Сүйінбай мен Жамбыл қолдан жасалған ақындар ма?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Сүйінбай мен Жамбыл қолдан жасалған ақындар ма?

  • Асқар ӘДІЛЖАН

Рухани өмірде түрлі тартыстар болып тұрады. Бұл жаңа дүниетаным орнығып, рухани құндылықтарға көзқарастардың өзгере бастағанынан өрістеген қалыпты жайт болса керек. Өткен дәуірлерде өмір сүрген жыршы-шайырлардың мұралары түгілі бүгінгі қаламгерлердің жазған-сызғандарының өзі тәуелсіздік кезеңінде қайта сүзгіден өтіп, сарапталып жатқан тұста «Жамбылды неге жағасынан аласың?», «Сүйінбайға сүйкенуге қандай хақың бар?» дегеніміз тіпті жараспайтын тірлік болып көрінетіні рас. Алайда, Сүйінбай мен Жамбыл жайы «қашанғы іштен тынып, жасыра беруге болады, әйтеуір біреу батылдық тауып айтуы керек қой» дейтін өте нәзік мәселенің қатарында келе жатқанын жасыра алмаймыз.

«Сүйінбай мен Жамбыл тап-таза саясаттың пәрменімен, қолдан жасалған ақындар» деген сөз бүгін ғана айтылып отырған жоқ, қоғамда бұрыннан бар әңгіме. Алатаудың бауырындағы Екей деген елден шыққан екі ақынның сынның ащы дәмін татқан шағы бір бұл емес. Екеуара адамның әңгімесінде осылай деп айыпталып қалатынын талай құлағымыз шалған. Егер жадымызда жаңсақтық болмаса, ілгеріректе ешкімнен тайсалмай өз ойын ашық айтуды адами болмысына айналдырған Мекемтас Мырзахметов ағамыз да, атағы да, дәрежесі де үлкен, аузы дуалы белгілі адамдар да Сүйінбайдың белгілі бір аймаққа ғана таныс ақын екенін, Жамбылдың қолдан жасалғанын айтқан болатын. Осыдан оншақты жыл бұрын Ербол Құрманбаев пен Сапабек Әсіп атты журналистердің де «шындық қымбат» деп қойып, Жамбыл өлеңдерін жоққа шығарып, «Свобода слово» газетінің бетін бірталай уақыт шуылдатқаны есте. Ол кездегі реакция да осы тектес болған-ды. Содан кейінгі жария айтылғанын естігеніміз – осы...

Айтыстың алтын діңгегі Сүйінбай мен қара өлеңнің қызыл желі Жамбылдың мұрасына қатысты сын пікірін жариялаған дінтанушы Досай Кенжетайұлы дәл осылай бораған сөздің өтінде қалам деп еш ойламаған болар, сірә. Ал, ойланып, саналы түрде жасаған қадамы болса, мұндай ұшқары ойдың дәл қазір аса опа бере қоймайтынын, жақсылыққа бастамайтынын тарпа бас салғандардың талаураған жүзі мен отты, оқты сөзі көрсетіп қойды. Байқап отырмыз, «Досай дұрыс айтады» дегендер бірен-саран ғана. Досай дұрыс айтады дейтіндей, ол кәсіби әдебиет сыншысы емес. Бар болғаны рух іздеп, пікір білдірді. Әйтсе де, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан бұл тақырыпты әрі қарай шоғын үрлеп қоздата беруді басқа емес, қазіргі қоғамның сиқы көтермейтін түрі бар. Қазақ қоғамында жабулы қазан күйінде беті ашылмай келе жатқан біршама шетін мәселе бар. Бұл да соның біреуі. Қақпақты ашса, бетті білем-білем етіп бу күйдіргелі тұр. Ақты қара дегенімізбен, күйіп те, өліп те кететін адамдар бар сияқты, бірақ Сүйінбай мен Жамбыл мәселесі неге әлсін-әлсін алдымыздан шыға береді? Бұған қалың, майлы нүктені қоюға не кедергі? Жамбылдың үлкен ақын екендігіне күмән келтірген мақала жарық көргенде, Қазақстан Жазушылар одағының поэзия кеңесінің мәжілісінде арнайы талқыға түсіп, онда Т.Молдағалиев, С.Иманасов, Р.Ниязбек, О.Асқар, К.Ахметова сынды белгілі ақындар бұл мақаланы бірауыздан қатаң айыптап, халқымыздың ұлы тұлғаларына негізсіз тиіскен жосықсыз әрекет деп бағалағаны есте.

