«Әкіреңдеген әкім...»
- Жансая АКБАЛИНА
Ақын Советқазы Нұрсила бүгінгі кей әкімдердің халықты басынып, білгенін жасап жүргені туралы ойымен бөлісті. Ол өз парақшасында «Әкіреңдеген әкім немесе әкім – әкең емес» деген тақырыппен көптің көкейін мазалап жүрген мәселені көтерді.
«Әкім деген сөз ХАКИМ деген сөзден шыққан ба деген ой келеді.... Ақылды, әділ басшы деген. Бірақ, халыққа жалданып жалақы алып отырған пенде кейде ӘКІРЕҢДЕП қояды.
Аудандық мәслихатқа депутаттыққа түсейін деген азаматқа банкте қарызың бар, т.с.с сылтаулар тауып, тіркетпей қойғанын түсіну қиын-ақ. Әкемізден естімеген сөзді әкімнен естіп, қиын болды, – дейді кандидат жігіт....
Ел алдында жылына бір рет есеп «ответ» бермек түгілі, әкіреңдегені...» деп жазды әкімнің әрекетіне ашуы келген ақын. Мұнан соң «Сайлау келе жатыр екен... Әкімдерді сайлайтын күн қашан туар екен? Тағайындалған әкімдер туған – туыстарының бәрін шұбыртып әкеп, бизнеспен айналысады. Әкімнің қатыны ғана бизнесвумэн болсын деген түсініксіз....Сізге ше, достым?!!!» деп виртуалды достарының пікірін білмек ниетпен ойын түйіндеді автор.
Айта кетерлігі, басшының бұл әрекетіне таң қалысқан халық болмады. Көбінің еті үйреніп қалған секілді. «Қазіргілер нанын тауып жеу үшін алдына үлкен мақсат қойып келетін сияқты» деп әкімдерді халық сайлау керектігі туралы ұсынысын айтқан. Бұны өзгелер де қолдай кетті. Жазбаны оқыған тағы бір қолданушы елдегі саяси науқанның өту барысына қатысты теріс пікірін жасырып қалмады. «Әкімдік әкесінен қалғандай. Депутаттыққа түскеннен президенттікке түскен оңай-ау деймін» десе, тағы бір желі қолданушысы: «Жоқ, біздің оралдық әкімдер сыпайы. Тек міз бақпай өтірік айтатыны болмаса» деп әзіл-шыны араластырып ойын жеткізген.
- әкім
- Советқазы Нұрсила
- ақын