Сүйінбай мен Жамбыл қолдан жасалған ақындар ма?
Рухани өмірде түрлі тартыстар болып тұрады. Бұл жаңа дүниетаным орнығып, рухани құндылықтарға көзқарастардың өзгере бастағанынан өрістеген қалыпты жайт болса керек. Өткен дәуірлерде өмір сүрген жыршы-шайырлардың мұралары түгілі бүгінгі қаламгерлердің жазған-сызғандарының өзі тәуелсіздік кезеңінде қайта сүзгіден өтіп, сарапталып жатқан тұста «Жамбылды неге жағасынан аласың?», «Сүйінбайға сүйкенуге қандай хақың бар?» дегеніміз тіпті жараспайтын тірлік болып көрінетіні рас. Алайда, Сүйінбай мен Жамбыл жайы «қашанғы іштен тынып, жасыра беруге болады, әйтеуір біреу батылдық тауып айтуы керек қой» дейтін өте нәзік мәселенің қатарында келе жатқанын жасыра алмаймыз.