Содан бері тыншып қалған. Су бетіне қайта қалқып шықты. Досай Кенжетайға қоңыраулатып, «не қажеті болғанын» сұрадық.
«Бұл мәселе Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығы тойланып жатқан тұста туындаған болатын. Өлеңдері түрік тіліне аударылыпты. Фейсбуктегі парақшама бір бейтаныс түрік ақыны хат жазған екен. «Қазақтың ақыны Сүйінбайдың 200 жылдығы түркі әлемінде аталып өтіп жатыр екен. Шығармаларын оқысам, ештеңе таба алмадым, әлде аудармашылардың назарына ілікпеді ме екен?» депті. «Ештеңе таба алмадым» дегенде, түріктер біз секілді емес, өлеңнен ғашықтық, ғашықтық болғанда да, Аллаға ғашықтық, рухани ғашықтық, Жаратушыға махаббат деген секілді нәрселерді көбірек іздейді. «Сүйінбай – өткен ғасырлардағы қазақтың атақты ақыны, сен іздеген өлеңдерін, мүмкін, аудармашылар тәржімаламаған болар» дедім де қойдым. Бірақ, өзім ойланып қалдым. Расымен де, рухани азаттыққа, моральдық еркіндікке, имандылыққа, Аллаға қатысты өлеңдері жоқ. Сондықтан болар, екеуінің де өлеңдерін кеңестік идеология кеңінен пайдаланды. Сол себепті кешегі кеңестік идеологияның екпінін тоқтатып, ұлт болуға үндейтін, ерлікке, еркіндікке шақыратын, қоғамда болып жатқан проблемаларға жауап бере алатындай тұлғалардың шығармалары керек бізге. Айталық, Сұлтанмахмұт Торайғыров. 27 жасында қайтыс болған. Бірақ, өлеңдері тұнып тұрған әлем, Алла, адам болмысының, оның еркіндігінің қазынасы. Соған қарамастан, Сүйінбай деңгейінде Сұлтанмахмұт шығармашылығын насихаттаған адам жоқ. Сүйінбайдың заманында оңтүстікте Майлықожа, Сұлтанқожа деген ақын-жыршылар өтті. Оны қазақ Дешті Қыпшағы емес, бүкіл Мауеренахр, Ферғана бойындағы өзбек, тәжік, қырғыз бәрі мойындады. Патшалы Ресейге қарсылық, түркі бірлігі, алаш идеясы, осының бәрі Майлықожада тұнып тұр. Ал, осыны неге насихаттамаймыз?»

Досай Кенжетайұлы діни-философиялық пайымдарымен таныла бастағаннан бері қазақтың бүтіндігі мен бірлігі, дәстүрлі діни танымы үшін «отқа» түсіп, жат ағымдар жайлап, діни алауыздық белең алған 2010 жылдардан бастап сауатты һәм батыл ойларымен табанды тойтарыс беріп келе жатқан бірден-бір кәсіби маман. Жершілдікті, рушылдықты көксейтін трайбалист ол емес. Керісінше, қолынан келгенше осы дертпен күресіп келе жатыр. Жалпы қауымның бәріне жаға қоймағынымен, оның айналасындағы жақын танитын ғалымдар бұл қасиетін бағалайтын болар. Сондықтан шығар, Д.Кенжетайға қарсы дүрсе қоя бергендер, негізінен, әлеуметтік желі бетіндегі эмоциясын тізгіндей алмайтын қарапайым жандар.

Досайдың өзі: «Пікір айтыла береді. Бірақ, «Ұлт» дейтін ұлы мәселе бар. Осы той үшін қазынадан қаншама қаржы, уақыт бөлінді. Студент жастарды қуалап әкеп, қамап қойып, лекция тыңдатқаннан насихаттың басқа жолын таңдағандары дұрыс болар ма еді?

Жеке парақшамда Сүйінбайдың өлеңдеріне қатысты сын айта қалып едім, қазір бәрі жаппай «Сүйінбайдың жырлары қандай екен?» деп оқуға тырысып жатыр. Бұл да бір қозғалыс болды. Бұл да қоғамды басқарудың, оны дұрыс бағыттаудың техникасы. Мен әдейі ойламасам да, осы әдіс жүзеге асып жатыр. Ақталу ойымда жоқ. Пікірімнен қайтпаймын да. «Сен – жақсы, мен – жақсы» деп, халықтың ақшасын аяусыз далаға шашқанша, Сүйінбай мен Жамбыл мұрасының бүгінгі қоғамға жауап бере алатынын ғалымдар дәлелдеп жазсын. Сонда ғана илана аламын»,-дейді. 

Бұл өзі аса нәзік мәселе. Дін мәселесінде азаматтық ұстанымын айқын танытып, қазақтың дәстүрлі дінін ғылыми негіздеп, насихаттап жүрген үлкен ғалым ретінде Д.Кенжетайды танып, бағалай бастадық. Жетпіс жеті түрлі діннің ағымы қазақ жеріне келіп сортталып, сормаңдай болып отырған тұста, жат пиғылдағылардың бетін ашуға білек сыбанып жүрген ғалымға қарсы көзқарастағылардың саны артпаса, кеміген жоқ. Қай жерден ілік табам деп, қалт жібермей қадағалап отыратын әсіредіншілдер дәл осы Сүйінбай мен Жамбыл жайын сойылдай мықты себеп етіп, талмау жерінен талдырып түсіретін шоқпар ғып пайдаланып, қызметіне көлеңкесін түсіреді деп қауіптенбей ме екен өзі?

