30 кәсіпкердің құқығы қорғалды
- Жанат ҚАПАЛБАЕВА
Алматы облысында сәуір айында бизнесті қорғау желісі бойынша кәсіпкерлерден келіп түскен 30 арыз-шағым оң шешімін тапты. Бұл туралы кәсіпкерлердің құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету жөніндегі бөлімінің сарапшысы Думан Керімбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, сәуір айының өзінде құқық қорғау мәселесі бойынша 53 шағым тіркелген.
«Мәселен, Текелі қаласындағы кәсіпкерлер палатасының филиалына Галина Арынғазинова өз иелігіндегі жер теліміне жылыжай салуды және оны кеңейткісі келетінін айтып көмек сұрады. Біздің мамандар оған кеңес беріп, жер қатынасы бөліміне хат жолдады. Біздің сарапшылардың әрекетінен кейін кәсіпкер әйел жер телімін қайта рәсімдеп алды және жылыжай салу үшін берілетін рұқсат құжаттарына қолы жетті», - дейді Д.Керімбаев.
Қаланың тағы бір кәсіпкері өз мәселесін оңтайлы шешіп отыр. Өңірлік филиал Таңатар Еркінбектің өнімді өткізу мәселесіне көмек көрсетті. Кәсіпкер бірнеше жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ал, малдан алынатын дайын өнімді өткізу ол үшін мәселенің үлкені. Палатаға көмек сұрап келгеннен кейін, кәсіпкердің дайын өнімдерін қалалық «Руал» нарығына өткізуге көмек көрсетілді.
- кәсіпкер
- Алматы
- құқығы