Той той болмады
Бұл Таразда не көп, жауыннан кейін қаптаған саңырауқұлақтай базар мен тойхана көп. Көне шаһар тұрғындары базаршыл да, тойшыл да. Әсіресе, жарнамасы күндіз-түні менмұндалап тұрған мейрамханалар мен тойханалардың есігі аптасына бір-ақ рет жабылатын шығар, сірә. Бәсекелестік дегеніңіз тағы бар.
8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, яғни 6 наурыз жексенбі күні баласының қызығын облыс орталығындағы «крутой» «Гранд Рояль» мейрамханасында атап өтуге бел буған ағайынның тойына келген көпшілік «Әй, той той болмады...» деп ренжіп қайтты. Тура сол күні «102» нөміріне қоңырау шалған белгісіз біреу «мейрамханаға жарылғаш зат қойылған» деп думаншыл халықты әбігерге түсірді. Жедел жеткен «Арлан» арнайы жасағының сарбаздары, Төтенше жағдай қызметі, Экстремизмге қарсы күрес департаментінің мамандары тойға келген 500 адамды сыртқа шығарып, 40 минут бойы мейрамхананы тінтіп шықты. Тінтуін тінтіді-ау. Алайда ешкім ештеме таппады. Ақпар жалған болып шықты. Тойға келген ағайынның көңілі су сепкендей басылып, біразы «ертең ертемен шаруамыз бар еді...» деп, мейрамханаға қайта кіруге жүрексінді. Той иесі мейрамхана қожайынына «енді жарты ақшаңды төлемеймін...» деді. Ал құзырлы сала қызметкерлері жалған ақпарат берген азамат құрықталған күні ҚР ҚҚ-нің 273 бабымен жауапқа тартылатынын айтып, 40 минутта қанша шығын келгенін есептеп жатты. Мейрамхана қожайыны «Әй, осы бәсекелестіктің бәсі болар...» деп, алақан жайып қалды...
Арсен Байзақ
Тараз қаласы
- Тараз
- той
- «Гранд Рояль» мейрамханасы