«Мен бір Алладан басқа ешкімнен қорықпаймын. Мынау өмірде қызмет, мансап үшін жүрген жан емеспін. Өзімді елімнің егемендігі мен мәдениетінің өркендеуі үшін ғана жауаптымын деп есептеймін. Кез келген дебатта, кез келген аренада осы ойымды дәлелдей аламын. Қарсы көзқарас ұстанып жүргендердің қай-қайсысымен де бетпе бет келуден қорықпаймын. Келсін.

Әр заманның өзінің талаптары болады. Егемендікті алдық, тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді мемлекет құрушы, мәдениет іргетасын нығайтушылық платформасын күшейту керек. Соған жауап беретін құндылықтарды айқындауда «мәдениетімізде кімдер бар?» деген таңдау басталады. Бұл менің ойлап тапқан нәрсем емес, бұл – дамудың табиғи жолы. Сондықтан Жамбыл мен Сүйінбайды сынау бұл қазақты жамандау емес, керісінше, қазаққа уақыт талабына сай басқа да құндылығы бар, ойы бар тұлғаларды таңдап, іріктеп алуды, ұлттығы мен елдігіне деген кепілдік ретінде ұсынып отырмын».

- Ертең сізді Сүйінбайдың ұрпақтары жауапқа тартса, не істейсіз?
- Сүйінбайдың жеке басында, асында не шаруам бар? Мен оның шығармасы туралы ғана айтып отырмын. Ол туралы айту менің конституциялық құқымның ішінде. Біріншіден, ол кісі табу емес, екіншіден, пайғамбар емес. Белгілі бір шығармашылық нысанын сынау менімен басталмайды да, менімен аяқталмайды. Бұл жалғаса береді. Қазақтың әрбір тұлғасын елдік деңгейде, мәдениет деңгейінде, ұлттық тұрғыда емес, белгілі бір отбасылық, рулық деңгейде өлшейтін болсақ, онда біздің ұлттығымызда жарақат бар деген сөз. Ұлтқа бағытталатын саяси жүйенің қатынастарын өлшеу керек. Н.Назарбаевтың өзі де «құр босқа ақша шашпаңдар, той тойлауды тоқтатыңдар» деп қанша рет айтты. Ешкім тыңдап жатқан жоқ.

- Мәселе Президентіміздің аталары екенінде болып тұрған жоқ па?

- Жоқ, мәселе Президентте емес. Ол – бір аймақтың, бір ұлттың ғана басшысы емес, халықаралық деңгейде салмағы бар, әлем картасынан ойып тұрып 9-орын алатын алып мемлекеттің Президенті. Бұл оның төңірегінде жүрген жағымпаз-жандайшаптарға ғана керек тірлік болуы мүмкін,– дейді Досай Кенжетай.

Дінтанушы ғалым ақындарға себепсізден себепсіз кінә артып, жазықсыз жазғырып отыр ма, әлде «Әдебиет – ардың ісі» дегізетіндей, дәйекті дәлелді көзіқарақты біреу айта ала ма? Жамбыл мен Сүйінбайдың шығармашылығынан пәленбай кандидаттық, докторлық дүние жазып тастап, нан жеп, ғалым атанып жүрген дөкейлер мына дүрмекте қалай үнсіз отыр? Ұмыттырып барып ұрысқа жол ашатын осы мәселеге байланысты бір ақиқаттың айтылатын уақыты әлдеқашан жетті. Әйтпесе Қадыр ақын айтқандай, «Арқа сүйер ақиқатың болмаса, айтысып керегі не?».

 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Бердалы ОСПАН
+2 Бердалы ОСПАН 20.11.2015 15:24
Мекемтас Мырзахметов, Ербол Құрманбаев, т.б. айтты екен деп Сүйінбай мен Жамбылды қолдан жасалған ақын деу қиянат. Ғали Орманның күнделігінде Жамбылдың оңтүстікке Майлықожа ертіп барғаны туралы айтқаны бар. Демек Майлы ақын ертіп жүрсе, Жамбылды жақсы ақын деп қабылдағаны. Жас Жамбыл Түркістанға барғанда Құлыншақ ақынның алдында сынақтан да өткен. Кейін Майлықожа мен Құлыншақ ақындарды пірім деп айтуы да сондықтан. Батырлар жырын бірнеше күн айта алатын қабылеті бір бөлек. КСРО өкіметі түрлі ұлттардың өнерін көрсетеміз деген саясаты болғаны рас. Сол кезде Нұрпейіс Байғанин, Мұрын жырау, Жамбыл т.б ақындарды Алматыға шақырып өнершілер жиылысын өткізген. Ақындардың аузынан көптеген жырлар жазып алынған. Ал, Достай Кенжетайдың халық ақшасы шашылмасын деуі аты аталған ақындардың дарынына күмәнмен қарау деп қабылданбауы тиіс. Сынаймын деген кім де болса біліп, ақындардың жырларынан мысал келтіріп сынаса жөн.
Жауап беру
Сәрсенбай
0 Сәрсенбай 04.12.2015 11:56
Бердалы ағамыз өте дұрыс айтты. Жыр алыптарын аласартуға болмайды. Сүйінбай мен Жамбылдай ақындар жоқ қазір.
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter