Қай облыс несімен мақтанады?
- Жан КЕНЖЕ
Қазақстанның әр өңірінің өз ерекшелігі бар. Соған орай өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы да әрқилы дамыған. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндіктер берді. Елімізде қазба байлықтарының зерттелген қоры мол. Олар: көмір мен мұнай, мыс пен қорғасын, темір мен хром, никель мен вольфрам, алюминий мен мырыш, алтын мен күміс, ванадий мен вольфрам және уран кен қорлары. Қазақстан — дүние жүзілік өнеркәсіп бөлінісінде өзіндік орны мен зор мүмкіндіктері бар мемлекет.
Ақмола өңірі – Қазақстан Республикасының ірі өнеркәсіп орталығы саналады. Аймақ ауыл шаруашылығы техникаларын, мал шаруашылығы мен жем өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды шығаруда алдыңғы орында («Целинный тәжірибелі зауыты», «Агроремонт», «Агрокомплект-монтаж», «Комсомол жөндеу-механикалық зауыты»). «Поршнекомплект» ЖАҚ, «Бірлік» АҚ, «Агрореммаш» зауыттары автомобильге арналған бөлшектер мен қосымша құрал-жабдықтар шығарады. Ал, «Тау-кен жабдықтары» АҚ, аты айтып тұрғандай, кен-шахта саймандарын өндіреді. «Тыныс» ААҚ (Көкшетау) сорғылар мен қазандықтар, есептеу құралдарын шығарады. Құрылыс индустриясының дамуы да жаман емес («Ақмолақұрылыс», «Имсталькон», «Найза»). Степногорск қаласында микробиологиялық өнім өндіретін «Биопрепарат» ірі өндіріс ошағы орналасқан. Ұн өнеркәсібі, наубайхана жақсы дамуда. Ақмола ұнының құрамында ақуыздар өте көп, сонысымен ерекшеленеді. Ет пен мал шаруашылығы өркендеген.
Алматы облысы да – аграрлық орталықтардың бірі. Мұнда да машина жасау мен металл өңдеу кеңінен дамыған. «Станок жасау зауыты» мен «Алматы ауыр машина жасау зауыты» (АЗТМ) станоктардың бірқатар түрлерін шығарады. АЗТМ мен «Монтажинжиниринг» сияқты өндіріс орындарында мұнай-газ, тау-кен және энергетикалық кешендерге арналған құрылғылар құрастырылады. ТМД-дағы жалғыз электрдиализдік тұшытқыш құрылғылар шығаратын Алматы электромеханика зауытын да ерекше атап өту керек. Облыста сондай-ақ жиһаз жасау, полиграфия, фармацевтикалық және тамақ өнеркәсібі жолға қойылған. Ауыл шаруашылығы техникалық дақылдар, көкөніс пен жеміс, күріш, темекі өсіруге негізделген.
Ақтөбе аймағы минералдық-шикізаттық базасымен мықты. Облыс аумағында мұнай мен газдың барланған қорының біршама бөлігі орналасқан. Отандық хромның бүкіл қоры, никельдің 55%-ы, титанның 40%-ы, фосфориттердің 34%-ы, мырыштың 4,7%-ы – осы өңірде. Ақтөбелік хром қоспа зауыты химиялық таза хром тұзын өндіреді. «Ферроқорытпа» зауыты металл хромын және феррохром шығарады. Зауыт өнімінің 90%-ға жуығы Еуропа, Америка, Жапония, Оңтүстік Корея, ТМД елдеріне экспортталады. Табиғаты мен жер жағдайы жаздық бидай, арпа мен тары өсіруге қолайлы.
Атырау – Қазақстанның ежелден мұнай-газ өндірумен аты шыққан өңірі. Бүгінгі таңда республикамызда 250-ге жуық кен орындары болса, соның 62-сі Атырау өлкесінде орналасқан. Ірі мұнай кен орны саналатын Теңіздегі мұнайдың қоры 750 млн. тоннадан 1 млрд. 125 млн. тоннаға дейін жетеді. Мұнай өңдеуге де ерекше мән берілген. Тау-кен өндірісі жақсы дамыған, гипс, бор мен тұздың үлкен қоры бар. Ал мұнай-газ саласына арналған құрал-жабдықты Атырау машина жасау зауыты мен Балықшы поселкесіндегі кеме жөндеу зауыты жасап береді. «Атыраубалық» ААҚ балық консерві комбинаты аймақ экономикасын дамытуда басты қызметтердің бірін атқарып отыр.
Шығыс Қазақстан түсті металлургиясымен мақтанады. Полиметалл кен орындары базасында әлемге танымал Өскемен қорғасын-мырыш, Лениногор полиметалл, Зырян қорғасын, Шығыс Қазақстан мыс-химия, тағы басқа зауыттар жұмыс істеп тұр. Одан өзге титан, бериллий, церий сияқты металдар шығарылады. Өнімнің сапасы әлемдік стандартқа сай және шет елдерге өткізіледі. Семей машина жасау зауыты, «Востокмашзауыт», Конденсатор, Өскемен автомобиль зауыты сияқты өндіріс ошақтары аймақтағы машина жасау және металл өңдеу салаларының дамуына септігін тигізіп отыр. Өңірде гранит, мәрмәр және өңдеу тастарының бай қоры бар.
Жамбылда фосфориттер мен балқымашпат шикізатының бірегей базасы бар. Облыс аумағында республикадағы бүкіл фосфориттер қорының 71,9%-ы, балқыма шпаттың 68%-ы, алтынның 8,8%-ы орналасқан. Табиғаты түсті металдар, барит, көмір, түрлі тастар мен құрылыс материалдарына өте бай. Сары фосфор, фосфорит, кварц, минералды тыңайтқыштар мен синтетикалық жуу құралдарын өндіруші «Казфосфат» ЖШС-ін ерекше атап өткен жөн. Былғары-аяқ киім, жеңіл және тамақ өнеркәсібі жолға қойылған. Дәнді, техникалық, бақша, жем дақылдары, көкөніс пен жеміс-жидектер өсіріледі. Қой шаруашылығы жақсы дамыған.
Батыс Қазақстанда әлемдегі ірі мұнай және газ кен орындарының бірі – Қарашығанақ орналасқан. Машина жасау және металл өңдеу саласы алдыңғы қатарда. Ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектер және басқа да құрылғылар жасалады. «Зенит» Орал зауыты» АҚ еліміздің теңіз флотына қажетті әскери шекара кемелерін өндіреді. Сондай-ақ, былғары-аяқ киім, киіз және жүн бұйымдарын жасау салаларына ерекше ден қойылған. Тамақ өнеркәсібінде ет консерві, ұн-жарма комбинаттары жұмыс істейді. Табиғат жағдайы мал өсіруге қолайлы болғандықтан биязы жүнді және қаракөл тұқымды қой, жылқы, түйе шаруашылықтары кеңінен қанат жайған.
Қарағанды мыс пен вольфрам, көмір, қорғасын, мырыш, темір, марганец, сирек металдардың кен орындарымен мақтана алады. Мұндағы көмір бассейні – еліміздегі металлургия кәсіпорындарына қажетті кокстелген көмірді жеткізетін негізгі кәсіпорын. «Испат Кармет» Қарағанды металлургия комбинаты еліміздегі бүкіл шойынның 100%-ын, болаттың 90%-ын өндіреді. Қарағандыдан шығатын жоғары сапалы марганец концентраты шет елдерге экспортталады. Жезқазған және Балқаш тау-кен металлургиялық комбинаттарында мыстың бастан-аяқ өндірісі қолға алынған. Жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары индустриясымен қатар, ет, ұн комбинаттары, «Қарағанды кәмпиттері» сияқты тамақ өнеркәсібі нысандары жұмыс істейді.
Қостанай облысын Қазақстанның металлургиялық комбинаттары үшін шикізаттық база деуге болады. Мұнда темір рудасының үлкен қоры орналасқан. ТМД-дағы ірі өндіріс орны саналатын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту бірлестігі темір кені шикізатын әзірлейді. Құрылыс материалдарының өндірісі, жеңіл және тамақ өнеркәсібі айтарлықтай жақсы дамыған. Жаздық бидай, тары, майлы дақылдар өсіріледі. Сүтті мал шаруашылығы жолға қойылған.
Қызылордада мұнай шығаратын ірі Құмкөл кен орны бар. Мұнда «Hurricane Kumkol Munai», «Казгермұнай», «Ai-Dan-Munai», «Талап» сияқты компаниялар жұмыс істейді. Темір рудасының қоры мол. Машина жасау және металл өңдеумен айналысатын «Қызылордарисмаш» және «Кызылордаагрореммаш» сияқты зауыттар жұмыс істейді. Өндірісте күріш сабаны мен құрағын пайдаланатын целлюлоза-картон комбинаты бар. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі кеңінен қанат жайған. «Аралтұз» компаниясы ас тұзын өндірумен айналысады. Ауыл шаруашылығында күріш өсіруге және өңдеуге басымдық берілген.
Маңғыстаудың қойнауы мұнай мен табиғи газға, темір рудасына, фосфориттерге, марганец пен басқа да пайдалы қазбаларға бай. Аймақтың негізгі тіршілік көзі – мұнай өнеркәсібі. Облыста өндірілген өнімнің 70,6 %-ы – осы «қара алтынға» тиесілі.
Оңтүстік Қазақстанда металлургия, тау-кен химия, машина жасау, мұнай өңдеу өнеркәсіптеріне ерекше басымдық берілген. Суармалы егістіктері мол болғандықтан бау-бақша шаруашылығы, жүзім, мақта, қант қызылшасы, күріш өсіруге ден қойылған. Соның арқасында тамақ және жеңіл өнеркәсіп дамып отыр. Фосфор тыңайтқыштары мен фосфор тұзын шығару бойынша әлемдегі ірі кешендердің бірі осы аймақта орналасқан.