Ипотека арқылы үй алудың машақаты аз емес
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ипотека арқылы үй алудың машақаты аз емес

  • Жан КЕНЖЕ

Жуырда ғана LSM.kz сайты жүргізген зерттеу нәтижесіне көз салсақ, әр банктың ипотека беру шарттары әртүрлі. Мысалы, «Сбербанк Қазақстан» басқарма директоры Мақсат Нұриденұлының айтуынша, бұл банктен Алматы және Астана қалаларынан ипотекаға пәтер алған жағдайда ай сайынғы төлем 201-232 мың теңге аралығында болады. «Мысалы, ескілеу үйден пәтер алған күнде де аталған төлем орта есеппен алғанда 143 мыңнан 158 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Жалпы, 1 бөлмелі пәтердің ай сайынғы төлемақысы 110 мың теңгеден басталады» дейді маман. Баласы бар отбасы айына – 250 мың, баласы жоқ отбасы 200 мың теңгеден артық табыс таппаса, ипотеканы армандамай-ақ қойсын.

«БанкЦентрКредиттің» талаптары да осал емес. 1 бөлмелі пәтер үшін ай сайын – 135,9 мың, 2 бөлмелі пәтер үшін 202 мың теңгеден төлеп отыруыңызға тура келеді. Клиенттен талап етілетін табыс – ай сайын 250-420 мың теңге.

Ал, «ВТБ Қазақстан» банкіндегілер Астанадағы 1-бөлмелі пәтер үшін – 200 мың теңге, 2-бөлмелі пәтер үшін 320 мың теңгеден басталады. Ол үшін қанша табыс табуың керек екенін ішіңіз білсін.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» толықтай мемлекеттік ұйым болғандықтан, мемлекеттік бағдарламалар аясында баспана үлестіреді. Сонымен қатар, мұнда ипотека арқылы да пәтер алуға болады. Мұндағы шарттар басқа банктерге қарағанда ерекше. Оны рәсімдемес бұрын депозитке жинаған ақшаң болуы міндетті.

«Қаржыны жинақтау мерзімі мен оның сомасын салымшы өз жағдайына қарай шешеді. Ең аз дегенде 3 жылдан кейін жинаған ақшасының көлемі үй алуға қажетті соманың 50%-ын құрауы тиіс. Салымшы осы талаптарды орындаған жағдайда біздің банктен жылына 3,5%-дан 5%-ға дейін ең төменгі пайызбен үй алуға қақысы бар» дейді банк өкілдері.

Егер салымшының ақша жинауға уақыты болмаса, бірақ қолында пәтер алуға қажет соманың жартысы болса, оған банк аралық тұрғын үй қарызын бере алады. Бірақ, бұл жағдайда пайыздар біраз өседі. Жылына 7,5- 8,5% аралығында. Үш жыл бойы салымшының ақшасы депозитте жатады және оған 2 пайыздық сыйақы мен мемлекеттің 20 пайыздық сыйлығы қосылып отырады. Үш жылдан соң депозиттегі ақша негізгі қарызды жабуға жұмсалады, ал қалған соманың пайыздық мөлшерлемесі 3,5-5 пайызға дейін төмендейді. Есептеп көрейікші. Мысалы, пәтердің құны 10 млн теңге болса, онда Сіздің ай сайын банкке құйып отыратын сомаңыз 125 мың теңге болуы керек. Жинақтау мерзімі – 3,5 жыл. Банктің қосып беретін сыйақысы – 2 пайыз (162,5 мың теңге). Мемлекет сыйлығының жалпы көлемі – 20 пайыз (254,5 мың теңге). Сонда Сізге берілетін қарыз – 4,7 млн теңге. Үш жарым жыл біткен соң ай сайын төлейтін ақшаның көлемі азайып, алдағы 6 жыл айына 75,8 теңгеден ипотека төлеп отырасыз.

«Сыйақы көлемі, несие беру мерзімі және ай сайынғы орташа төлемақы салымшының қаншалықты ұзақ уақыт ақша жинағанына байланысты. Егер жинақтау мерзімі барынша ұзақ болса, несиенің мерзімі де ұзақ және сыйақы мөлшерлемесі аздау болады. Егер салымшы 3-3,5 жылда қажетті соманы жинап бітсе, банк несиені 6 жылға, жылына 5 пайызбен береді. Барлық несие ұлттық валютамен беріледі» деп түсіндірді банк қызметкерлері.

Жалпы алғанда, банк өз клиенттеріне 4 тарифтік бағдарламаны ұсынады. Олардың жинақтау уақыты – 4 жылдан 15 жылға шейін. Ал ипотека 6 жылдан бастап 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Несиенің орташа сомасы – 5,4 млн теңге.

Ал, «Нұрлы жол» және «2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту» бағдарламалары арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» баспана алғысы келетіндер пәтердің жалпы құнының 30 пайызын жинаса да жеткілікті.

«Біздегі ең танымал ипотека – мемлекеттік бағдарламалардан тыс, өз бетінше бұрын пайдаланылған пәтер немесе үй тауып, соны ипотекаға алғысы келетіндерге арналған несие. Берілген барлық несиенің 61%-ы осындай пәтерлер мен жер телімдерін алуға жұмсалғанын айта кету керек», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілдері.

Өкініштісі, бұлай ай сайын 100-150 мың теңгеден 3-5 жыл бойы тірнектеп жинау үшін отбасының табысы 200-250 мың теңгеден асып жығылуы керек. Бірақ, ондай табыс қазір кімде бар? Мұндай жалақы алатын орта тап өкілі бізде әрі кетсе 10 пайызды құрайды. Осы жинақтау жүйесі болмаса, әрине жылына 3,5-5 пайыз ғана қосылып отыратын ипотека шарттары көкейге қонып-ақ тұр.

Статистикалық мәліметтер республика бойынша баспананың 1 шаршы метрінің құны – 251,1 мың теңгені құрағанын көрсетіп отыр. Алайда, Астана мен Алматыда бұл көрсеткіш сәйкесінше – 341,7 және 319,4 мың теңге. Ипотекаға сұраныс азайып кеткенімен, баспананың арзандайтын түрі жоқ. Қыркүйек айындағы ресми ақпаратқа жүгінсек, тұрғын үй небәрі 0,4 пайызға арзандаған.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter