«Магнит бала» машинаны тоқтатады
- Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
Бұған дейін ғаламторда талайларды таңқалдырған Тараздағы «магнит баланың» күннен күнге жаңа қырлары ашылып келеді. 6 жастағы Нұрдәулет Арыстанбектің денесінде металл заттарды ұстап тұра алатын қабілеті ойламаған жерден оянған. Ең бірінші қасықты денесіне жабыстыра алған бала, кейін планшетке дейін ұстап тұра беретін қабілетті арттырған. Енді Нұрдәулет кәдімгі көлікті тоқтата алатын күшке ие болып отыр.
Мұндай тылсым күштің бала бойынан оянуын дәрігерлер денсаулығына еш қаупі жоқтығын айтып отыр. Дегенмен, Нұрдәулеттің анасы Аида Оңталапқызы баласының соңғы кездері жиі сырқаттанып жүргеніне алаңдаушылық танытуда.
– Соңғы кездері баламның дене қызуы жиі көтерілетін болды. Денесі күйіп қалғандай, қызарып кетеді. Ал дәрі берсем, ағзасы мүлде қабылдамайды. Құсады. Қорыққанымнан баламды дәрігерге апардым. Алайда олар ешқандай сырқаты жоғын айтады. Қазір тіпті не істерімді білмей отырмын. Бір таңқаларлығы баламның дене қызуы көтерілгенде өзімнің аяқ-қолымды ұстатсам, қызуы басылып, ұйқыға кетеді. Бірақ, баламның қолы тиген жерлер күйіп қалғандай, түсін өзгертеді. Ұлымның бойындағы бұл қасиет кіші қызыма да әсер етпей қоймады. Енді ғана тәй-тәй басып жүрген қызымның денесін Нұрдәулетім бір-екі мәрте ұстап еді, қазір оның өздігінен дәретке баратын, тіпті ымдап тамақ сұрайтын түйсігі оянды. Бұған бәріміз таңқалып отырмыз. Қалай дегенде де, баламның денсаулығы алаңдатып отыр, - дейді ана.
Нұрдәулеттің дене қызуы көтерілген сайын, оның магниттік күші артатын көрінеді. Қазір бала бір уыс үй кілттеріне дейін денесіне жабыстыра алатын қабілетке ие болыпты. Сондай-ақ, көлікке отырса, техника құрылғылары істен шығып, көлік жүрмей қалатын көрінеді. Ал Нұрдәулет оқып жүрген №29 мектептің ұстаздарының айтуынша, оның мектеп бағдарламасын қабылдауы тым зерек. Тіпті, ол бір аптаның сабағын алға оқып, көбейту кестесін де жаттап алыпты. Мұндай қасиетке қазір мектеп мұғалімдерінің өзі таңқалып отыр. Сондықтан, Нұрдәулетке мектепке дейінгі даярлық сабақтары мүлде қызық емес екен. Расында, Нұрдәулеттің бойында бір күштің бар екені ақиқат. Ең бастысы бұл қасиет оның денсаулығына кері әсерін бермесе екен дейміз. Сондықтан мұны медициналық емес, ғылыми тұрғыда зерттеу қажет сияқты. Осыған ғылыми орталықтар, қала берді ғылыми институттар көңіл бөлгені дұрыс-ау.
- магнит бала
- Тараз
- Нұрдәулет Арыстанбек