жауап іздеп көрсек.

Ақтөбе өңірі үшін белгілі бір әулеттен тараған жандардың ел басқарумен айналысуы – үйреншікті жайт. Екі-үш ұрпақ ауысса да, аттан түспей жүрген династиялар мұнда жеткілікті. Мәселен, бір кездері саясатта салмағы мен ықпалы басым болған Аслан Мусиннің әкесі ұзақ жылдар бойына облыстық кәсіби-техникалық білім беру басқармасына жетекшілік етті. Нокин деген де – жалпақ жұрттың құлағына сіңісті фамилия. Ішкі істер органдарында жоғары лауазымдардың нешеуін атқарып, генерал атанған Патрис Нокин мен комитет, агенттік төрағасы, вице-министр болған Серік Нокиніңіз – Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы Кеңес Нокиннің ұлдары. Сол іспетті Архимед те – танымал отбасының перзенті. Әкесі Бегежан Мұхамбетов бір замандарда аудандық партия комитетінің 1-хатшысы болса, үлкен ағасы Мирлан – республика деңгейінде мәшһүр адам. Қаржы полициясында, кеден органдарында жұмыс істеген оның Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары болғаны да – есімізде. Сондықтан билік элитасындағы сабақтастық тіні үзілмейтін Ақтөбеден шыққан Архимедтің әкім атанатын жөні де бар.

Рас, ол еңбек өтілімен мақтана алмайды. Самара мемлекеттік техникалық университетінде «инженер-электрик» мамандығын игерген А.Мұхамбетов ә дегеннен-ақ бизнеске бет бұрды. Бизнес болғанда да, жекешелендірудің кезінде Мусиндер әулетінің меншігіне өткен нан өнімдерін өндіретін комбинаттың бас директоры атанды. Кейін Ермек Имантаевтың тұсында облыстық сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар басқармасын тізгіндеп, мемлекеттік қызметке келгендей болып еді, бірақ кәсіпкерлікпен ат құйрығын толық үзіспеген екен, қайта кетті. Содан 2006 жылдың ақпанында ғана Ақтөбе қаласының әкімі С.Нокинге «зам» болып, «госслужбаға» біржолата қоныс аударды. Ал С.Нокин 2008 жылдың қазанында әуелі Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарлығына, іле-шала Индустрия және сауда министрлігінің комитет төрағалығына ауысқан соң, Ақтөбе шаһары 26 жасар Архимедке «мұраға» қалдырылды. Қаншалықты сәйкестік немесе кездейсоқтық екенін кім білген, бірақ дәл сол 2008-дің қазанында А.Мусин Президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалған-тын.

Білетіндердің айтуынша, Ақтөбе қаласының әкімі боп тұрған кезінде-ақ А.Мұхамбетов өзін жарты патша сезінген көрінеді. Тіпті өңірдің сол тұстағы басшысы Елеусін Сағындықовпен текетіреске барған сәттері де аз болмапты. «Иә, екеуі де А.Мусиннің командасынан ғой. Алайда «откат» дейтін бәле араларына жік салды» дейді ұзынқұлақ. Өзара кикілжіңге ақыры 2011 жылдың шілдесінде нүкте қойылды. А.Мұхамбетов облысқа әкім болып тағайындалды. Ал Е.Сағындықов зейнетке кетті.

