Қазақстандағы ауызсудың 16 пайызы ғана таза
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қазақстандағы ауызсудың 16 пайызы ғана таза

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Ғалымдар алдағы 15 жылда ауызсу тапшылығы арта түсетінін айтып, дабыл қағуда. Олардың бұл болжамы негізсіз емес. Соңғы 60 жылда жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есе өсіпті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда жер шарындағы тұщы судың тапшылығы жылына 230 млрд. текше метрге жеткен. Ал әлемдегі 2,5 млрд. халық бүгіннің өзінде сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай отыр.

Тапшылық төркіні суды қайталап пайдалану технологиясын жасау-ға мәжбүрлейді. Халықаралық сараптың сорпасын сапырып отырғандардың зерттеуі осындайды болжайды. Мұндай болжамның өзінен су мәселесінің шын мәнінде әлемдік саясаттың басты құралына айналатынына да көз жететін тәрізді. «Қара алтынның» орнын тұщы су тапшылығы басады» деу де осындай негізден туса керек.

ТҰЩЫ СУ – ТАПШЫ СУ

Әлемдік жағдай ушығып тұрғанда Еуразияның кіндік тұсындағы Орталық Азия өңіріндегі су проблемасы қандай болмақ? Оның ішінде Қазақстанның ше? Рас, Қазақстан жерінің басым бөлігі шөлді және шөлейтті аймақтардан тұрады. Бүгінгі күннің өзінде біздің ел үшін сапалы су қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналды. Тұтынып отырған суымыздың сапасы талап үдесінен толық шығады деу қиын. Шындығында, еліміздегі сапалы судың мәселесі соңғы жылдары тым күрделеніп кетті десе де болады. Мысалы, жыл сайын тұтынылатын таза су көлемі арта түсуімен қатар, кейбір мәліметтерге жүгінсек, Қазақстандағы «тіршілік көзінің» басым бөлігі біршама ластанған. Ал судың бұлай ластануына негізінен табиғи-климаттық, антропогендік факторлар әсер етіп отырған көрінеді. Дәл осы мәселелер Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өткен жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде де сөз болған еді. Енді соған кеңірек тоқталсақ.

ТАЗА СУДЫҢ ҮЛЕСІ – 16-АҚ ПАЙЫЗ...

Бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрлігінің зерттеулеріне сүйенсек, еліміздегі мониторинг жүргізілген су нысандарының 16 пайызы ғана таза, ауызсу ретінде пайдалануға болады екен. «Мемлекеттік мониторингтің нәтижесінде 88 су нысанының 13-і ғана «таза» деп танылды. Бұл зерттелген су нысандары жалпы санының 16 пайызын ғана құрайды. Қалған 84 пайызы «біршама ластанған» және «ластануы аса жоғары» деп жіктелді. Ластану себебі табиғи-климаттық, сонымен қатар антропогендік факторларды құрап отыр», - дейді ведомство өкілдері.

КӨРШІЛЕРГЕ КІРІПТАРЛЫҚ БАСЫМ

Қазақстандағы таза су қоры қазірдің өзінде 3 пайызды ғана құрайды екен. Осыдан алпыс жыл бұрын, яғни 1956 жылдары елімізде 120 млрд. текше метр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд. текше метрге дейін кеміген. Еліміздегі 100 текше шақырымды құрайтын жер үсті су қорының 58 пайызы ғана республика аумағында жинақталады. Ал қалған су қоры көршілес мемлекеттердің аумағынан, нақтылап айтсақ, Ресейден, Қытайдан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан бастау алатын трансшекаралық өзендердің суымен толығады. Демек, бұл «кісідегінің кілті – аспанда» деген сөз.

ТАЗА СУ ҚАЙ ӨҢІРГЕ ТИЕСІЛІ?

Жаңа жоғарыда айтылған, ішуге толық жарамды 16 пайыз таза су қай облыстарға тиесілі? Енді осыған тоқталайық. Бұл орайда пәлен деп кесіп айту қиын. Өйткені, әркімге өзінің туып-өскен жерінің ауасы мен суынан артық нәрсе жоқ. Мысалы, қайбір жылы Қызылорданың экологиялық жағдайын ескеріп, біраз адамды Алатаудың баурайындағы Алматыға көшіргенін білеміз. Қоныс аударғандардың жартысына жуығы Алматының ауа райы мен климатына үйренісе алмай, ауырып қалды. Бұлақтың бал татыған суы да жақпады. Сол сияқты, Семей қаласының тұрғындары да өздерінің суын анау-мынау зәм-зәм суға айырбастамайды. Десек те, Оңтүстік өлке, оның ішінде Алматы, Тараз, Шымкенттің суы халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие екені рас. Сондай-ақ, тұщы суымен талайларды тамсандырып жүрген қалалардың қатарында Тараз бен Алматы да бар. Жалпы, ауызсуының тазалығын таразыға салып, қай өңірдің тұтынып отырған суы талап үдесінен шығатынын анықтау қиын. Өйткені, ит байласа тұрғысыз жерлердің өзінен небір шипалы сулар шығып жатыр емес пе?! Бәлкім, рейтингті қай өңірдің суы тұщы деп емес, қай өңірде су тапшы деп құрған жөн шығар.

АУЫЗСУДЫ АЛЫСТАН ІЗДЕЙТІНДЕР

Міне, осы тұрғыдан келгенде, алдыңғы орында Орталық Қазақстанның шалғайдағы ауылдары шашасына шаң жұқтырмайды екен. Бұл өңірде бір тамшы су үшін бір жарым шақырым жерге баратындар бар. Мысалы, Қарағандының Топар кентінің 500-ге тарта тұрғыны ауызсу азабын тартудай-ақ тартып келеді. Кент тұрғыны Аманжол Ақышевтың айтуынша, бүкіл ауыл бір ғана құдықтан су ішеді. Оның өзі санитарлық талаптарға сай емес. Жаңбыр жауған күндері ауылдан шыққан нәжіс те ауызсуға араласады екен.

Ауылдағы ауызсу тапшылығы барлық облыстарда бар. Соның ішінде Оңтүстіктің де оңып тұрғаны шамалы. «Егемен Қазақстан» газетінің таратқан мәліметіне қарағанда, облыстағы Арыс ауданы, Қожатоғай ауылының тұрғындары бұрын жанармайға пайдаланылған құбырдың суын ішіп келген. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды тексерген комиссия тендерден жеңіп алған мердігер компанияның осындай қулыққа барғанын анықтаған. Ал, Шығыс Қазақстанның орталығы Өскеменде бір ауыл өзеннің суын тұтынып отыр. Мамандардың айтуынша, ауылдың астындағы артезиан суы ауыр металмен ластанған. Сол үшін тұрғындар таңсәріден тұрып, екі шақырым жердегі Защита деп аталатын ауылға ағылады. Көрші ауылдағы кермек суға жетпегендер өзеннің суын тұтынуға мәжбүр.

ТҮЙІН.

Міне, осылайша оқымыстылар ауызсу тапшылығы болуы мүмкін деп дабыл қағып жатқанда, біздің ел бар судың өзін ұқсата алмай отыр. Бірі таза суды жанармайдан қалған ескі құбыр арқылы тасып, ластап жатса, енді бірі жер асты суын қолдан жарамсыз етіп тастаған. Тағы бірі таза суға нәжіс араластырып, ішіп отыр. Қалай айтқанда да, судың да сұрауы бар екенін ұмытпаған жөн.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter