Шараулар шөже санап жүргенде, түркістандықтар тауықтарын түгелдеп алды
- Аман ЖАЙЫМБЕТОВ
Күз – молшылық айы. Ала жаздай еткен еңбектің өтеуі осы тұста айқындалады. Жеміс-жидек жетіліп, еккен өнімге орақ түсетін осы тұста шаруалардың шөже санайтыны бар. Сол айтқандай, биылғы күзде түркістандықтар шөже емес, бірден тауық санауға кірісті. Қала күні мен алтын күзді бірге атап өткен түркістандықтар безендірілген сахна алдындағы сауықтан бұрын тауық санап, одан өнетін жұмыртқа жайлы жылы хабар жеткізді.
Иә, ауыз толтырып айтатындай жөні де жоқ емес, Түркістандағы «Яссы құс» фабрикасында жұмыртқа тууға қабілетті 22 мың бас тауық бар. Олар күніне 20 мыңнан астам жұмыртқа береді. Сонымен бірге, бұл фабрикада етті тауықтар да бар. Халықтың жұмыртқа мен құс етіне деген сұранысын айтарлықтай қанағаттандырып отырған фабрика еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толуы аясында ашылып отыр. Ондағы тауықтар Германиядан әкелінген болса, жабдықтары Италиядан жеткізілген.
Түркістан, сондай-ақ, сырттан келетін жиһазға да тәуелді емес. Өйткені Шымкенттен кейін екінші болып индустриалды аймақ салуды қолға алған Түркістан қаласының әкімдігі енді көп ұзамай соның жемісін көре бастады. Алтын күз мерекесі аталып өтілетін күні аталмыш аймақта жиһаз жасайтын үлкен цех іске қосылды. Жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын үлкен жобаны «Grand miks» кәсіпорны қолға алып отыр. Жылына 25 мың дана жиһаз жасауға қабілетті кәсіпорын бүгінде 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтығанын да айта кетейік.
Әрине, бүгінгі нарық заманы, санмен бірге сапаның да дұрыс болғанын талап етеді. Бұл жағынан алғанда, аталмыш кәсіпорын ұялтатындай жағдайда емес. Мысалы ол таяуда Астана қаласында өткен көрмеде төрт мемлекеттен (Қазақстан, Ресей, Беларус, Украина) келген кәсіпорындар арасында бас жүлдені қанжығаға байлаған.
Осылайша қос мерекені қатар тойлаған түркістандықтар осынау табысқа қол жеткізуге атсалысқан азаматтарды да ұмытпады. Яғни, сол күні елеулі еңбегі бар азаматтардың бірқатары «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атанды.
Осылайша шаруалар шөже санайтын молшылық айында түркістандықтар тауықтарын түгелдеп, жиһаздарын жаңартып, балабақшаларын кеңейтіп, оған үлес қосқандарды құттықтап та үлгерді.
- Түркістан
- Алтын күз
- «Яссы құс» фабрикасы
- мереке
- қызық ақпарат