Әйткенмен, бұл кадрлық ауыс-түйіс жергілікті шенеуніктер мен кәсіпкерлерге оңай соқпады. Мәселен, бұрын кадр таңдауда Е.Сағындықовтың жерлестеріне – қобдалықтар мен ойылдықтарға көбірек «ставка» жасалса, енді А.Мұхамбетов туып-өскен Алға ауданының тумалары биліктің құлағын ұстай бастады. Қызметтен шеттетілген шенділер мен тендерден қағылған кәсіпкерлер айға қарап, жұлдыз санап жата ма, Астана жаққа қарай А.Мұхамбетовтің үстінен арыз боратты. Шағымдарынан нәтиже шығарына үміттенгендер «Несін айтасың, Архимед жайлы креслосымен қош айтысады екен. Астанадан «финполдың» тергеу тобы жіберіліпті, облыс және қала әкімдіктерінің қаржылық қызметін май шаммен қарап жатқанға ұқсайды...» деген сыпсың әңгімелерді де халық арасына тарата бастады. Оның үстіне 2012 жылы Бергей мен Аманжан Рысқалиевтерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, «Бәрінің артында А.Мусин тұр-мыс» деген қауесеттер де әп-сәтте ел ішін аралап кеткен-ді. Сол жылдың қыркүйегінде А.Мусиннің «АП-дан» «аластатылып», Есеп комитетіне жіберілуін де А.Мұхамбетовтің «жаулары» жақсылықтың нышаны ретінде қабылдап еді. Әйткенмен Архимедтің мұрты да қисайған жоқ. Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, ол жаңа әрі бұрынғысынан да мықты «крыша» тауып алған көрінеді. Және оны Тимур Құлыбаевқа теліп жүр.

Жалпы, қалай десек те, 2014 жылдың наурызында Хорватияға елші болып кеткенге дейін А.Мусин өз төңірегінде өте үлкен команда қалыптастыра алды. Иә, «Рысқалиевтер ісі», имидждік тұрғыдан алғанда, біраз адамға кесірін тигізді. Бергейдің маңайына топтасқан Атыраудағы командасы әжептәуір електен өтті: тергелді, сотталды. Ал Ақтөбедегісі өздерінің кәсіби деңгейлерін көрсете білді. Мысалы, А.Мұхамбетовтың бұрынғы «первый замы» Нұрмұхамбет Әбдібековтің 2014-тің маусымында Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалуы тектен-тек емес. Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының өкімімен Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушілігіне барды. Яғни, А.Мусиннің формальды түрде саяси сахнадан кеткеніне һәм оның командасының «бергейлік» бөлігі «сүзгіден» өткеніне қарамастан, мусиндік кадрлар республикалық деңгейде әлі де сұранысқа ие. Архимедтің былтыр қыркүйекте Қостанай облысына әкім болып тағайындалуы соның айғағы іспетті.

Қостанайға табан тірегелі бір жылдан асты, әл-әзірге соңынан бөтен сөз ере қойған жоқ. Өзінің үстінен домалаған арыздардың тендерге байланысты туындағанынан сабақ алса керек, А.Мұхамбетов, әсіресе, мемлекеттік сатып алу процедураларын өткізуге аса сақтықпен қарайтын болған. Тіпті Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингінде ақтөбелік кәсіпкерлерге де бұл мәселеде ешқандай артықшылық жасалмайтынын ашық айтып, ант суын ішті. Сондай-ақ, «Бұрын жұмыс істеген облысымның аумағынан бірде-бір адамды әкелген жоқпын, әкелмеймін де» деген ол аймақта жүргізіп отырған кадрлық саясатының шет-жағасын түсіндіре кетті.

Бір жағынан А.Мұхамбетов те ақымақ емес. «Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалғанын», егер сыбайлас жемқорлыққа немесе ілік табылатын шатаққа шатылса, жазаның тез әрі қатал болатынан жақсы біледі. Сол себепті оның ендігі жерде үнемі «ақырын жүріп, анық басатыны» анық.

P.S. Рычагтың математика-лық заңын ойлап тапқанда, ежелгі грек ғалымы Архимедтің «Тіреу нүктесін берсеңдер, Жерді де төңкеріп тастаймын» дегені естеріңізде шығар, сол сияқты қазақтың әкім Архимедіне де «тіреу нүктесін» берсеңіз (бәлкім, әлдеқашан қолы жеткен болуы керек), біраз облысты «төңкерейін» деп тұрған сияқты...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter