«Мүсін омырауына жармасып, селфилететін болады»
- Жансая АКБАЛИНА
Танымал ақын Ұларбек Дәлейұлы Астанада орнатылған «Ғашықтар» мүсіні ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізетініне күмен келтірмейді. Бұл туралы ойын әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында жазды.
«Әлемдік мәдениет – ер мен әйелдің жыныс мүшесі мен емшегі ме? Ол қымталып жүруге тиісті «құндылық» емес пе еді? Ар мен ұят, әдеп пен ибаның бір көрінісі солардың бүркеліп жүруіне байланысты емес пе? Көшпенді Қазақ даласында бұрын-соңды болмаған сұмдық - ГЕЙ деген атау мен «жыныстастар махаббаты» деген азғындық осы «Әлемдік өркениеттің» етегіне жасырынып келген жоқ па? Ұлт санасын біртіндеп кеміретін қарабас құрттар киелі жерімізді кеулеп барады. Біздің шаңырағымызда мәпеленіп өсіп келе жатқан миллиондаған ұл-қызымыз бұл жексұрындықты көрмесін, Аллам! Қой, тірі тұрсам бұл азғындықты мен де көрмей кетейін!!! Өз сөзім өзімдікі!» деп ой бөлісті Ұ.Дәлейұлы.
Бас қалада орнатылған бұл мүсін әлі күнге дейін әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. «Қабанбай ескерткішіне мініп алып жүрген қазіргі жастар ертең осы ескерткіштегі әйелдің «омырауына» жармасып, селфилететін болады. Мұндай өнер туындысын «қолжетімді» жерге қою тіпті де қажет емес. Музейде тұрса, әңгіме басқа – ондай жерге өнерді түсінетін адам ғана барады» деп пікір қалдырды желі қолданушыларының бірі. Естеріңізге сала кетейік, жуырда ғана Астанада орнатылған «Ғашықтар» мүсінінде жартылай жалаңаштанған әйелдің тәні ел ішінде қызу талқыланған болатын. Көбі бұл көріністі «масқара» деп танып, алып тасталуын талап еткенімен, билік нәтиже шығармады. Оны «өркениет», «дамыған елміз» деп қорғаштағандар да табылған еді. Алайда мұны көрген астаналық мүсінге орамал жауып қойды. Тұрғын бұл мүсін үшін қатты намыстанатынын жасырмады. Тіпті ол «жауаптылар жалаңаш қызды ретке келтірмейінше, осы әрекетімді доғармаймын» деп мәлімдеген. Отандық тілшілерге берген сұхбатында астаналық азамат: «Бұл махаббат мүсіні. Біздің ұлтта махаббаттың символы – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу. Сонда біздің қыздарымыз бұрын осылай тәнін жалаңаштап жүргені ме? Астанаға келген шетелдіктер солай қабылдайды ғой, сосын қыздарымызды кім сыйлайтын болады?!» деп ойын жеткізді.
- Ұларбек Дәлейұлы
- «Ғашықтар»
- селфи